Айыртау ауданы, Саумалкөл ауылындағы агротехникалық колледж 65 жылдан бері маман даярлау арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Осы уақыт ішінде іргелі оқу орнына айналды. Жылдар бойы жинақталған тәжірибенің арқасында еңбек нарығында сұранысқа ие кадр даярлап, білікті мамандар ұстаханасына айналды. Бұл – аудан, облыс, республиканың ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандар даярлап отырған оқу ордасының бірі.
Колледж тарихына көз жүгіртсек, еліміздің қалыптасу жолы, өсіп-өркендеу кезеңімен астарлас. Соғыс кезінде, одан кейін де аш-жалаңаш қалған халық, ең алдымен, нанға мұқтаж еді. Оны өсіру үшін кәсіби механизаторлар қажет. Маман тапшылығына байланысты механикаландыру мектептері мен техникумдарын ашу туралы шешім қабылданды. Міне, осындай мектептердің бірі 1958 жылы Саумалкөл ауылында ашылды.
Ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің бірінші директоры болып П.Ф.Проскурин, оқу-өндіріс жұмыс жөніндегі орынбасарлыққа В.К.Киселев тағайындалған. Оқу орны ашыла салысымен жастарды техникалық мамандық негіздеріне жаппай оқыту басталды.
1960-1962 жылдары училищеге комсомол жолдамасымен білім алу үшін КСРО-ның түкпір-түкпірінен жастар келе бастады. Оқу мерзімі ол кезде 6-8 ай болатын, училищеде механизаторлар, тракторшылар, комбайншылар даярланды. Ол кезде училищенің 303 гектар егістік алқабында өз шаруашылығы болды. Бұл жерде оқушылар картоп, дәнді дақылдар, жүгері егетін.
1963 жылы училище директоры болып А.Е.Коротунов тағайындалды, ол зейнеттік жасқа жетіп, демалысқа шыққанға дейін 22 жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Оқу корпусы мен зертхана ғимараттарының салынуына мұрындық болып, іргелес аумақты ретке келтіріп, абаттандыру жұмысымен айналысты. Сол жылдары училищеде өз ісіне берілген педагогтар – А.Т.Малышева, М.И.Лопатина, П.К.Каун, О.И.Киселев, С.А.Омарова, Б.Т.Кенжалиев, Л.В.Осадчая, В.В.Трембач, А.Н.Трембач сынды ұстаздар еңбек етті. Жоғары білікті мамандар даярлағаны үшін училище бірнеше рет естелік сыйлықтармен, құрметті атақтармен, грамоталармен, жалаушамен марапатталды.
1970 жылдан бастап оқу орны үш жылдық оқу мерзімімен мамандар даярлауға көшті. Түлектер мамандықпен қатар орта білім ала бастады. Осы жылдан оқу ордасы даярлайтын мамандықтар саны да артты. Училищеде токарь, слесарь, электр және газбен дәнекерлеуші, құрылыс шеберлері де даярлана бастады. Сондай-ақ орта білімі барлар арасынан бір жылдық оқу курстарына қабылдау жүргізілді. Бұдан бөлек, аудан кеңшарларында жаңа модификациядағы тракторларды тізгіндейтін механизаторларды қайта даярлау ісін қолға алды.
1981 жылы училищенің техникалық базасы айтарлықтай өзгерді. Жоғары білікті мамандарды даярлау үшін училище паркінде сол кезеңде 9 доңғалақты және 9 шынжыр табанды трактор, 9 “СК-4” комбайны және 100-ден астам ауыл шаруашылығы қондырғылары, аумағы 500 гектар оқу шаруашылығы болды. 1983 жылдың көктемінде студенттер мен өндірістік оқыту шеберлерінің күшімен 500 гектар жерге дән себілді.
Білім ошағы қызмет еткен уақыт ішінде 10 мыңнан астам механизатор, 246 токарь, 700 электр және газбен дәнекерлеуші, 216 ветеринарлық өңдеуші оператор, 190 тоңазытқыш шебері, 60 құрылыс шебері, 200 аспаз, 160 сатушы даярлап шығарды.
2002 жылдан Айыртау ауданының №11 кәсіптік лицейінің ұжымын Серік Керейұлы Мусин басқарды. Араға тоғыз жыл салып, кәсіптік лицей атауы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылы агротехникалық колледжі болып өзгертілді.
Мен бұл оқу орнын 2021 жылдан бері басқарып келемін. Қазіргі ұжымның басты мақсатты – білімді әрі білікті, шығармашыл және адамгершілік мінез-құлыққа бай, еркін, өмірге құштар дарынды тұлға тәрбиелеу.
Ынтымағы жарасқан, ұйымшыл ұжым білім берудің инновациялық-әдістерін және ақпараттық технологияларды игеріп, заман көшіне ілесе нық қадам басып келеді. Инженерлік-педагогикалық құрам облыстық, республикалық байқауларға, конференцияларға қатысу арқылы кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отырады. Оқытушылар өз сабақтарында оқытудың инновациялық әдістерін қолданады. Орыс тілі мен әдебиеті, қазақ және ағылшын тілдері мұғалімдері модульдік, сыни тұрғыдан ойлау технологияларын сабақтарында кеңінен пайдаланады.
Шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын ұйымдастыру арқылы оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері үлкен тәрбие жұмысын жүргізеді. Колледжде көргені мен түйгені мол, тәжірибелі аға буын оқытушылар мен қызметкерлер – Г.Ә.Каконова, Д.С.Кургузкин, В.Г.Чеша, Б.Ж.Алпысбаева, М.Қ.Исмағұлов, С.Д.Қошқарбаева, С.И.Белоног, О.М.Мартемьянова білікті маман даярлауға зор үлестерін қосып жүр.
Студенттердің дайындық деңгейі жоғарылады, ғылыми-практикалық конференцияларға, олимпиадаларға белсене қатысады. Колледж түлектері мен студенттері біздің мақтанышымызға айналды. Олар – “World Skills Kazakhstan” республикалық байқауының облыстық чемпионатының жеңімпазы Арлан Тоқтаров, “World Skills Kazakhstan” ұлттық чемпионатының облыстық кезеңінің “Дәнекерлеу технологиялары” аталымы бойынша жеңімпазы Евгений Лукьянов, “Агро Skills” облыстық чемпионатының жеңімпаздары Михаил Никонович және Евгений Яковук, республикалық “Мен кәсіпкермін” жобасының жеңімпазы Иван Соломатин, “World Skills Kazakhstan” облыстық чемпионатының жүлдегерлері Вадим Плотников, Максим Штондин, пікірсайыс турнирінің облыстық кезеңінің жеңімпаздары Дмитрий Геннеберг мен Сергей Клепинин, “Жасыл ел” жасағының үздік жауынгері” атағының иегері Лариса Титаренко, “Солтүстік Қазақстан облысының үздік волонтеры” атағының иегері Валерия Шепелева, Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 үздік студенттерінің қатарына енген студенттеріміз, жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпиондары Денис Агишев, Сергей Асстепенков, Илья Рукавишников, Николай Райковский.
Бүгінгі таңда колледж – облыстағы үздік оқу орындарының бірі. ТжКБ жүйесін жаңғырту жағдайында түрлі инновацияларды сынақтан өткізуге арналған алаңға айналды. 2021 жылы колледж “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығы бойынша “Жас маман” бағдарламасымен білім беру жүйесіне көшті. Жобаға қатыса отырып, колледж “John Deere” ауыл шаруашылығы тракторы мен “Акрос” комбайнының тренажерін, дизельдік қозғалтқышты құрастыру және бөлшектеуге, гидравликалық күшейткішті рульді басқаруға арналған оқу модульдерін, “Mason Ferguson” және “John Deere” дөңгелекті тракторын, “Diechi” телескоптық тиегішін, сондай-ақ ауыл шарушылығы қондырғылары – аудармалы аспалы соқа, СДМ-300 құрама қопсытқышы, аспалы бүріккіш сатып алды. Бірнеше жылдан бері оқу орны жұмыс нәтижелерін рейтингтік бағалаудың қорытындысы бойынша облыс колледждері арасында алдыңғы орында.
Соңғы екі жылда “Аңшылықтану және аң шаруашылығы”, “Туризм” сынды жаңа мамандықтар ашылды. Жаңа оқу жылында тағы екі – “Тігін өндірісі және киім дизайны” мен “Салалар бойынша маркетинг” мамандықтарын ашу жоспарлануда. Бұл өңірдегі сұранысқа ие мамандар тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.
2017 жылдан бастап дуальды оқыту енгізілді. Әлеуметтік серіктес 20 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнаттық. Олардың арасында “Константиновка-2004” ЖШС, “Баянтай” ЖШС, “Әдемі Астық” ЖШС, “Желқуар-2003” ЖШС, “Людмила” ЖК, “Байманов” ЖК, “Гладкий” ЖК, “Ағзамова” ЖК бар. “Ауыл шаруашылығын механикаландыру”, “Дәнекерлеу ісі”, “Тамақтандыруды ұйымдастыру”, “Аңшылықтану және аң шаруашылығы” мамандықтары бойынша дуальды оқыту енгізілген. 2021-2022 оқу жылында түлектердің қорытынды аттестаттауы алғаш рет кадрларды даярлау сапасын бағалаудың жаңа құралы – “WorldSkills” стандарттары бойынша емтихан тапсырды. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 96 пайызды құрады.
Қазіргі таңда педагогикалық ұжым жабдықталған оқу кабинеттерінде білім беріп жатыр. Колледж шеберханаларында токарьлық, фрезерлік, тегістеу станоктары бар. Оқу полигоны толық жабдықталды. Бұл жерде студенттер жұмысшы мамандықтардың қыр-сырына үйренеді. Оқу үдерісі компьютерлендірілген, бір компьютерлік сынып жабдықталған. Оқу барысында 30-дан астам компьютер қолданылады. Әрбір оқу кабинетінде проектор және басқа да қажетті электронды жабдықтар бар. Кітапхана қоры жыл сайын жаңа әдебиеттермен толықтырылып отырады. Колледждің жатақханасы мен асханасы бар. Мамандықтардың кеңеюіне және студенттердің көбеюіне байланысты колледж аумағында орналасқан 120 орындық екінші жатақхана ғимаратын жөндеп, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Білім ордасы бай тарихымен және білікті кадрлар даярлаудағы жетістіктерімен мақтана алады. Себебі шығармашыл, іскер, өз ісіне берілген мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеген іргелі оқу орны бүгінде заманауи технологияны игерген, жаңашыл кадрларды даярлап жатыр.
Берік ЖАНАХМЕТОВ,
Саумалкөл ауылы агротехникалық колледжінің директоры.
Айыртау ауданы.