Тайландта велоспорттан Азия біріншілігі өтуде. Оған ел құрамасы сапында өңіріміздің велошабандоздары қатысып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде жерлестеріміз үш алтын жүлдені қоржынға салды.
Жарыста ересектер мен жасөспірімдер жеке сынға түсті.
Ересек спортшылардан құралған ұлттық құрама эстафета сынында топ жарып, 60 шақырымдық қашықтықта ерлер мен қыздардың аралас командасы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Отандық велошабандоздар жарысты 1 сағат 13 минуттың ішінде бағындырды. Жеңімпаздар сапында ел намысын солтүстікқазақстандық Махаббат Үмітжанова да қорғады.
Ал жасөспірімдер арасында өткен эстафетада жерлестеріміз Михаил Подлужный мен Мансұр Бейсембай алтын медальға қол жеткізді. Сондай-ақ Михаил жеке сында да алдына жан салмай, Азия чемпионы атанды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.