Оқушылар жазғы демалысқа шықты. Тоғыз ай бойы білім нәрімен сусындаған жеткіншектер асыға күткен демалыстарын қызықты өткізгілері келері сөзсіз. Ауыл баласының қалаға, қала баласының ауылға қарай асығатын кезі де осы жаз айлары. Солтүстікқазақстандық оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылып жатқаны туралы облыстық білім басқармасының мамандарынан сұрап білдік.
Жеткіншектердің басым бөлігі үйден жырақта демалғанды ұнатады. Оған қолайлы орта – балалардың демалыс лагерьлері. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, мәдени-танымдық шаралар өткізетін лагерьлерді ата-аналар да қолдайды.
Басқарманың жоспары бойынша биыл 1-10 сынып аралығындағы 67 мың оқушы жазғы демалыс лагеріне барады. Маусымның 5-нен бастап мектеп жанындағы, бейіндік, спорттық, сауықтыру лагерьлері өз жұмыстарына кірісті. Жамбыл мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда этнолагерлер есіктерін айқара ашты.
Жазғы демалысты ұйымдастыру – білім беру ұйымдарына жүктелетін міндеттердің бірі. Бұл жұмыс жыл өткен сайын ширайла түсуде. Оның бір дәлелі – лагерьлерде демалғысы келетін балалар санының артуы. Мемлекеттің де көздегені осы – кішкентайлардың балалық бал дәуренін шаттыққа бөлеу. Осы мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді.
Облыстық білім басқармасы берген деректерге сүйенсек, әрбір мектептің жанында демалыс орталығы жұмыс істейді. Ол жерде оқушылар өздерінің қатарластарымен бірге танымдық-тағылымдық шараларға қатысып, ойынға құмарларын басып, кешкісін үйлеріне қайтады.
Сондай-ақ облыс аумағында оқушылардың 14 жазғы демалыс лагері бар, биыл соның 11-і іске қосылған. Осы демалыс орындарын жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен 94 млн. теңге қаржы бөлінген. Барлық лагерь 6-шы маусымнан бастап демалушыларын қабылдай бастады.
Оқушылар уақыттарын қызықты әрі тиімді өткізуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Әрбір лагерьде спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Онда жеткіншектер баскетбол, волейбол, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат және асық ату, арқан тартыс, сиқырлы таяқ, алтыбақан секілді ойындарды ойнап, құмарларын басады. Концерттік шаралар, қолөнермен айналысу сағаттары, кітап оқу, спорттық-сауықтыру ойындары демалушылар үшін қызықты болары сөзсіз.
Лагерьде тәрбиешілер, жаттықтырушылар, аспаздар, медбикелер қызмет атқарады. Ас мәзірі де жас ағзаға пайдалы етіп дайындалады. Бір оқушыны 10-14 күндік демалысқа жіберу үшін 35-65 мың теңге аралығында қаржы жұмсалады. Оқушыларға жолдама алып берудің жолдары да әртүрлі. Ата-аналардың өздері немесе кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы жолдаманы сатып алуға болады. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайына қарай мемлекет есебінен жіберілетін балалар да бар.
Солтүстік Қазақстан облысында биыл 20175 бала жазғы сауықтыру лагеріне тегін барады. Осы мақсатқа бюджеттен 92,5 млн. теңге бөлінген. Білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, бюджет есебінен сауықтыру лагеріне де әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан – 10816 бала, ерекше білім беру қажеттіліктері бар – 771 бала, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен – 7074 оқушы, девиантты мінез-құлқы бар 1514 бала демалады. Бұдан басқа республикалық бюджеттен балалардың демалысын ұйымдастыруға 352 квота бөлінді. Соның ішінде бір күні 12 мың теңге тұратын “Балдәуренге” 282 жасөспірім, күні 13600 теңге “Бөбекке” 70 бала барады. Бұдан басқа Петропавлдағы “Солнечный” сауықтыру орталығында 750 бала денсаулығын түземек. Мұнда бір тәулігі – 5500 теңге тұрады.
Өздері жолдама сатып алғысы келетіндерді құлаққағыс етсек, өңіріміздегі мемлекеттік лагерьлерде 35000 теңгеге, “Серебрянный бор” немесе “Эдельвейс Бурабай” лагеріне 65000 теңгеге, қалалық лагерьлерде 55000 теңгеге демалуға болады.
“Этноауыл” жобасы бойынша демалыс – тегін. Лагерьдің бірегей форматы балалардың қазақ халқының мәдениетімен танысуға мүмкіндік жасайды. Маусымның 5-сі күні екі этноауыл есігін айқара ашты. Жамбыл ауданындағы “Атамекен”, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы “Туған өлке” этноауылдарына жеткіншектер келіп, күн ұзаққа демалуда. Осындай демалыс орталықтары Уалиханов, Шал ақын, Тимирязев аудандарында да ашылады. Этноауылдарда жаз бойына 10 мыңнан аса оқушының демалысы жоспарланып отыр. Балаларды апарып-алып кету аудандық білім бөлімдері мен мектептерге жүктеледі. Этноауылдар жазғы лагерьлердің аумағында орналасқан.
– Әдеттегі лагерь корпустарының орнына ұлттық нақышта безендірілген киіз үйлер орналастырылады. Ұлттық ойындар мен спорт түрлері ойнатылады. Әжелердің көмегімен қыздар бауырсақ пісіреді, ұлдар самаурын қоюды үйренеді. Демалушыларға ұлттық дәстүрлер түсіндіріліп, рәсімдер көрсетіледі. Балалар атқа мініп серуендейді, ұлттық ойындар мен түрлі конкурстарға қатысады. Киіз үйлерде дәмді дастарқан жайылады, – дейді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.