Диас Аяған
Жаз басталғалы бері облыс орталығындағы ірі мәдениет мекемелерінде жаңа жоба жүзеге асуда. Мәселен, қаламыздағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана мен тарихи-өлкетану музейінің жұмыс уақыты ұзартылды. Енді аталған мекемелер жаз бойы түнгі сағат 23:00-ге дейін келушілерге қызмет көрсететін болады.
Жобаны жүзеге асыру үшін аталған екі мәдениет ошағының таңдап алынуы бекер емес. Өйткені облыстық кітапхана мен музей халық ең көп жүретін Қазақстан Конституциясы көшесінің бойында орналасқан. Идея авторлары осылайша саябақта серуендеп жүрген тұрғындарды рухани орындарға тартуға болады деп санайды. Осыған дейін өткен “Кітапхана түні”, “Музей түні” сынды шаралар да жүздеген адамның басын қосып, қалалықтар тарапынан сұраныстың бар екенін көрсеткен еді.
– Бәріміз білетіндей облыс орталығында екі үлкен мәдени нысан бар. Бұдан былай бұл нысандар қанатқақты режімде күн батқанша жұмыс істейтін болады. Бұл тәжірибе АҚШ пен Еуропа елдерінде дамыған. Біз осы тәжірибені өзімізде де енгіздік. Осылайша тұрғындар жұмыстан кейін отбасымен, жақындарымен кітапханада, музейде демалуға мүмкіндік алмақ, – деді игі бастама жайлы қызылжарлықтарды құлағдар еткен облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Досбол Әбдірисов.
Руханият ошақтарының тұрғындармен тығыз жұмыс істеуі қаланың туристік әлеуетін арттыруға да әсер етпек. Кешкі уақытта бұл мекемелерде экскурсиялар, танымдық сабақтар мен кездесулер өтеді деп күтілуде. Әдетте жаз айларында жұмыс уақыты қысқаратын екі мекеменің есігі енді келушілер үшін керісінше дүйсенбіден басқа күндері 23:00-ге дейін ашық болады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.