Өлке тарихын Отан тарихынан бөліп қарауға болмайды. Туған өлкенің өткенін түгендеп, оны халық тарихымен тұтастырғанда ұлттың жасампаздық рухы одан әрі асқақтайды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан Уәлиханов ауданының Қулыкөл ауылында ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, мектеп басқара жүріп, жәдігерлерге бай этнографиялық мұражай ашқан Мұхтар Әутәліповтың еңбегі ерен. Бүгінде зейнет демалысында жүрген азаматпен ерекше мұражай жайлы сұхбаттасудың сәті түсті.
– Мұхтар Әутәліпұлы, қазақ даласының әр төбесі – тұнған тарих. Тілін тауып сөйлете алсаң, әңгімешіл. Жер әңгімешіл болған соң, онымен етене өскен ел әңгімешіл. Сіздің өлкетануға бет бұрып, этнографиялық мұражай ашуыңызға туған жердің тарихы әсер еткен болар?
– Мен – Сілеті баурайының төл тумасымын. Сілеті өзенінің бойы тұнған тарих қой. Бұл өзеннің бойында XIV-XV ғасырларға жататын көне мазарлардың орны табылғаны – бұл сөзіме айғақ. “Қызыл оба” деген жерден Алтын Орда хандары және басқа да төрелері жерленген оба табылғанын оқырмандар жақсы біледі. Бүгінгі таңда Сілеті өңірінің бауырына бүккен тарихы елге жария болып, зерттеушілерді қызықтырар мекенге айналды. Осындай тарихы мол жер болғандықтан да шығар, бұл өлкеден түлеп ұшқан азаматтардың барлығы тарихқа жақын, өлкенің өткенін ұмытпай, естерінде сақтап, келер ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізуге өз үлестерін қосып жүр. Мәселен, мен – мамандығым бойынша химия-биология пәндерінің мұғалімімін. Бірақ туған жердің тарихын бала жасымыздан естіп өскендіктен, білгенімізді ұмытпай, оны келер ұрпаққа жеткізуді парыз санадық. Сол ойымыздың дәлелі – мектеп жанынан ашылған этнографиялық мұражай. Кейде менен осы мұражайды ашуға не түрткі болды деп сұрайды. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы жеке шаңырақ көтеріп, еркіндік алуды армандап өтті. Ол арман, тілегімізге жеттік. Қазақстан өз алдына тәуелсіз ел болып, ұмытылып келген тарихымызға, ұлттық тәлім-тәрбие мен мәдениетімізге жаңа леппен ден қоя бастадық. Зерттелуі кенже қалған мәселенің бірі – мұражайлар. Мұражай – адамзат еңбегімен жер бетінде жасалған материалдардың, рухани игіліктердің, үлгі-нұсқалардың сан алуан саласын зерттеп, жинақтаушы, сақтаушы және сол тарихи ескерткіш мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, насихаттап отыратын орын. Бүгінгі жас – біздің келешегіміз. Адамның өмірдегі орны да артында қалдырған еңбегімен өлшенбек. Келер ұрпағымыз туған жерінің тарихын, салт-санасын білмесе, ұяты бізге келеді.
– Мұражай ашу оңай шаруа емес. Жәдігер жинау да ерік-жігеріңді сынайды. Материалдық та, рухани тұрғыдан да қолдау қажет. Қиындықтарға қарамастан қажетті жәдігерлерді жинап, ойларыңызды жүзеге асырдыңыздар. Мына бай мұраны қалай жинадыңыздар?
– М.Әуезов атындағы орта мектептегі этнографиялық мұражай 1988 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнге дейін мыңдаған адам тірнектеп жинаған жәдігерлермен танысты.
Мұражай ашылар кезде халықтан көне заттар жинап, мектеп ішінен орын дайындадық. Сол кезде мұғалімдерге нақты тапсырмалар берілді және орындалуын күнде қадағалап отырдық. Иә, әр істің өзіндік қиыншылықтары болады ғой. Көп экспонаттар қиындықпен табылды. Мысалы, қанша жаннан сұрау салғанымызбен, музейге қояр бесік таба алмадық. Сөйтіп, қысылып жүргенде бір оқушы құлаған үйдің қорасында тұрған бесікті көзі шалып, мектепке алып келді. Анадан-мынадан сұрағаннан ісіміз өнбейтінін біліп, халық көп жүретін қоғамдық орындар – клуб, кеңшар кеңсесіне, дүкендерге жәдігер жинап жатқанымыз жайлы хабарландыру ілдік. Халық арасында бұрын тұтынған бұйымдарды қастерлеу жайында әңгімелер өткізілді. Мұндай түсіндіру жұмыстары оң нәтижесін берді. Қазір мұражайда тұрған экспонаттар – Сілеті өңірінде тұратын адамдардың өз еріктерімен тегін әкеліп тапсырған заттары. Бұлардың барлығы – олардың ата-бабаларының, әке-шешелерінің көзіндей көріп, қадірлеп сақтаған баға жетпес бұйымдары. Оларды кімнің тапсырғаны жазулы тұр. Қазіргі таңда мұражайда екі мыңға жуық жәдігер бар.
– Мұражайды этнографиялық бағытта аштыңыздар. Жер-жерден жинаған экспонаттарды көрсете білудің өзі – өнер. Жұмысты қалай үйлестірдіңіздер, жәдігерлердің келушілерге қызықты болуы үшін қалай топтастырдыңыздар?
– Мұражайды ұйымдастыру барысында облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен тығыз байланыста болдық. Олардың қызметкерлері ақыл-кеңес берді. Сол сияқты Сырымбеттегі Шоқан Уәлиханов мұражайының мамандары да көмектерін аяған жоқ.
Әу баста бұл бастамамызға жауапкершілікпен қарап, әр істі тиянақты атқарғандықтан, мазмұны бай мұражай құрдық. Сол себептен болар, төрт рет облыс орталығына, бір рет Алматыда өткен қазақтардың дүниежүзілік құрылтайына көрмеге бардық.
Мұражай алты бөлімнен тұрады. Біріншісі – табиғат бөлімі. Әрине, бұл бөлімді Сілеті өзеніне, сол өңірге арнадық. Өсімдіктері мен құстары, хайуанаттары жайлы мағлұматтар, ақпарат жинадық. Туған жердің тарихын білу әр адам үшін маңызды. Екінші бөлім – ауыл шаруашылығы құрал-саймандары. Кезінде әр үйде болған соқа, кетпен, орақ, қайла, ат әбзелдері, ер тоқым, иінағаш, қол диірмен, көрік дегендер – қазіргі ұрпаққа таңсық дүние ғой. Үй, оның жабдықтары бөлімінде төсек-орын, киіз үй, ағаш шелектер, піспе шелек, торсық, қазан-ошақ, сырмақ, текеметтің түр-түрін көруге болады. Күнделікті өмірде тұтынатын заттар, құралдар бөлімінде киім-кешектер, қамшы, шоқпар, біз, қалыптардың түрлері, тарамыс сияқты жәдігерлер жинақталған. Сәндік бұйымдар бөліміне қыз-келіншектер ерекше қызығушылық танытады. Онда алқа, жүзік, сырға, домбыра, қылыш, моншақ, қаптырма, сәукеле, шолпы, білезік, тартпа, түйреуіш сияқты бұйымдар қойылған. Нурмизматика бөлімінде көне ақшалар, күміс, бақыр тиындар, шетел ақшалары жинақталған.
Жәдігерлердің арасында Мұхтар Әуезовтің Қазақстанның 40 жылдық тойында оқыған баяндамасы жазылған пластинка бар еді. Кейін біреулер сол пластинканы беріңізші деп сұрап келді. Бермедім. Бірақ кейін пластинка жоғалып кетті. Кейде осындай дүниелер көңілге қаяу түсіреді. Мұражай жәдігері – жеке біреудің емес, қоғамның ортақ меншігі. Сондықтан ортақ құндылыққа қол сұғуға болмайды.
– Зейнет демалысына шықсаңыз да мұражайға әлі де өзіңіз жетекшілік етесіз. Мектеп жанынан ашылған мұражай жұмысына мұғалімдер, оқушылар көмектесетін шығар?
– Құрметті демалысқа шыққанан кейін музей материалын мектеп ұжымына, оқушыларға табыстадым. Қазір мұражайға солар ие. Әлі де жәдігерлер жинап, мазмұнын байытуға тырысып жатырмыз. Мұражайдың жетекшісі болғасын аптасына екі рет барып тұрамын. Мұражай материалдары сабақтарда көрнекі құрал, тарихи мүлік, құжат ретінде қолданылады. Жәдігерге бай мұражайда тарих, әдебиет, география сабақтары өтеді. Сондай-ақ туған өлкені зерттеп білу, туып-өскен өңірді, елді, Отанды сүю, жастарды патриотизмге, бірлікке, достыққа тәрбиелеуде атқарар рөлі зор. Ең бастысы, ұстаздар мұражай арқылы уақыт өткен сайын көнеріп, ұмыт болып жатқан ұлттық заттарды, құрал жабдықтарды жинақтап, тәртіпке келтіріп, жас ұрпаққа көрсететін орталық жасады.
“Жастар – еліміздің болашағы” деген қанатты сөзді жиі айтамыз. Ал сол жастардың болашағы сіз бен біздің бүгінгі қызметімізді қалай атқарып жүргенімізге тікелей байланысты. Ұлттық мектептің ұлы мұратын ұмытпайық, бойымыздағы біліміміз бен білігімізді, қажыр-қайратымызды елдің ертеңін жарқын етер қасиетті істен аямайық. Қазақ мектебі ұлттық тәрбиенің ұйытқысы болуы үшін оған қаны мен жаны қазақ азаматтары тек үн қосып қана қоймай нақты істермен көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Осы жердің өлткетану ісінде әлі де зерттелмеген тақырыптар бар. Олар – еңбек адамдары, домбырашылар, аңшылар, балуандар, зергерлер, әншілер, соғыс даласында қаза болған боздақтар. Қазіргі таңда мұражайда экскурсия жүргізетін оқушылар бар. Бұл – өлкенің тарихына қызығушылық танытып отырған ұрпақ. Ауылымыз облыс түгілі аудан орталығынан да шалғай орналасқандықтан бізге көп кісі ат ізін салмайды. Сондықтан мазмұнды мұражайымыз жайлы білетіндер аз.
– Білім саласында 45 жыл еңбек етіп, талай ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ұжым басқарып, игілікті істің басы-қасында жүрдіңіз. Этнографиялық мұражай ашуыңыз өсекелең ұрпақты ұлттық педагогика шеңберінде оқыту керек деген ойыңыздың нәтижесі емес пе?
– Жас ұрпақ бойында ұлттық мақтаныш, ұлттық патриотизм рухын қалай тәрбиелесек екен деген мәселені жиі көтереміз. Бұрын ұлттық рух, ұлттық патриотизмді көпшілігіміз ұлтшылдықпен шатастырдық. Бұл жерде ұлттық рухтың өз халқына деген сүйіспеншілік, өз ұлтын тану, тамаша қасиеттерін үйрену, сол арқылы басқаларды түсіну екендігін айтқым келеді. Ал енді ұлттық патриотизмді Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ: “Бұл ұлт ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі, шыққан тегі, тілі, территориясы, тұрмыс-тіршілігі, қалыптасқан тарихи дәстүрлері”. Ұзақ уақыт бойы мектептеріміз миссионерлік бағытта жұмыс істеп келді. 70 жылдан астам уақыт бойы басқа елдің тарихын, соның жүйесін, үлгісін үгіттедік.
Оқыған адамдарымыз көп болғанымен ұлтшыл азаматтарымыз аз болғаны да содан шығар. Себебі – олардың ойлау жүйесі басқа. Белгілі жазушы Ғабиден Мұстафиннің: “Бұрын ұлтшылдықпен күрескен едік, бүгін ұлтсыздықпен күресетін болдық”, – деген сөзі әр мұғалімнің есінде болғаны дұрыс. Қазақстан білімін, мәдениетін дамытып, дәулетін молайту үшін бүгінгі күні ұрпақ тәрбиелеуде бағытымызды түп-тамырымызға бұруымыз керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрімізді негізге алып, ұлттық мемлекет құру үшін тер төгу қажет.
Тәрбие бесігінің қасиетті тұғыры – мектеп екендігі баршамызға аян. Республикамыздағы ұлттық мектептердің дағдарысқа ұшырап, халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары тыс қалып, білім-тәрбие деңгейі бір кездері төмендеп кеткені рас. Ана тіліміз – қазақ тілі, дәстүріміз – бабалар салты. Өз ана тілінде білім алып, бойына қуат, ойына нәр жинамаған жанда ұлттық сезім, рух болмайтыны шындық. Ұлттық тәрбие беруде мектепте оқылатын барлық пәндерді пайдалануға болады.
– Отан тарихы өлке тарихынан бастау алатыны белгілі. “Жеріңнің аты – еліңнің хаты” деген сөз соның дәлелі іспетті. Елімізде өлкетану саласы 1980 жылдардың аяғында жанданған сияқты. Әсіресе бұған сол кездердегі демократиялық үдерістің жандануы түрткі болды ма деп ойлаймын.
– Талантты ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан Уәлиханов: “Қазақ даласында не көп – бірі көне, бірі жаңа жапырлай орналасқан зираттар, обалар мен төбешіктер көп. Қазақтың тұрмыс-тіршілігінің бұл тілсіз ескерткіштері тарихи тұрғыдан гөрі, жағрафиялық тұрғыдан алғанда қымбаттырақ”, – деген.
Қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы Міржақып Дулатов: “Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады”, – деген.
