«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕКТЕРІ ЕРЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еңбегімен ел құрметіне бөленген ардагерлердің өнегелі өмір жолы бү­гінгі жастарға үлгі болуы тиіс. Жа­қын­да Тайынша ауданының орталығын­дағы Мәдениет үйінде облыстық ар­дагерлер кеңесінің “Шын жүректен” жобасы аясында өткен мерекелік ша­раның мақсаты да осыған саяды.

Ардагерлер ұйымдары арасын­да мұндай ауқымды іс-шараны биыл тайыншалықтар облыс аудандары арасында бірінші болып өткізді. Ау­дандық ардагерлер кеңесінің төраға­сы Анатолий Рафальский бұл қыз­метке жақында ғана тағайындалса да іске білек сыбана кірісіп, тәрбиелік мазмұны терең шараны ұйымдасты­руға үлкен жауапкершілікпен қарап, жан-жақты ойластырғаны бірден байқалды.

– Біз осы мерекеге құрметті ең­бек ардагерлері тұрып жатқан ауыл мектептерінің оқушылары мен жас­та­рын шақырдық. Өскелең ұрпақ аға буынның ерен істерін мақтан тұтып, сол кісілердің жолын қуса деп ойлай­мыз. Еліміздің дамуы жолында бар күш-жігерлерін арнаған алдыңғы толқынның қай ісі болмасын өрен­дерді шабыттандыруы керек, – деді Анатолий Павлович .

Сахна төріне көтерілген “Құрмет­ті теміржолшы”, “Адал еңбегі үшін” төсбелгілерінің иегері Сағидолла Та­сымовты, “Октябрь” кеңшарындағы мал фермасының бұрынғы жұмыс­шысы, “Еңбек ардагері” төсбелгісі­мен марапатталған Мария Бирюко­ваны, ауданнан тыс жерлерге де та­нымал шебер тігінші, бұрынғы “Звезда коммуны” ұжымшарындағы сүт фер­масының алдыңғы қатарлы сауын­шысы Ұлбике Мұсақанованы, “Құрмет белгісі” орденінің иегері, трак­торшы Күликен Әбдікәрімованы залда отырғандар ду қол шапалақ­тап қарсы алды.

Аты аталған кісілердің әрқайсы­сының өмір жолы та­рихи дастан сияқты. Біз әлеуметтік-экономикалық жетістік­тер­ге осындай жандардың маңдай те­рінің арқасында қол жеткізгеніміз рас.

– Менің бүкіл өмірім Октябрь ауы­лында өтті. Сол елді мекенде трак­торшы да, шопан да болдым. Целиноград темір­ жол көлігі техникумын сырттай бітір­дім. Мемлекеттік көлік және бай­ла­ныс академиясын тамамдағаннан кейін мені облыс орталығына жала­қысы мол қызметке шақырып, пәтер бермекші де болған. Бірақ балғын ба­лалық шағым өткен ауылымды, құ­лынтайдай тебісіп бірге өскен доста­рымды, біте қайнасып кеткен ұжы­мымды, көңіліме қуаныш сыйлаған жұмысымды қиып кете алмадым, – дейді Сағидолла Тасымов өткен күн­дерді еске алып.

Күликен Әбдікәрімова болса се­гізінші сыныпты бітіргеннен кейін кең­шардағы қайнаған еңбекке кірісіп кет­кен. Оның абыройға бөленіп, биік шың­ға көтерілуі бұрынғы Көкшетау облысының “Терновский” кеңшарын­да тракторист әйелдер бригадасын құрған күннен басталыпты. Бұдан кейін комсомол-жастар бригадасына жетекшілік еткен. 1978 жылы Көкшетау об­лысынан Бүкілодақтық комсомол ұйымының он сегізінші съезіне делегат болып қатысқан.

Мария Бирюкова да төзімділік пен қажыр-қайрат сынға түскен та­лай қиын жолдардан өтті. Шалғай­да­ғы Гомель облысында дүниеге кел­ге­німен, 1961 жылы біздің өңірге от­ба­сымен көшіп келіп, Большой Изюм ауы­лына қоныстанғаннан бірден бауыр басып кеткен. Ол “Октябрь” кеңшарының мал фер­масында 1962 жылдан бастап зей­нет­ке шыққанға дейін отыз екі жыл табан аудармай жұмыс істейді.

Тайыншалықтар “Бесжылдық­тың жас гвардиясы” төсбелгісімен марапатталған еңбек ардагері Ұлби­ке Мұсақанованың да есімін ерекше ілтипатпен атайды. Оның “Звезда коммуны” ұжымшарының ферма­сын­да сауыншы болып жұмыс істе­ген жылдары Мәскеуде өткен Бүкіл­одақтық комсомол ұйымының съезі­не қатысқанын жерлестері мақта­ныш­пен айтып отырады.

Зейнетке шыққанына көп жыл болса да Ұлбике Жаналиқызы қол қусырып бос отырған емес. Қазір бала кезінен бері серігіне айналған тігіншілікпен айналысады. Оның қо­лы­нан шыққан сәнді киім, ұлттық на­қыштағы киіз үйді безендіруге арнал­ған өрнектер, түрлі бұйымдар еріксіз көз тартады. Бойына біткен дарынын кә­сібіне айналдырып отырған іскер жан­ның еңбекқорлығына сүйсінесің.

Рухани шара барысында сөз ал­ған “Алабота” жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінің директоры, облыс­тық мәслихаттың депутаты Ерлан Ал­пысов жастық шағын жасампаз ең­бекке арнаған аға буын өкілдері жас ұрпақ жүрегінде халқымыздың асыл құндылықтарын, құрмет сезімін оята­тын жарқын үлгі екенін айтып, тәлімі мол осы шараны ұйымдастырған ау­дандық ардагерлер кеңесіне алғы­сын білдірді.

Облыстық ардагерлер кеңесі төр­ағасының орынбасары Бейбіт Әбі­лев атап өткендей, “Шын жүректен” жобасы шеңберінде еңбек ерендерін ұлықтау шаралары басқа аудандар­да да жалғасатын болады.

Марат ЕРМҰҚАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp