«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЗҒЫ АКАДЕМИЯ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдық жас жеткін­шектердің жазғы демалысын қызықты да пайдалы ету үшін облыс орталығындағы Оқушылар сарайында “Жазғы академия” өз жұмысын бас­тады. Екінші жыл қатарынан ұйымдасты­рылып жатқан лагерьде 7-14 жас аралығындағы жеткіншектерге ІТ-саланың жаңашылдықтары, ғы­лыми зертханалар, бизнес-мектеп, көркем-эстетикалық бағыттар бо­йынша дәрістер оқылып, тәжірибе жүргізу үйретіледі. Жаз бойы мыңға жуық баланы қамту жоспарланған.

Өткен жылы барлық бағыттар бір уақытта қамтылған болатын. Биыл ол форматты өзгерттік. Жос­парланған бес маусымның әрқайсысы белгілі бір бағыт бойынша ұйым­дастырылады. Бала өзіне ұнайтын саланы таңдап, қызықтырған тақырып бойынша дамып, білімін то­лықтырады.

Академия екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы сағат 9-дан түске дейін, одан кейінгі ауысым түстен кейін басталады. Балаларды тамақтандыру мәселесі шешілген.

Бірінші маусымға 11 топ жасақ­талды. Әр топта 12-15-тен бала бар. Өнер академиясының “Арт әлемі” 12-26 маусым аралығында өтеді. Мұнда сурет өнеріне қызы­ғушылығы бар балалар жиналады. Одан әрі ІТ технологиялар акаде­миясының “Пиксель”, ғылым акаде­миясының “Бионик”, MIX акаде­миясының “Happy holidays”, шығармашылық академиясының “Дарын life” бағыттары бойынша жеткін­шектердің басы қосылады. Әр ба­ғыттың өз жетекшілері бар.

Он күн бойына балғындар демалып, түрлі ғылыми бағыт­тағы сабақтарға, спорттық ойындар мен эстафеталарға қатысады. Ата-аналар тарапынан сұраныстың ар­туынан жазғы академияны жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланған.

Людмила ЗАЙНУТДИНОВА,

“Digital urpaq” Oқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp