С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, атақты ақын, әнші, ұстаз Игібай Әлібаевтың туғанына 120 жыл толуына арналған “Айтыстың ақтаңгері” атты әдеби-сазды кеш өтті. Шараға ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, студенттер, “Қаламгер” клубының мүшелері, кітапхана оқырмандары қатысты.
Алғашқы болып сөз сөйлеген ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев Игібай Әлібаевтың өмір жолына, әншілік өнеріне жан-жақты тоқтала келе, оның айтыскер ақын, актер болғанын және өмірінің қырық жылға жуық уақытын шәкірт тәрбиесіне арнап, ұстаздық еткенін тілге тиек етті.
Облысымыздың құрметті азаматы, белгілі күйші Серікбай Құсайынов Игібай Әлібаевтың алдымен айтыс ақыны ретінде танылғанын, 1936 жылы Алматыдағы қазақтың академиялық драма театрында жұмыс істегенін, Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы ауыр жараланып елге оралғаннан, кейін Петропавл қаласындағы Ақан сері атындағы облыстық филармонияда көркемдік жетекші қызметін атқарғанын айта келе, естелігімен бөлісті.
Шара барысында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин, Игібай Әлібаевтың шәкірті, облысымыздың құрметті азаматы Тілек Әбдірахманов, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Қайрат Дүйсенбі де сөз алды. Игібай Әлібаевтың есімін мәңгі есте қалдыру жөнінде көптеген ұсыныстар айтылды.
Самрат Құскенов белгілі журналист Тоқтар Зікіриннің И.Әлібаевқа арнаған өлеңін оқып берді. Кітапхана оқырманы Мөлдір Қыстаубаева Игібай Әлібаевтың “Біржан сал ауылында”, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті Қызғалдақ Бердімұрат “Достарым бар” атты туындысын жатқа оқып, жиналған қауымның қошеметіне бөленді.
Дәстүрлі әнші Біржан Есжан орындаған Үкілі Ыбырайдың “Шалқыма”, “Қызыл асық”, Ақан серінің “Ақтоқты” әндері тыңдармандардың жүрегіне жол тартты.
Жиын соңында қатысушылар И.Әлібаевтың шығармашылығына арналған “Ақиық ақын” атты кітап көрмесін тамашалады.
Майра ӘШІМОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің басшысы.