«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРІСІ КЕҢІГЕН ӨНДІРІС

Өмір Есқали

 u_shalabaeva@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен “CLAAS Group” неміс компаниясының бас директоры Ян-Хендрик Мор кездесу өткізіп, ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру кәсіпорнын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Өңір басшысы инвесторлар үшін барлық жағдай жасалғанын, жетістіктерге жетудің ынталандыру тәжірибесі қалыптасқанын, өндірісті оқшаулау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін баса айтты.

Әлемдік брендке айналған компания бір ғасырдан аса уақыт бойы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сапалы әрі заманауи техникалармен қамтамасыз етіп келеді. АҚШ, Венгрия, Германия, Қытай, Үндістан, тағы басқа мемлекеттерден сұраныс көп. Алпауыт фирманың егіс комбайндары жерге дән сіңіріп, жайқалта астық өсіріп жүрген біздің шаруалар арасында да жақсы танымал және сұранысқа ие.

2021 жылдан бастап өнімділігі жоғары техникалар солтүстікқазақстандық диқандар үшін де қолжетімді бола түсті. “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында жаңа зауыт бой көтеріп, озық жобаны іске асыруға 4 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталды. Үш жыл ішінде 54 млрд. теңгенің 700-ге жуық техникасы құрастырылды.

– Петропавл қаласында орналасқан кәсіпорын өңірдің әрі қарай дамуына оң ықпал етті. Өндірісті арттыру үшін жергілікті жерде барлық жағдай жасалған. Іскерлік қолдау одан әрі жалғасады, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Бүгінде өңірде орақ жұмыстарына бір мыңнан астам комбайн қатысады. Немістің бұл техникасының алғашқы легі 1992 жылы сатып алыныпты. Ал жаңа комбайндар 30 пайыздық жеңілдікпен ұсынылады.

“CLAAS Group” компаниясының бас директоры Ян-Хендрик Мор өзара ынтымақтастық қарым-қатынасқа ризашылығын білдіре отырып, жобаны жүзеге асыруға көп уақыт пен күш-жігер жұмсалғанын жеткізді. Қажырлы еңбектің нәтижесінде Қызылжар өңірінде құрастырылатын техникалардың саны арта түскен. Бұл – қуантарлық жайт.

Кездесу соңында неміс делегациясының басшысы әріптестік байланысты одан әрі нығайту үшін облыс әкімін Германияда өтетін ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысуға шақырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp