«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тапсырыс бар, табыс мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту – басым бағыттардың бірі. Алайда көп жылдан бері экономиканың нақ осы саласында қарқыннан гөрі іркіліс басым. Әр өңірде табысы мол саланы игеруге талпынып жатқан кәсіпорындар бұл саланың болашағынан үміт күттіреді. Мысалы, облыс орталығындағы “SensFashion”, “Прогресс тігін фабрикасы”, “Matex”, “Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы” сияқты тігін кәсіпорындарын көпшілік таниды. Бұл өндіріс орындары шұлықтан бастап, әскери киім-кешектерге дейін тігеді. Әр кәсіпорынның өз бағыты бар. Солардың қатарындағы “Прогресс тігін фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі оқушылардың, әскерилердің киімдерін тапсырыспен тігеді. Тапсырыс көлемі де ауқымды.

“Прогресс” тігін фабрикасы осыдан он жыл бұрын құрылған. Бизнесті бас киім тігуден бастаған фабрика бүгінде өнім түрлерінің тізбегін кеңейткен. Жеңіл өнеркәсіп әйелдер арасындағы жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тиімді жолы екендігі сөзсіз. “Прогрессте” жетпіске жуық нәзік жан жұмыс істеп жатыр. Өндірісті одан әрі кеңейтуді көздейтін компанияның кадр мәселесін шешуде өз ұстанымдары бар. Мәселен, өндіріс басына кез келген адам келіп, тігіншіліктің қыр-сырына үйрене алады. Кейін кәсіп ұнап жатса, жұмысқа орналасу мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар студенттер үшін шәкіртақы қарастырылған.

– Мен мұнда оқу бағдарламасы бойынша келдім. Кәсіптің негізін үйреніп алған соң әрі қарай еңбек жолымды осы жерде жалғастырғым келді. Ұжым ұнайды. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Технологтар мен шеберлер өздерінің білгендерін үйретуден жалықпайды. Жақында жалақымызды көтерді. Адамда ниет болса, кәсіпті үйренудің еш қиындығы жоқ, – дейді тігінші Любовь Киселева.

Маман тапшылығы – түйінді мәселенің бірі. Жастардың бұл кәсіпке қызығушылығы төмен, олар табыстың аздығын, жұмыстың ауырлығын алға тартады. Бұл кәсіпорында тәжірибелі де білікті тігіншілер қашан да құрметке ие. Еңбектеріне қарай сый-сияпат көрсетіліп тұрады.

– Біздің басты мақсатымыз – тігінші мамандығына адамдарды көптеп тарту. Олардың еңбек жағдайын жақсартуға барлық мүмкіндікті қарастырамыз. Технологиялық үдерістерден жаңашылдық іздейміз. Кадрдың біліктілігін арттыру да аса маңызды. Жылдан-жылға тапсырыс ауқымы артып жатыр. Тапсырысты сапалы да уақытылы орындау – басты міндет. Оның барлығын білікті мамандар ғана орындай алады, – дейді фабриканың технологы Райхан Сағындықова.

“Прогресс тігін фабрикасы” ЖШС-ның алдында үлкен міндеттер тұр. Кәсіпорын еңбеккерлерді жатақханамен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Тігіншілер баспанамен қамтамасыз етілсе, жастардың да қызығушылығы арта ма деген үміт зор.

Жақында елімізде жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Өңіріміздің бірқатар тігіншілері Қазақстан Республикасы Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының “Құрмет грамоталарымен” марапатталды. “Прогресс тігін фабрикасының” үш тігіншісі де осы марапатқа ие болды. Бұл – біздің фабрикада білікті де жауапкершілігі мол адамдардың еңбек ететіндігінің бір дәлелі.

Динара ТӨЛЕГЕНОВА,

“Прогресс тігін фабрикасы” ЖШС-ның PR-менеджері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp