Облыстық қуыршақ театры 33-ші маусымның шымылдығын жапты. Өнерпаздар кішкентай көрермендерге орыс жазушысы Давид Самайловтың “Етік киген мысық” ертегісін ұсынды. Бұл – көңілді музыкалық қойылым.
Спектакль осы уақытқа дейін бірнеше мәрте сахналанған. Көрерменнің қызығушылығын оятқан актерлер шымылдықты осы ертегімен жабуды жөн көріпті.
Бұл ұжымда жұмыс істеп жүргеніне 6 жыл болған Юлия Высотина кішкентай балақайларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау үшін барын салғанын айтады.
– Ертегі желісі көпшілікке бала кезден таныс. Әкесінің өлімінен кейін ағалары мұраны бөліске салады, кенжесіне тек мысық бұйырады. Ал бұл жануар өз иесінің өмірін түбегейлі өзгерте алатын болып шығады. Ақыры екеуі айнымас досқа айналады, – дейді актриса.
45 минутқа созылған ертегі үлкен-кішінің бәріне ерекше әсер сыйлады. Қойылым аяқталғаннан кейін ұжым балалардың екінші легіне өнер көрсетті.
– Біздің театрдың жұмыс істеп келе жатқанына – 34 жыл. Еңбек етіп жатқан 60-қа жуық адам бар. Біз келесі маусымға дейін көрермен залын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Келушілерге керемет әсер сыйлау үшін жарық пен дыбыс жүйесінің күшін арттырғымыз келеді, – дейді облыстық қуыршақ театрының бөлім меңгерушісі Наталья Жәнібекова.
Театр шымылдығы күзге дейін жабылғанымен ұжымның жұмысы тоқтап қалмайды. Олар Астана қаласында 25 маусым күні өтетін ауқымды фестивальға дайындалуда.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.