Еңбегімен ел құрметіне бөленген ардагерлердің өнегелі өмір жолы бүгінгі жастарға үлгі болуы тиіс. Жақында Тайынша ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде облыстық ардагерлер кеңесінің “Шын жүректен” жобасы аясында өткен мерекелік шараның мақсаты да осыған саяды.
Ардагерлер ұйымдары арасында мұндай ауқымды іс-шараны биыл тайыншалықтар облыс аудандары арасында бірінші болып өткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Анатолий Рафальский бұл қызметке жақында ғана тағайындалса да іске білек сыбана кірісіп, тәрбиелік мазмұны терең шараны ұйымдастыруға үлкен жауапкершілікпен қарап, жан-жақты ойластырғаны бірден байқалды.
– Біз осы мерекеге құрметті еңбек ардагерлері тұрып жатқан ауыл мектептерінің оқушылары мен жастарын шақырдық. Өскелең ұрпақ аға буынның ерен істерін мақтан тұтып, сол кісілердің жолын қуса деп ойлаймыз. Еліміздің дамуы жолында бар күш-жігерлерін арнаған алдыңғы толқынның қай ісі болмасын өрендерді шабыттандыруы керек, – деді Анатолий Павлович .
Сахна төріне көтерілген “Құрметті теміржолшы”, “Адал еңбегі үшін” төсбелгілерінің иегері Сағидолла Тасымовты, “Октябрь” кеңшарындағы мал фермасының бұрынғы жұмысшысы, “Еңбек ардагері” төсбелгісімен марапатталған Мария Бирюкованы, ауданнан тыс жерлерге де танымал шебер тігінші, бұрынғы “Звезда коммуны” ұжымшарындағы сүт фермасының алдыңғы қатарлы сауыншысы Ұлбике Мұсақанованы, “Құрмет белгісі” орденінің иегері, тракторшы Күликен Әбдікәрімованы залда отырғандар ду қол шапалақтап қарсы алды.
Аты аталған кісілердің әрқайсысының өмір жолы тарихи дастан сияқты. Біз әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге осындай жандардың маңдай терінің арқасында қол жеткізгеніміз рас.
– Менің бүкіл өмірім Октябрь ауылында өтті. Сол елді мекенде тракторшы да, шопан да болдым. Целиноград темір жол көлігі техникумын сырттай бітірдім. Мемлекеттік көлік және байланыс академиясын тамамдағаннан кейін мені облыс орталығына жалақысы мол қызметке шақырып, пәтер бермекші де болған. Бірақ балғын балалық шағым өткен ауылымды, құлынтайдай тебісіп бірге өскен достарымды, біте қайнасып кеткен ұжымымды, көңіліме қуаныш сыйлаған жұмысымды қиып кете алмадым, – дейді Сағидолла Тасымов өткен күндерді еске алып.
Күликен Әбдікәрімова болса сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін кеңшардағы қайнаған еңбекке кірісіп кеткен. Оның абыройға бөленіп, биік шыңға көтерілуі бұрынғы Көкшетау облысының “Терновский” кеңшарында тракторист әйелдер бригадасын құрған күннен басталыпты. Бұдан кейін комсомол-жастар бригадасына жетекшілік еткен. 1978 жылы Көкшетау облысынан Бүкілодақтық комсомол ұйымының он сегізінші съезіне делегат болып қатысқан.
Мария Бирюкова да төзімділік пен қажыр-қайрат сынға түскен талай қиын жолдардан өтті. Шалғайдағы Гомель облысында дүниеге келгенімен, 1961 жылы біздің өңірге отбасымен көшіп келіп, Большой Изюм ауылына қоныстанғаннан бірден бауыр басып кеткен. Ол “Октябрь” кеңшарының мал фермасында 1962 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін отыз екі жыл табан аудармай жұмыс істейді.
Тайыншалықтар “Бесжылдықтың жас гвардиясы” төсбелгісімен марапатталған еңбек ардагері Ұлбике Мұсақанованың да есімін ерекше ілтипатпен атайды. Оның “Звезда коммуны” ұжымшарының фермасында сауыншы болып жұмыс істеген жылдары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық комсомол ұйымының съезіне қатысқанын жерлестері мақтанышпен айтып отырады.
Зейнетке шыққанына көп жыл болса да Ұлбике Жаналиқызы қол қусырып бос отырған емес. Қазір бала кезінен бері серігіне айналған тігіншілікпен айналысады. Оның қолынан шыққан сәнді киім, ұлттық нақыштағы киіз үйді безендіруге арналған өрнектер, түрлі бұйымдар еріксіз көз тартады. Бойына біткен дарынын кәсібіне айналдырып отырған іскер жанның еңбекқорлығына сүйсінесің.
Рухани шара барысында сөз алған “Алабота” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Ерлан Алпысов жастық шағын жасампаз еңбекке арнаған аға буын өкілдері жас ұрпақ жүрегінде халқымыздың асыл құндылықтарын, құрмет сезімін оятатын жарқын үлгі екенін айтып, тәлімі мол осы шараны ұйымдастырған аудандық ардагерлер кеңесіне алғысын білдірді.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бейбіт Әбілев атап өткендей, “Шын жүректен” жобасы шеңберінде еңбек ерендерін ұлықтау шаралары басқа аудандарда да жалғасатын болады.
Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.