Халықтың өмір сүру деңгейі табыс көзінің болуына тікелей байланысты. 2022 жылы облысымыз бойынша халықтың атаулы ақшалай табыстары бір адамға шаққанда айына 139,5 мың теңгені құрады.
Тұрғындардың негізгі табыс көзі еңбек қызметі болды, ол 2022 жылы жалпы ақшалай табыс көлемінің 64,8 пайызын құрады. Еңбек қызметінен түскен табыс, өз кезегінде, жалданып жұмыс істеу бойынша (57,5 пайыз) және өзін-өзі жұмыспен қамтудан, кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістерді (7,3 пайыз) білдіреді. Әлеуметтік трансферттер (зейнетақылар, жәрдемақылар, стипендиялар) жалпы ақшалай кірістер көлемінің 29,2 пайызын құрады.
Қала тұрғындарының еңбек қызметінен түскен табысы ауылда тұратындармен салыстырғанда 9,9 пайызға көп. Бұл ретте петропавлдықтардың денінің жұмыспен қамтылғанын айтып өткен жөн. 2022 жылы 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 293,3 мың адамға жетті, бұл еңбекке қабілетті жастағы жалпы облыс тұрғындары санының 68,5 пайызын құрайды.
Облыс экономикасында 279,1 мың адам жұмыс істейді. Жұмыспен қамтылған халық арасында жалдамалы жұмыскерлердің үлесі – 74,5, өз бетінше жұмыспен қамтылғандардың үлесі 25,5 пайыз.
Жалдамалы қызметкерлердің жалпы санынан ұйымдарда 178,8 мың адам (85,6 пайыз), шаруа қожалықтарында – 5,8 мың адам (2,8 пайыз), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша – 3,5 мың адам (1,7 пайыз) жұмыс істейді.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны ауыл, орман және балық шаруашылығы (78,7 мың адам), көтерме және бөлшек сауда (40,5 мың адам), білім беру (35,7 мың адам) сияқты қызмет салаларында байқалады. Өнеркәсіпте – 24,9 мың адам, мемлекеттік басқару мен қорғаныс саласында – 18,6 мың адам, көлік пен қоймалауда – 17,9 мың адам, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер салаларында – 15,7 мың адам жұмыс істейді.
2022 жылы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың көпшілігі ауыл, орман және балық шаруашылығында (41,3 мың адам), көтерме және бөлшек саудада (11,8 мың адам), көлік қызметтері саласында (3,6 мың адам) шоғырланған.
Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесіне сәйкес ғылыми-практикалық айналымға “нәтижелі жұмыспен қамтылғандар” және “нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар” деген ұғымдар енгізілген. Бұл ретте нәтижелі жұмыспен қамтылғандар санатына өзі тұтынатын ғана емес, басқа адамдарға сату үшін өнім өндіретін адамдар жатады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста нәтижелі жұмыспен қамтылғандар саны 69,6 мың адамды құрады.
Облысымызда жұмыссыз ретінде тіркелген 14,2 мың адам бар. Жұмыссыздық деңгейі – 4,9 пайыз. Олардың қатарында қала тұрғындарының үлесі – 5,7 мың адамды (40,1 пайыз), ауылдықтар 8,5 мың адамды (59,9 пайыз) құрап отыр.
Жалданып жұмыс істеуден түсетін табыстың негізгі көзі жалақы болып табылады. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы салықтар мен басқа да ұстап қалуларды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналары), сондай-ақ ынталандырушы және өтемдік сипаттағы төлемдерді (қосымша төлемдер, үстемеақылар, сыйлықақылар және өзге де төлемдер) ескере отырып қалыптастырылады.
2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда есептелген Солтүстік Қазақстан облысы бойынша атаулы жалақы алдыңғы жылғы деңгейден 21,3 пайызға асып, бір қызметкерге орта есеппен 226799 теңгені құрады.
Кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтегі жалақы 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда – 42,7 пайызға, көлік және қоймалау саласында – 36,5 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығында – 28,2 пайызға , өңдеу өнеркәсібінде – 28,5 пайызға өсті.
Облыс бойынша орташа жалақыдан едәуір асатын еңбекақыны көлік және қоймалау (335938 теңге), қаржы және сақтандыру қызметі (333079 теңге) салаларында жұмыспен қамтылғандар алады. Ең төмен жалақы басқа да қызмет түрлерін ұсыну (125871 теңге), әкімшілік және көмекші қызмет көрсету саласындағы қызмет (124463 теңге) салаларында жұмыс істейтін қызметкерлерге тиесілі.
2022 жылы облыстағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысы бар халықтың үлесі 5,7 пайызды құрады.
Облыстағы әрбір тұрғынның жылдық шығыстары 2022 жылы орта есеппен 1066863 теңгені немесе айына 88905 теңгені құрады. Ақшалай шығыстардың жалпы құрылымында азық-түлік тауарларын сатып алуға жұмсалған шығыстар – 44,8 пайыз, азық-түлік емес тауарлар – 30,4 пайыз, ақылы қызметтерге – 14,3 пайыз. Қала тұрғыны айына азық-түлікке ауыл тұрғынына қарағанда 40,1 пайыз артық ақша жұмсайды. Қалалықтардың ақылы қызметтер үшін жұмсайтын шығыстары ауылдықтарға қарағанда 1,9 есе жоғары.
Жорабек ДӘУРЕНОВ,
Ұлттық статистика бюросы
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы.