«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МҮЛІКТІ САҚТАНДЫРУ ТӘРТІБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 2023 жылдың алғашқы айларында сақтандыру сыйлықақылары 170 млрд. теңге болған, бұл 2022 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 23 пайызға көп. Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің негізгі қозғаушы күші ерікті мүліктік сақтандыру болып отыр. Мүлікті сақтандыру кезінде не нәрсеге ерекше назар аудару керек? Біз бұл мақалада осы сауалға жауап іздейтін боламыз.

Мүлікті сақтандыру ерікті сақ­тан­дыру түрлеріне жатады және әр адамның жеке таңдауы болып қала береді. Жылжымайтын мүліктен басқа тұрмыстық техниканы, жи­һазды және т.б. сақтандыруға бо­лады. Яғни барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бүліну­ден, табиғи апаттардан, өрттен, жоғары қабаттан су ағудан, тұр­мыс­тық газдың жарылуынан, бұза­қылықтан, тонаудан, және т.б. қорғауға болады. Осын­дай жағымсыз оқиға орын алған кезде сіз сақтан­дыру компаниясынан белгілі бір өтемақы ала аласыз.

Өзінің жылжымайтын мүлкін дұрыс сақтандыру үшін әрбір меншік иесі қандай тәуекелден сақтанудың маңызды екенін, сақ­тандыру тетігінің қалай жұмыс істейтінін, белгілі бір компанияның төлемдері мен тарифтерін түсінуі керек.

Мүлікті әртүрлі тәуекелдерден сақтандыру қажет. Мәселен, пәте­ріңізді су басудан (су құбырындағы немесе жылыту жүйесіндегі судан, жауын-шашын салдарынан шатыр­дан су өтуден) немесе өрт пен ұр­лыққа байланысты қауіптерден сақ­тандыруға болады. Мүліктің жоғалуына, жойылуына немесе бүлі­нуіне әкелетін мынадай сақтандыру жағдайлары бар: өрт, найзағай, жарылыс; табиғи апаттар (көшкін­дер, дауылдар, құйындар, су тасқыны, нөсер және басқалар); су басу; көлік құралының соқтығысуы; ұшу аппараттарының соқтығысуы немесе олардың қосалқы бөлікте­рінің немесе заттары мен жүктерінің мүлікке құлауы; үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері, ұрлық, бұзып кіру, тонау; жер сілкінісі және басқа жағдайлар.

Сақтандыру компаниясын таң­да­ған кезде мұқият болған абзал. Сақтандыру компаниясының сақ­тандыру нарығындағы жағдайын зерттеген артықтық етпейді. Қазақ­стандағы лицензияланған сақтан­дырушылардың тізбесімен қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің “www.gov.kz” сайтында “қызмет” – “рұқсаттар мен хабарла­малар тізілімі” бөлімінде танысуға болады.

Құжатты мұқият оқып шықпай, оған қол қоймаңыз. Бұл жерде сақ­тандыру шарты туралы айтылып отыр, оның талаптарында тәуекел­дер мен сақтандыру жағдайла­рының нақты тізімі, сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақ­тандыру төлемінің мөлшері, сон­дай-ақ сақтандыру жағдайы бас­талған кезде ұсынылатын құжат­тардың толық тізбесі көрсетілуі керек.

Міндетті түрде мыналарды мұ­қият зерделеңіз: сақтандыру оқи­ғасына не жатады; сақтандыру по­лисі нені өтейді; қандай ерекше­ліктері бар; қандай тәуекелдер сақтандырумен өтеледі, ал қайсысы өтелмейді; сақтандыру бастал­ған кезде не істеу керек және қан­дай құжаттарды ұсыну қажет.

Сақтандырушыға шарт жасасу арқылы сақтанушының өз мүлкіне немқұрайлы қарамайтындығына кепілдік беретін франшизаға да назар аударыңыз. Басқаша айт­қанда, франшиза – бұл сақта­нушының сақтандыру залалын өтеу­ге өзінің қатысуы. Франшиза мөлшері сақтанушының сақтан­дыру жағдайы басталған кезде өз қалтасынан төлейтін сомасын көр­сетеді.

Сақтандыру полисі сіздің өтіні­шіңізде қамтылған мәліметтер не­гізінде ресімделеді. Өтінішке мы­налар қоса берілуі қажет: жеке ба­сыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі; мүлікке немесе мүліктік мүддеге (сатып алу-сату туралы шарт, жалдау шарты және т.б.) меншік құқығы туралы құжаттың көшірмесі; жылжымайтын мүлік нысанының құнын растайтын құжаттар.

Сақтандырушы сақтандыру полисін ресімдеген кезде сақтандырылатын мүлікті қарап шығуға, қажет болса, оның шынайы құнын белгілеу мақсатында сараптама тағайындауға құқылы.

Сақтандыру жағдайының белгі­лері бар оқиға орын алған кезде:

– оқиғаны құжат түрінде ресімдеу үшін болған оқиға туралы құ­зыретті органдарға дереу хабарлау және сақтандырушыға немесе оның уәкілетті өкіліне/апат комис­сарына хабарлау;

– сақтандыру шартында көрсе­тілген мерзімдерде сақтанды­ру­шыға немесе оның уәкілетті өкіліне сақтандыру жағдайы туралы жаз­баша өтініш беру, сондай-ақ оған оқиғаның мән-жайы, кел­тірілген залалдың түрлері мен болжамды мөлшері туралы барлық өзіне белгілі болған мәліметтерді хабарлау;

– бүлінген мүлікті сақтанды­ру­шының өкілі қарап шыққанға дейін зақымдану/жойылу кезінде болған түрінде сақтау (егер бұл қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келмесе не­месе зиянның ұлғаюына әкелмесе);

– сақтандырушының өкіліне бүлінген мүлікті кедергісіз қарау мүмкіндігін беру және сақтандыру шартында көзделген басқа да әрекеттерді қамтамасыз ету қажет.

Залалдың мөлшерін сақтанды­ру компаниясы өзіңіз немесе тиісті лицензиясы бар тәуелсіз са­рапшы ұсынған құжаттардың негі­зінде айқындайды.

Шынар БӘШІРОВА,

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасының бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp