Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада діни экстремизмнің алдын алу тақырыбына арналған семинар өтті. Тура жолдан адасып, жат ағымның жетегінде кеткендер – қоғамның өзекті мәселесіне айналғаны белгілі. Ал діни сауаты төмен жандардың санасы уаланбау үшін интернет желісінен жат ағымдарды насихаттаған 50 мыңнан астам материал жойылыпты.
– Біздің негізгі міндетіміз – экстремизмнің алдын алу. Талдау, зерделеу жұмыстары арқылы біз алдағы сын-қатерлерді анықтауымыз керек. Экстремистік контенттердің көбі зорлық-зомбылыққа шақырады. Яғни теріс әрекеттерге итермелейді. Діннің миссиясы мүлде басқа. Ол ізгілікке шақырады, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитеті басқармасының басшысы Жапал Долиев.
Жалпы діннің атын жамылып, адамдарды зорлық-зомбылық жасауға шақыратындарды “радикалды топтар” деп атайды. Олар теріс мазмұндағы ақпар тарату арқылы адамның санасын улайды. Түрлі жаман әрекеттерге итермелейді. Олардың құрығына ілінбеу үшін әр азаматтың дәстүрлі дін жайында түсінігі болуы тиіс. Осы ретте мамандар бұл мәселемен жауапты орган ғана емес қоғам болып күресуі қажет дейді.
Жиында “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушысы Айша Кеңесбай әдет-ғұрып пен дін жайында өз ойын айтты. Ол жаһандану заманында төл салт-дәстүрімізді насихаттау аса маңызды дейді. Себебі жат ағым оған да ықпал етуі мүмкін.
– Салт-дәстүрді діннен бөліп қарайтындар өте көп. Ата-бабамыз ұстанған әдет-ғұрып ислам дінімен біте қайнасып кеткен. Оны бөліп-жарып қарауға болмайды. Салт-дәстүр тұсаукесер, ұлттық киіммен ғана шектелмейді. Ол үлкенді құрметтеп, кішіге ізет танытуды да қамтиды, – дейді “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушысы Айша Кеңесбай.
Алдияр АЙТПАЕВ.