Шынында да, өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Тарих – барлық ғылымдардың анасы. Өткеніңді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін емес. Ойшылдар: “Зорыққан сағаттарды ұмытсаң да, одан алған сабағыңды ұмытпа”, – дейді. Тағы бір дәлелдеуді қажет етпейтін шындық бар – адамның санасы өскен сайын ол өз тарихын білуге құмартады, бұл оның жан дүниесінің қажеттігіне айналады. Өз тарихын білуге тырыспайтындар – ішіп-жеу үшін ғана тіршілік етіп жүрген тоғышарлар мен өздігінше ойлау қабілетінен айырылған мәңгүрттер ғана. Сондықтан да тарихты ұмыту дегеніміз – Отан-Анаңды ұмытумен пара-пар нәрсе. Ендеше, бүгінге қайта құру мен демократия заманында бүкіл елімізге, тарихқа, оның шыншылдығына жаппай зәрулік туып отырғанын қоғамымыздың адамгершілік – моральдық жағынан жаңа деңгейге көтеріле бастағанының белгісі деп айтуға болады.
Тарих – адамзаттың өткен жолы. Өзі өмір сүріп отырған кезеңнің қадір-қасиетін, аңғарып, келешектің келелі істеріне жоспар-бағдарлама жасау үшін өзінің өткенін білу – әрбір адамның міндеті. Өйткені жылдар қойнауында қалған ата-бабаларымыздың басынан кешкен оқиғалары, жүріп өткен соқпақ іздері – барша болмысымен бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Заманалар, дәуірлер мен кезеңдер арасындағы жалғасқан сабақтастықты айқын аңғарып, барша жанға тарих тағылымын берер орын мұражай екені айқын.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап ұлттық мәдениетті дамытуға бірнеше талпыныс жасады. Түрлі бағдарламалар қабылданып, жоспарға сәйкес жүзеге асырылғанымен, нәтижесі көңіл көншітпейді. Неге?
– Ел мәдениеті дегеніміз – мейлінше кең ұғым. Мәдениеті дамымаған, өркендемеген елдің келешегі де күңгірт. Мәдениетті дамыту науқаншылдықты көтермейді. Бұл бағытта орнықты, салиқалы көзқарас қалыптасқан жағдайда ғана ол керегесін кеңге салады. Мәдениет – рухани мәйек. Мәдени шаралар – мәңгілік. Ал оны ұдайы жетілдіріп, байытып отыру қажет. Әр азамат өзі қызмет істеп отырған орнында ұлт руханиятын дамытуға өз үлесін қосса, мұндай науқаншылдыққа бармас па едік? Мәселен, өзіміз сөз етіп отырған өлкетану өскелең ұрпақтың патриоттық, азаматтық рухта өсіп-жетілуіне көмектеседі. Күнделікті сабақты туған жер тарихымен байланыстырып отырған маңызды. Оқушы еліміздің қай өңірінде тұрса да ұстаз сол жердің өлкелік тарихымен таныстырып, туған жер жайлы мағлұматпен қанықтыруға міндетті. Сонда оның сабағы мазмұндық тұрғыдан байып, оқу сапасы, танымдық-тағылымдық мәні сан мәрте арта түседі. Бүгінгі таңда тәлім-тәрбие беріп жатқан бүлдіршіндер ертеңгі күні тек білімді кадр ғана емес, Отанын жанындай сүйетін, ұлттың тарихы мен мәдениетін қастерлейтін, рухани кемелденген азамат болып өсіп жетілуі қажет. Еліміздегі балабақшалардан бастап орта білім беретін оқу орындарына дейін жас ұрпақтың бойына ұлттық дүниетанымды сіңіріп, оларды нағыз отаншылдық рухта тәрбиелеп өсіруге қажетті осы заманғы оқу құралдары мен технологиялары баршылық. Осы жаңашылдық пен өткеннен хабар берер көнені пайдалана отыра өзінің қазақстандық екенін, осы жерде туғанын мақтан ететін ұрпақ өсірсек, біздің бұл ісіміздің нәтижелі болғаны. Сонда ғана ұстаздар күрделі міндетті абыроймен атқарып, еліміздің болашақ азаматтарын тәрбиелеп өсірдік деп сеніммен айта аламыз.
– Қазіргі таңда қоғамда қазақ мектебі қандай болу керек деген сауал талқыланып жатыр. Сіздің ойыңызша, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырған білім беру ұйымдары қандай бағытта жұмыс істеуі керек?
– Мұхтар Әуезов атындағы қазақ орта мектебінде ұлтымыздың тарихын, мәдениетін, рухани жағын танып білуге ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – орта ғасырға шегіну емес, ұлттық сана мен танымды қайта қалыптастыру деген сөз. Мен ұлттық мектеп мәселелерін шешуге көмектесетін кейбір ұсыныстар айтайын: мұғалім өзінің ұлттық тарихы мен мәдениетін білуін қадағалау қажет; мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты ұлттық адамгершілікке негізделген этикалық үрдістерге орай қалыптастыру керек; мектепте ұлттық көркемөнерді дамыту, ұлттық ойындар мен халықтық спорт түрлерінің үйірмелерін ашып, олар жүйелі жұмыс істегені жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.