«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКҚОРДЫҢ БЕЙІМДЕЛУІ ТЕЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Оңтүстіктен – Солтүстікке!” бағдарламасының жүзеге асуына теріскейдегі демографиялық ахуал себеп болды. Осыған орай тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған өңірлерге күнгей жақтардан отбасыларды көшірудің алғашқы қадамдары жасала бастады. Бұл мәселе тезірек реттелмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі тұрғындардың саны 1 млн.-ға дейін кеміп, керісінше, оңтүстік халқы 5,2 млн.-ға артады деген болжамдар айтылды. Сондықтан ішкі көші-қон проблемасын шешуге айрықша мән беріліп отыр. Осы жылдар аралығында 30 мыңнан астам адам Қызылжарға ат басын тіреген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты жайтқа арнайы тоқталып, ынталандыру үшін берілетін жәрдемақыны екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейтуге тапсырма берген болатын. Осылайша 2022 жылдан бастап қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне тиесілі қаржының көлемі ұлғайтылды. Бұдан бөлек, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын өтеу үшін бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Бүгінде облысқа келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылған деуге болады.

Жасыратыны жоқ, Қызылжар өңірінде жұмыс күшінің тапшылығы айқын сезіледі. Ал күнгей жақтарда екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетіп артылады. Президент Жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеу, жұмыс күші жетіспеушілігі орын алған өңірлерде көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды Үкіметке жүктеген болатын. Мемлекет жүргізіп отырған ұтымды шаралардың нәтижесінде былтыр 1437 адам (412 отбасы ) орнықты. 744 адам еңбекке қабілетті болса, соның 319-ы тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021-2022 жылдары бұл мақсатқа 12,2 млрд. теңге бағытталды. Президент көш мәселесіне айрықша назар аударып отырғандықтан, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да үлкен қолдау болары сөзсіз. Оның ішінде әлеуметтік жағдай жасау, жер телімдерін бөлу арқылы жеке кәсіпкерлікке, бизнеске қарай икемдеу басты талап саналады.

Мен іргесін қалаған “TÄUEKEL” қоғамдық бірлестігі көші-қонмен айналысады. Біріншіден, теріскей аймақтарға өз қатарынан бұрын көшіп келген, енді қоныстанып жатқан болмаса қоныс аударуға ниеттенген адамдарды бір арнаға тоғыстырып, бір-біріне өзара көмек көрсетуіне, топтасып қоныстануына мүмкіндік тудырмақпыз.

Екіншіден, ұйымның өзіндік жеке қоры болады. Себебі олардың арасында көшіп келгенмен, жағ­дайы келмей, баспанаға қол жеткізе алмайтындар болуы мүмкін. Сон­дықтан қор арқылы көмектесу те­тіктері қарастырылған. Көші-қон мә­селесімен айналысқалы маған ха­барласушылар қатары аз емес. Қа­зір үгіт-насихат, әртүрлі ақыл-кеңес беру жұмыстарын республикалық деңгейде жүргізіп, біраз тәжірибе жи­нақтап қалдық. Бұдан бөлек, күрделі проблемаларды, арыз-шағымдарды жинақтап, шешуге де атсалы­самыз. Сайтта көшіп келушілердің от­басы, мүшелері, мамандықтары туралы ақпарат орналастырылған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және “Отандастар” қорымен бірлесе отырып, шетелден қоныс аударған қандастарға да көмек қолын соза­мыз. Алдағы уақытта адаптациялық орталық құрсақ па деген ойымыз бар. Инвесторлар тарту, кәсіпкер­лерді көшіп келген ағайындарға жағ­дай жасауға шақыру ісі де ұйымды бей­жай қалдырмайды. Қызылжардың қысы қатал демесең, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Айнала жасыл желек. Мал, астық өсіруге өте ың­ғайлы қоныс. Инфрақұрылымы сақ­тал­ған ауылдарға барып, жер алса, мал шаруашылығымен айна­лысса, әлдеқайда ұтымды. Мұның өзі – ұлтқа қызмет ету. Өйткені қазақ ауылдары ыдырамай, іргесі бүтін болса, тіліміз де, салт-дәстүріміз де, рухани құндылықтарымыз да нығая түсері анық. 2025 жылға таман сол­түстіктің қамын жеймін, несібем со­ның ішінде деген 10 мыңға жуық от­басын көшіру жоспары орындал­са, көптеген түйінді проблемалар тар­қатылар еді. Мәселен, Шал ақын ауданы тұрғындарының саны 23 мың­ға жуық, оның үштен бірі Сер­геевка қаласында тұрады. Өкініштісі, халық саны жылдан-жылға азайып ба­рады. Біз “Теріскейде барлық жағ­дайды жасап береміз” деген жалған жарнамадан, қызықтырудан аулақ­пыз. Және де кілең әлеуметтік тұр­мысы төмен отбасыларды көшіре­міз деген ұстаным да жоқ. Ең басты­сы, сұранысқа ие сапалы кадрлар­мен қамтамасыз етуге қол ұшын беру. Ауруханалар мен медицина­лық пункттерде дәрігерлер, мектеп­терде пән мұғалімдері жетіспейді. Басты мақсат – дипломды жастар­ды тарту. Көктемгі, күзгі науқандар кезінде тракторшы, комбайншы, ме­ханик, малшы табылмай жатады. Дипломы жоқ адамдарға күн көру, сіңісіп кету қиын.

­Жуырда Түркістан облысында болып, бір аптадай түсіндіру жұмыс­тарымен айналыстым. “Қуатты өңір­лер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында 50-ге жуық отбасының өкілдері Қызылжардың тыныс-тіршілігімен танысуға келіп, жиырмаға жуығының осында қалуға шешім қабылдауы қуантады. Қалғандары аудандарды таңдап, кезең-кезеңімен қоныс аудармақ. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес. Күнгей­дің еңбекқор халқының солтүстікке бейімделуі тез. Былтырлары оң­түстіктен көшіп барған оншақты от­басының арқасында жабылғалы тұрған білім ошағының жұмысы қай­та жанданып, ауылдың ажары арт­ты. Қазақ елінің әрбір жері қастерлі. Қолынан іс келетін, мал бағуға, егіс­тікпен айналысуға ебі бар күнгей­ліктерге есігіміз ашық. Түркістан об­лыстық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағдарлама­лар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов 2015-2022 жылдар аралығында солтүстік өңірге 11892, осы жылдың 5 айында 691 адамның көшіп барға­нын айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылға республика бойынша 6727 квота бөлген. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленген. Солардың бірі – біздің облыс.

Бізбен бірге ере келген сауран­дық Әділхан Жұмадулла Шал ақын ауданының Еңбек ауылына көшіп баруға түпкілікті шешім қабылда­ғанын айтты. Ауылдың әлеуметтік жағдайы көңілінен шыққан.

– Солтүстіктегі ағайын ыстық ықы­ласпен қарсы алып, қолдауын көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта онда ірі қара бағып, саланы дамытуға күш салмақпын. Ауданда 17 көл бар екен. Болашақта көлдің емдік балшығының негізінде санато­рий ашуға ниеттімін. Осы сапар нә­тижесінде өзім 15 шақты отбасыға құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, солтүстікке алып бара жатырмын, – деді Әділхан Жұмадулла.

Келес ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алдияров мал шаруашы­лығына лайықты елді мекенді таңдаған, көшіп келуге тас-түйін дайын.

Бурахан ДАҚАНОВ,

“TÄUEKEL” қоғамдық ұйымының төрағасы.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp