Өңірімізде қылмыстық-атқару жүйесінің бес түзеу мекемесі бар. Онда жазаларын өтеп жатқандарды тәрбиелеудің тиімді жолдарының бірі – еңбекке баулу. Бүгінгі таңда түзеу мекемелерінде бизнес ашып, оны дамытуға зор көңіл бөлініп отыр. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №48 түзеу мекемесінде басқарма өкілдері және кәсіпкерлердің қатысуымен жиын өткізіп, жазаларын өтеп жатқандарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді. “Alageum Electric” зауыты биыл 10 миллиард теңгеге трансформатор шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорында 150-ге жуық адам еңбек етеді. Кадр тапшылығы бар. Сондықтан темір тордың ар жағында филиал ашып, трансформатордың ағаштан жасалатын қосалқы бөлшектерін шығармақ.
– Бұл жерде ағаш өңдейтін цех бар. Сондықтан біздің өндіретін өнімдерге керекті ағаш бұйымдарды осы жерде жасауға мүмкіндік бар. Екі жаққа да тиімді болатын істі неге қолға алмасқа, – деді зауыт басшысы Ерсұлтан Шәмшиев.
“Жас Тарлан” компаниясы былтыр Айыртау ауданы Саумалкөл ауылында орналасқан түзеу мекемесінің аумағында ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ шығаратын цех ашқан болатын. Енді кәсіпкер киім-кешек тігетін орын жабдықтап, 40-50 сотталғанды жұмыспен қамтымақшы.
Ерлер колониясында бүгінгі таңда 800-ге жуық адам жазасын өтеуде. Мекеме аумағында сегіз кәсіпорын жұмыс істейді. Мамандардың сөзіне қарағанда, сотталғандардың жұмыспен қамтылуы тәртіпті түзеп қана қоймай, олардың қарыздан құтылуына, жаңа мамандықтарды меңгеруіне мүмкіндік береді.
Металдан және ағаштан жасалған бұйымдар, жұмсақ ойыншықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек пен өзге де дүниелер – сотталғандардың қолынан келетін жұмыстар. Олар күніне 6-7 сағат жұмыс істеп, тапқан табыстарына өздеріне керекті заттарын алып, сот белгілеген берешектерін өтей алады.
Өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелермен 16 серіктестік және бес жеке кәсіпкер келісімшарт жасаған. Қазір 531 жазасын өтеуші жұмыс істейді. Бұл – еңбекке қабілетті сотталғандардың 42 пайызы.
Майгүл СЕЙІЛБЕК.