«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕСТІ ҚОЛДАСАҚ, ЭКОНОМИКА НЫҒАЯДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында жаңа экономикалық саясаттағы басты басымдық ретінде: “Жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, сондай-ақ ұлттық табысты әділ бөлу”, – деп атап көрсетіп, осы мақсатты жүзеге асыру жолында кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндетті шешуді талап еткен болатын. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту – мемлекет басшысының ұдайы назарындағы мәселе.

Кәсіпкерлік – ел эконимикасының іргетасы. Ол дұрыс бағытта дамымайынша, елдің ахуалын арттыру мүмкін емес. Кәсіпкерлік сектор экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты болып саналады. Бизнесті ширата түсу мақсатында мемлекет тарапынан қаржылай және қаржылай емес қолдаулар жүйелі түрде көрсетіледі. Сол бағдарламалардың, жалпы елдегі кәсіпкерлікті тұрақты да нәтижелі дамыту жолындағы қызметтерді үйлестіріп отырған ұйымдардың бірі – “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Өңірлік филиалы – облыстық кәсіпкерлер палатасы да өзіне жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау. Жеке кәсібін ашып, өз ісін жүргізуге ниетті азаматтарға қолдау, көмек қашанда керек. Әр бизнестің өзіндік қиындықтары бар. Кәсіпті дұрыс бағыттау үшін заңнамалардағы өзгерістерді, нормативтік құжаттардағы толықтыруларды әрдайым назарда ұстау керек. Салық төлемдері қалай жүргізіледі, субсидия алу үшін қандай құжаттар толтырылады, жеңілдетілген несиелер қандай жағдайда беріледі деген сияқты сауалдар да жиі туындайды. Сондай кезде біздің мамандар ақыл-кеңестерін беріп, қолдау көрсетеді. Елімізде бизнес саласында жаңа бағдарламалар қолға алынса, соларды егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Мәселен, биыл республика аумағында “Мен кәсіпкермін” жобасы іске қосылды. Кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдаудың жаңа құралы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінде палата осы бағытта ауқымды жұмыстарды атқаруға кірісті.

Жоба үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыты – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы болса, екіншісі – “Кәсіпке бағыт”, үшіншісі – “Бір ауыл – бір өнім” бағыты. Бұл жобалардың мақсаты – елді мекендерде орналасқан белгілі бір өнім шығарушы кәсіпкерлерге республика деңгейінде қолдау көрсету, кәсіпке баулу, біліктілігін арттырудың жолдарын көрсетіп, бизнес тетігін нығыз ұстауға үйрету.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы нәзік жандардың іскерлігін қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер береді, сұранысқа ие кәсіби оқытулар ұйымдастырады. Сондай-ақ кәсіп иелерінің ісін дамыту бойынша менторлық сүйемелдеу жұмыстары жасалады, кәсіпорындардың даму әлеуетін анықтау үшін ағымдағы бизнес жағдайына сыртқы бағалауды ұйымдастырып береді. “Кәсіпке бағыт” жобасы әр өңірдің бейімделген кәсіп түрлеріне арналған кәсіби оқытулар жүргізуге негізделген. Оқытуды сала маманы жүргізіп, оқу аяқталғаннан кейін де сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырады. Бұл бағытқа ерлер де, әйел кәсіпкерлер де қатыса алады. Үшінші бағыт – “Бір ауыл – бір өнім” жобасы. Оның мақсаты – елді мекендердегі белгілі бір өнім шығарушы кәсіпкерлерге республика деңгейінде қолдау көрсету. Өндіріс орнының үлкен-кішілігіне мән берілмейді, басты талап – өндірістің жұмыс істеуі және кәсіпкердің өндіріс шикізатының басым бөлігін өз жерлестерінен немесе көршілес елді мекендерден тартуы.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жеті қызмет түрін көрсетеді. Олар – кәсіптік немесе бизнес-оқу, дәстүрлі қолөнер түрлерін үйрену, тәлімгердің сүйемелдеуі, бизнесті қаржыландыру жолдары немесе халықаралық жобаларға қатысу, бизнес-шолуға тапсырыс беру, сондай-ақ “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысу.

Әйелдер бейіндік оқытудан өту үшін кәсіпкерлер палатасының көмегіне көп жүгінеді. Жыл басынан бері осы бағытта 114 өтінім қабылданды. Ал тәлімгердің сүйемелдеуіне 20 өтінім түсе, соның 8-і іріктеліп, қолдауға ие болды. Бұл қызметті пайдалану үшін кәсіпкердің бизнесіне кем дегенде екі жыл өтуі шарт.

“Бір ауыл – бір өнім” жобасына іскерлік танытып жүргендер де, кәсіпті енді қолға алғандар да қатыса алады. Жоба аясында топтасқан адам бренд өнім өндіруді қолға алып, өңірдің ерекшелігін көрсететін тауарымен отандық, шетелдік нарыққа шыға алады. Қазіргі уақытта осы бағытта бақ сынауды жөн көрген 12 кәсіпкердің өтініші қабылданды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының құзырындағы тағы бір қызмет – кәсіпкерлердің сауда географиясын кеңейту жолында бағыт-бағдар берумен қатар, өнімдерін сертификаттау. Мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін кәсіпкерлерге қазақстандық тауарларды өндіретін немесе қызмет көрсететіндер отандық өндірушілер тізіліміне енетінін растайтын индустриялық сертификат керек. Өткен жылы палата мамандары жеті индустриялық сертификат табыс етті. Жыл сайын отандық тауарөндірушілер тізілімінде көрсетілген мәліметтерді жаңарту және өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Үстіміздегі жылдың басынан бері облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары өңіріміздің өндіруші кәсіпорындарына тауарларын шетелдерге шығару үшін 556 экспорттық сертификат берді. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға артық. Біздің кәсіпкерлер сырт мемлекеттердің нарығын бағындыруда.

Осылайша палата жергілікті кәсіпкерлерге өнімдерін ел ішінен бөлек, шетелдерге экспорттауда қолдау көрсетеді. Өткен жылы солтүстікқазақстандық тауарлар әлемнің 34 еліне сатылды. Соның ішінде Ресей Федерациясы, Бельгия, Әзірбайжан, Иран, Тәжікстан, Түркіменстан, Қытай, Түркия, Ауғанстан, Нидерланды, Италия мен Өзбекстан мемлекеттері бар. Мәселен, Иранға – арпа мен бидай, Ауғанстанға – ұн мен тауық жұмыртқасын, Қытайға – бидай мен зығыр майын, Түркияға – қатты бидай мен жасымықты молынан жеткізді.

Тауарларын экспорттауда беделге ие болып отырған кәсіпорындардың бірі – “BioOperations” ЖШС. “KazFoodProducts” компаниялар тобының құрамына кіретін кәсіпорын астықты жоғары технологиямен тереңдете өңдейді. Ол – Қазақстанда және ТМД елдері аумағында биоэтанол, бидай глютенін, крахмал, ұн және мал азығын өндіретін жалғыз кәсіпорын. Тайынша ауданының орталығында орналасқан кәсіпорын төрт жүзден аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына жергілікті шаруашылықтардан 200 мың тоннадан аса шикізат сатып алады, оларды қалдықсыз өңдейді. Зауыттың қуаттылығы жылдан-жылға артып келеді.

Кәсіпорын глютен мен бидай крахмалын Үндістанға, АҚШ-қа, Колумбияға, Норвегияға, Түркияға, Беларуссияға, Ресей Федерациясына, Италияға, Нидерландыға экспорттайды. Бидай глютенін өндіруді 2020 жылдан бастап қолға алды. Ұн сапасын жақсартуға арналған бұл ингредиент биылдан бастап Бразилияға экспорттала бастады. Кәсіпорын күніне бидай глютенінің 40 тоннасын өндіреді. Бұл – ұн сапасын жақсартуға, мал азығын ақуызбен байытуға аса пайдалы өнім. Сондай-ақ компания өндіретін биоэтанолға, яғни өсімдік шикізатын терең өңдеу үдерісінде алынған биоотынға деген сұраныс та жоғары. Бұл өнімді еуропалықтар автомобиль жанармайына қосып пайдаланады.

Орта және шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамыта түсу үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы әр ауданға сапарлап, әкімдіктермен бірлесе отырып, бизнес субъектілермен кездесу ұйымдастырады. Дәстүрлі түрде қолға алынған шарада көтерілетін тақырып ауқымы кең. Ондағы мақсат – бизнестің төңірегінде қордаланып қалған мәселелерді бірге шешу. Соңғы кездесу мамыр айында Уәлиханов ауданы кәсіпкерлерінің қатысуымен өтті. Оған отыздан астам кәсіпкер қатысты.

Мұндай кездесулер жергілікті атқарушы органдарды кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жауапкершілік пен мүмкіндіктерді арттыруға тиімді. Тәжірибе көрсеткендей, бизнес өкілдері өзекті мәселелерін ортаға салып, аудан басшылығымен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жылдағыдай “Қазақстанның үздік тауары” және “Алтын сапа” байқауларына қатысушылардың өтінімін қабылдауда. “Қазақстанның үздік тауары” байқауының негізгі мақсаты Қазақстан нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өнімдермен қамтамасыз ету және отандық тауарөндірушілерді қолдау болып табылады.

“Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауы мен “Алтын сапа” сыйлығына шағын кәсіпкерлер де, ірі кәсіпорындар да үміткер бола алады. Оған қатысқысы келетіндер үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін өтінім беріп үлгірулері тиіс.

Байқауға өтініш білдіргендер алдымен өңірлік кезеңде іріктеледі. Әр аталым бойынша жеңімпаздар “Қазақстанның үздік тауары” көрме-байқауының республикалық кезеңіне жолдама алады. Байқау үш аталым – “Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар”, “Халық үшін үздік тауарлар”, “Үздік азық-түлік тауарлары” бойынша өткізіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығы жыл сайын сапалы өнімдер шығарып, қызмет көрсеткен, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елеулі нәтижелерге қол жеткізген, басқарудың тиімді әдістерін енгізген мекемелерге конкурстық негізде беріледі. Үміткерлерден өтініш қабылдап, өңіріміздің бизнес секторы өз әлеуетін жоғары деңгейде көрсетуіне жағдай жасап жатырмыз.

Тимур БЕКЕЕВ,

облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp