«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЛІКТЕН АСҚАН БАЙЛЫҚ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сесиясында сөйлеген сөзінде бірлік пен тұрақтылық болмаса, саяси-экономикалық реформалар жүзеге аспайтынын айрықша атап көрсеткен болатын. “Мен бұған дейін де айттым: еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек”, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Қазақстанды көпэтносты мемлекет ретінде қалыптастырудың тарихи алғышарттары әріде жатыр. Өткенге көз жүгіртсек, саяси, басқа да қуғын-сүргін кезеңдер аз болмаған. Республика аумағында тәжік этносының пайда болуы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарынан басталады. Кеңес өкіметі жергілікті суармалы егіншілікті көтеру мақсатымен оңтүстік өңірлерге мыңдаған тәжік отбасын күштеп көшірген. Сулы-батпақты жерлерде қоныстанған олар тұрғылықты халықпен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті қарым-қатынас орнатқан. Бүгінде облыс орталығында 1200-ге жуық тәжік тұрады. Ең көп шоғырланған жерлері – Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандары. Қай этнос өкілінің болсын басты ортақ ұстанымы қазақ еліне, жұртына, бір-біріне деген сый-құрметі, өзара татулық пен бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау болып табылады. Бұл орайда өңірдегі тәжіктердің атқарып отырған іс-шаралары аз емес.

Президенттің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда консультативті-кеңесші орган ретінде құрылғаны мәлім. Бұл идеяның Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жарияланғаны нақ бүгінгідей есімізде. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси, сондай-ақ тәуелсіз, көпэтносты, көпконфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған болатын. Содан бергі уақытта Ассамблея елеулі өзгерістерді бастан өткеріп, бай тәжірибе жинақтап, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Институционалдық құрылымы жағынан да нығайып, қоғамдық ұйыстырушы әлеуеті толысты. Ата Заң негізінде ерекше мәртебесі айқындалып, конституциялық органға айналды. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың бесігі саналатын елімізде этносаралық келісімді сақтау және нығайту саласында этно-мәдени орталықтардың маңызы зор, ықпалы жоғары. Президент белгілеп берген тиімді мемлекеттік саясаттың арқасында тәжік этносының өкілдері де, басқалар сияқты, өз мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға, ана тілін дамытуға мүмкіндік алды. Былтыр Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының базасында “Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы” республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылды. Содан бері Қазақстан халқы Ассамблеясының жергілікті құрылымымен, өзге де этномәдени бірлестіктермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, қалалық, облыстық, республикалық іс-шараларда белсенділік танытып келеді. Этно-мәдени бірлестік мүшелері Қазақстан халқының этносаралық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін нығайту, тәжік этносының мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтау және дәріптеу міндеттерін жақсы түсінеді. Мерекелік іс-шаралар аясында тәжік орталығының өкілдері жұртшылыққа шығармашылық концерттер ұсынады. Қайырымдылық акцияларына үзбей қатысады. Аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге көмек көрсетуден бас тартқан емес. Орталық белсенділері 48 мекемеде өткен “ашық есік күні” шараларына қатысып, дәмді ас мәзірлерін әзірлеп, тегін таратты. Қостанай облысында өрттен зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек жіберді. Абай облысында болған “тілсіз жаудан” ауыр қайғы-қасірет көрген отбасыларға көмек қолымызды создық.

Биылдың өзінде бірнеше қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды. Аққайың ауданы Ленин елді мекенінде ауызашар өткізіп, палау таратылды. Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін аяқ киіммен, сондай-ақ азық-түлікпен қамтамасыз еттік.

Тәжіктер қазақ ағайындардың мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын жетік меңгерген. Біз қазақтардың мейірімділік, қонақжайлылық қасиеттеріне тәнтіміз. Алдағы уақытта да рухани-адамгершілік және мәдени дәстүрлерін басшылыққа ала отырып, өзара ынтымақтастықта әрекет ете беретін боламыз.

Убайдулло РАДЖАПОВ,

“Тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp