Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 2023 жылдың алғашқы айларында сақтандыру сыйлықақылары 170 млрд. теңге болған, бұл 2022 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 23 пайызға көп. Сақтандыру сыйлықақыларының өсуінің негізгі қозғаушы күші ерікті мүліктік сақтандыру болып отыр. Мүлікті сақтандыру кезінде не нәрсеге ерекше назар аудару керек? Біз бұл мақалада осы сауалға жауап іздейтін боламыз.
Мүлікті сақтандыру ерікті сақтандыру түрлеріне жатады және әр адамның жеке таңдауы болып қала береді. Жылжымайтын мүліктен басқа тұрмыстық техниканы, жиһазды және т.б. сақтандыруға болады. Яғни барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлікті бүлінуден, табиғи апаттардан, өрттен, жоғары қабаттан су ағудан, тұрмыстық газдың жарылуынан, бұзақылықтан, тонаудан, және т.б. қорғауға болады. Осындай жағымсыз оқиға орын алған кезде сіз сақтандыру компаниясынан белгілі бір өтемақы ала аласыз.
Өзінің жылжымайтын мүлкін дұрыс сақтандыру үшін әрбір меншік иесі қандай тәуекелден сақтанудың маңызды екенін, сақтандыру тетігінің қалай жұмыс істейтінін, белгілі бір компанияның төлемдері мен тарифтерін түсінуі керек.
Мүлікті әртүрлі тәуекелдерден сақтандыру қажет. Мәселен, пәтеріңізді су басудан (су құбырындағы немесе жылыту жүйесіндегі судан, жауын-шашын салдарынан шатырдан су өтуден) немесе өрт пен ұрлыққа байланысты қауіптерден сақтандыруға болады. Мүліктің жоғалуына, жойылуына немесе бүлінуіне әкелетін мынадай сақтандыру жағдайлары бар: өрт, найзағай, жарылыс; табиғи апаттар (көшкіндер, дауылдар, құйындар, су тасқыны, нөсер және басқалар); су басу; көлік құралының соқтығысуы; ұшу аппараттарының соқтығысуы немесе олардың қосалқы бөліктерінің немесе заттары мен жүктерінің мүлікке құлауы; үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері, ұрлық, бұзып кіру, тонау; жер сілкінісі және басқа жағдайлар.
Сақтандыру компаниясын таңдаған кезде мұқият болған абзал. Сақтандыру компаниясының сақтандыру нарығындағы жағдайын зерттеген артықтық етпейді. Қазақстандағы лицензияланған сақтандырушылардың тізбесімен қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің “www.gov.kz” сайтында “қызмет” – “рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі” бөлімінде танысуға болады.
Құжатты мұқият оқып шықпай, оған қол қоймаңыз. Бұл жерде сақтандыру шарты туралы айтылып отыр, оның талаптарында тәуекелдер мен сақтандыру жағдайларының нақты тізімі, сақтандыру жағдайы басталған кездегі сақтандыру төлемінің мөлшері, сондай-ақ сақтандыру жағдайы басталған кезде ұсынылатын құжаттардың толық тізбесі көрсетілуі керек.
Міндетті түрде мыналарды мұқият зерделеңіз: сақтандыру оқиғасына не жатады; сақтандыру полисі нені өтейді; қандай ерекшеліктері бар; қандай тәуекелдер сақтандырумен өтеледі, ал қайсысы өтелмейді; сақтандыру басталған кезде не істеу керек және қандай құжаттарды ұсыну қажет.
Сақтандырушыға шарт жасасу арқылы сақтанушының өз мүлкіне немқұрайлы қарамайтындығына кепілдік беретін франшизаға да назар аударыңыз. Басқаша айтқанда, франшиза – бұл сақтанушының сақтандыру залалын өтеуге өзінің қатысуы. Франшиза мөлшері сақтанушының сақтандыру жағдайы басталған кезде өз қалтасынан төлейтін сомасын көрсетеді.
Сақтандыру полисі сіздің өтінішіңізде қамтылған мәліметтер негізінде ресімделеді. Өтінішке мыналар қоса берілуі қажет: жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі; мүлікке немесе мүліктік мүддеге (сатып алу-сату туралы шарт, жалдау шарты және т.б.) меншік құқығы туралы құжаттың көшірмесі; жылжымайтын мүлік нысанының құнын растайтын құжаттар.
Сақтандырушы сақтандыру полисін ресімдеген кезде сақтандырылатын мүлікті қарап шығуға, қажет болса, оның шынайы құнын белгілеу мақсатында сараптама тағайындауға құқылы.
Сақтандыру жағдайының белгілері бар оқиға орын алған кезде:
– оқиғаны құжат түрінде ресімдеу үшін болған оқиға туралы құзыретті органдарға дереу хабарлау және сақтандырушыға немесе оның уәкілетті өкіліне/апат комиссарына хабарлау;
– сақтандыру шартында көрсетілген мерзімдерде сақтандырушыға немесе оның уәкілетті өкіліне сақтандыру жағдайы туралы жазбаша өтініш беру, сондай-ақ оған оқиғаның мән-жайы, келтірілген залалдың түрлері мен болжамды мөлшері туралы барлық өзіне белгілі болған мәліметтерді хабарлау;
– бүлінген мүлікті сақтандырушының өкілі қарап шыққанға дейін зақымдану/жойылу кезінде болған түрінде сақтау (егер бұл қауіпсіздік мүдделеріне қайшы келмесе немесе зиянның ұлғаюына әкелмесе);
– сақтандырушының өкіліне бүлінген мүлікті кедергісіз қарау мүмкіндігін беру және сақтандыру шартында көзделген басқа да әрекеттерді қамтамасыз ету қажет.
Залалдың мөлшерін сақтандыру компаниясы өзіңіз немесе тиісті лицензиясы бар тәуелсіз сарапшы ұсынған құжаттардың негізінде айқындайды.
Шынар БӘШІРОВА,
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасының бас маманы.