“Оңтүстіктен – Солтүстікке!” бағдарламасының жүзеге асуына теріскейдегі демографиялық ахуал себеп болды. Осыған орай тұрғылықты халқы сиреп, жұмыс күші азайған өңірлерге күнгей жақтардан отбасыларды көшірудің алғашқы қадамдары жасала бастады. Бұл мәселе тезірек реттелмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі тұрғындардың саны 1 млн.-ға дейін кеміп, керісінше, оңтүстік халқы 5,2 млн.-ға артады деген болжамдар айтылды. Сондықтан ішкі көші-қон проблемасын шешуге айрықша мән беріліп отыр. Осы жылдар аралығында 30 мыңнан астам адам Қызылжарға ат басын тіреген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде оңтүстіктен солтүстікке көшуге қатысты жайтқа арнайы тоқталып, ынталандыру үшін берілетін жәрдемақыны екі есеге, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін көбейтуге тапсырма берген болатын. Осылайша 2022 жылдан бастап қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне тиесілі қаржының көлемі ұлғайтылды. Бұдан бөлек, коммуналдық төлемдерді және жалға алынған баспананың ақысын өтеу үшін бір жыл ақшалай көмек көрсетіледі. Бүгінде облысқа келген азаматтардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмыспен қамтылған деуге болады.
Жасыратыны жоқ, Қызылжар өңірінде жұмыс күшінің тапшылығы айқын сезіледі. Ал күнгей жақтарда екі қолға бір күрек таппай жүргендер жетіп артылады. Президент Жолдауында елдегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеу, жұмыс күші жетіспеушілігі орын алған өңірлерде көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды Үкіметке жүктеген болатын. Мемлекет жүргізіп отырған ұтымды шаралардың нәтижесінде былтыр 1437 адам (412 отбасы ) орнықты. 744 адам еңбекке қабілетті болса, соның 319-ы тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2021-2022 жылдары бұл мақсатқа 12,2 млрд. теңге бағытталды. Президент көш мәселесіне айрықша назар аударып отырғандықтан, жергілікті атқарушы органдар тарапынан да үлкен қолдау болары сөзсіз. Оның ішінде әлеуметтік жағдай жасау, жер телімдерін бөлу арқылы жеке кәсіпкерлікке, бизнеске қарай икемдеу басты талап саналады.
Мен іргесін қалаған “TÄUEKEL” қоғамдық бірлестігі көші-қонмен айналысады. Біріншіден, теріскей аймақтарға өз қатарынан бұрын көшіп келген, енді қоныстанып жатқан болмаса қоныс аударуға ниеттенген адамдарды бір арнаға тоғыстырып, бір-біріне өзара көмек көрсетуіне, топтасып қоныстануына мүмкіндік тудырмақпыз.
Екіншіден, ұйымның өзіндік жеке қоры болады. Себебі олардың арасында көшіп келгенмен, жағдайы келмей, баспанаға қол жеткізе алмайтындар болуы мүмкін. Сондықтан қор арқылы көмектесу тетіктері қарастырылған. Көші-қон мәселесімен айналысқалы маған хабарласушылар қатары аз емес. Қазір үгіт-насихат, әртүрлі ақыл-кеңес беру жұмыстарын республикалық деңгейде жүргізіп, біраз тәжірибе жинақтап қалдық. Бұдан бөлек, күрделі проблемаларды, арыз-шағымдарды жинақтап, шешуге де атсалысамыз. Сайтта көшіп келушілердің отбасы, мүшелері, мамандықтары туралы ақпарат орналастырылған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және “Отандастар” қорымен бірлесе отырып, шетелден қоныс аударған қандастарға да көмек қолын созамыз. Алдағы уақытта адаптациялық орталық құрсақ па деген ойымыз бар. Инвесторлар тарту, кәсіпкерлерді көшіп келген ағайындарға жағдай жасауға шақыру ісі де ұйымды бейжай қалдырмайды. Қызылжардың қысы қатал демесең, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Айнала жасыл желек. Мал, астық өсіруге өте ыңғайлы қоныс. Инфрақұрылымы сақталған ауылдарға барып, жер алса, мал шаруашылығымен айналысса, әлдеқайда ұтымды. Мұның өзі – ұлтқа қызмет ету. Өйткені қазақ ауылдары ыдырамай, іргесі бүтін болса, тіліміз де, салт-дәстүріміз де, рухани құндылықтарымыз да нығая түсері анық. 2025 жылға таман солтүстіктің қамын жеймін, несібем соның ішінде деген 10 мыңға жуық отбасын көшіру жоспары орындалса, көптеген түйінді проблемалар тарқатылар еді. Мәселен, Шал ақын ауданы тұрғындарының саны 23 мыңға жуық, оның үштен бірі Сергеевка қаласында тұрады. Өкініштісі, халық саны жылдан-жылға азайып барады. Біз “Теріскейде барлық жағдайды жасап береміз” деген жалған жарнамадан, қызықтырудан аулақпыз. Және де кілең әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларды көшіреміз деген ұстаным да жоқ. Ең бастысы, сұранысқа ие сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге қол ұшын беру. Ауруханалар мен медициналық пункттерде дәрігерлер, мектептерде пән мұғалімдері жетіспейді. Басты мақсат – дипломды жастарды тарту. Көктемгі, күзгі науқандар кезінде тракторшы, комбайншы, механик, малшы табылмай жатады. Дипломы жоқ адамдарға күн көру, сіңісіп кету қиын.
Жуырда Түркістан облысында болып, бір аптадай түсіндіру жұмыстарымен айналыстым. “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында 50-ге жуық отбасының өкілдері Қызылжардың тыныс-тіршілігімен танысуға келіп, жиырмаға жуығының осында қалуға шешім қабылдауы қуантады. Қалғандары аудандарды таңдап, кезең-кезеңімен қоныс аудармақ. Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижесіз емес. Күнгейдің еңбекқор халқының солтүстікке бейімделуі тез. Былтырлары оңтүстіктен көшіп барған оншақты отбасының арқасында жабылғалы тұрған білім ошағының жұмысы қайта жанданып, ауылдың ажары артты. Қазақ елінің әрбір жері қастерлі. Қолынан іс келетін, мал бағуға, егістікпен айналысуға ебі бар күнгейліктерге есігіміз ашық. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов 2015-2022 жылдар аралығында солтүстік өңірге 11892, осы жылдың 5 айында 691 адамның көшіп барғанын айтты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2023 жылға республика бойынша 6727 квота бөлген. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 8 облыс белгіленген. Солардың бірі – біздің облыс.
Бізбен бірге ере келген саурандық Әділхан Жұмадулла Шал ақын ауданының Еңбек ауылына көшіп баруға түпкілікті шешім қабылдағанын айтты. Ауылдың әлеуметтік жағдайы көңілінен шыққан.
– Солтүстіктегі ағайын ыстық ықыласпен қарсы алып, қолдауын көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта онда ірі қара бағып, саланы дамытуға күш салмақпын. Ауданда 17 көл бар екен. Болашақта көлдің емдік балшығының негізінде санаторий ашуға ниеттімін. Осы сапар нәтижесінде өзім 15 шақты отбасыға құжаттарын рәсімдеуге көмектесіп, солтүстікке алып бара жатырмын, – деді Әділхан Жұмадулла.
Келес ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алдияров мал шаруашылығына лайықты елді мекенді таңдаған, көшіп келуге тас-түйін дайын.
Бурахан ДАҚАНОВ,
“TÄUEKEL” қоғамдық ұйымының төрағасы.
Шал ақын ауданы.