«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылға ауадай қажет мамандар даярлайтын колледждің ашылғанына — 65 жыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданы, Сау­малкөл ауылындағы агротехникалық кол­ледж 65 жылдан бері маман даярлау арқылы өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына өз үлесін қосып ке­леді. Осы уақыт ішінде іргелі оқу орнына айналды. Жылдар бойы жинақталған тәжіри­бенің арқасында еңбек нарығында сұранысқа ие кадр даярлап, білікті мамандар ұстаханасына айналды. Бұл – аудан, облыс, республиканың ауыл шаруашылығы саласына қа­жетті мамандар даярлап отырған оқу ордасының бірі.

Колледж тарихына көз жү­гіртсек, еліміздің қалыптасу жолы, өсіп-өркендеу кезеңімен астарлас. Соғыс кезінде, одан кейін де аш-жа­ла­ңаш қалған халық, ең алдымен, нанға мұқтаж еді. Оны өсіру үшін кә­сіби механизаторлар қажет. Маман тапшылығына байланысты механикаландыру мек­тептері мен техникумдарын ашу ту­ралы шешім қабылданды. Міне, осын­дай мектептердің бірі 1958 жылы Саумалкөл ауылында ашылды.

Ауыл шаруашылығын механика­ландыру училищесінің бірінші дирек­торы болып П.Ф.Проскурин, оқу-өндіріс жұ­мыс жөніндегі орынбасарлыққа В.К.Киселев тағайындалған. Оқу орны ашыла салысымен жас­тарды техникалық мамандық негіздеріне жаппай оқыту басталды.

1960-1962 жылдары училищеге комсо­мол жолдамасымен білім алу үшін КСРО-ның түкпір-түкпірінен жастар келе бастады. Оқу мерзімі ол кезде 6-8 ай болатын, училищеде механиза­торлар, тракторшылар, комбайншы­лар даярланды. Ол кезде учили­щенің 303 гектар егістік алқабында өз ша­руашылығы болды. Бұл жерде оқушылар картоп, дәнді дақылдар, жүгері егетін.

1963 жылы учили­ще­ директоры болып А.Е.Коро­тунов тағайындалды, ол зейнеттік жасқа жетіп, демалысқа шыққанға дейін 22 жыл бойы ты­нымсыз еңбек етті. Оқу корпусы мен зертхана ғимараттарының салы­нуына мұрындық болып, іргелес ау­мақты ретке келтіріп, абаттандыру жұмысымен айналысты. Сол жылда­ры училищеде өз ісіне берілген педагогтар – А.Т.Малышева, М.И.Ло­патина, П.К.Каун, О.И.Киселев, С.А.Омарова, Б.Т.Кенжалиев, Л.В.Осадчая, В.В.Трембач, А.Н.Трембач сынды ұстаздар еңбек етті. Жоғары білікті мамандар даярлағаны үшін училище бірнеше рет естелік сыйлықтармен, құрметті атақтармен, грамоталармен, жалау­шамен марапатталды.

1970 жылдан бастап оқу орны үш жылдық оқу мерзімімен мамандар даярлауға көшті. Түлектер мамандық­пен қатар орта білім ала баста­ды. Осы жылдан оқу ордасы даяр­лайтын мамандықтар саны да артты. Училищеде токарь, слесарь, электр және газбен дәнекерлеуші, құрылыс шеберлері де даярлана бастады. Сондай-ақ орта білімі барлар арасынан бір жыл­дық оқу курстарына қабылдау жүр­гізілді. Бұдан бөлек, ауда­н кеңшарларында жаңа моди­фикациядағы тракторларды тізгіндейтін механизаторларды қайта даярлау ісін қолға алды.

1981 жылы училищенің техника­лық базасы айтарлықтай өзгерді. Жоғары білікті мамандарды даярлау үшін училище паркінде сол кезеңде 9 доңғалақты және 9 шынжыр табанды трактор, 9 “СК-4” комбайны және 100-ден астам ауыл шаруашылығы қондырғылары, аумағы 500 гектар оқу шаруашылығы болды. 1983 жыл­дың көктемінде студенттер мен өн­дірістік оқыту шеберлерінің күшімен 500 гектар жерге дән себілді.

Білім ошағы қызмет еткен уақыт ішінде 10 мыңнан астам механиза­тор, 246 токарь, 700 электр және газбен дәнекерлеуші, 216 ветеринарлық өңдеуші оператор, 190 тоңазытқыш шебері, 60 құрылыс шебері, 200 аспаз, 160 сатушы даярлап шы­ғарды.

2002 жылдан Айыртау ауданының №11 кәсіптік лицейінің ұжымын Серік Керейұлы Мусин басқарды. Араға то­ғыз жыл салып, кәсіптік лицей атауы Айыр­тау ауданының Саумалкөл ауылы агротехникалық колледжі болып өзгертілді.

Мен бұл оқу орнын 2021 жылдан бері басқарып келемін. Қазіргі ұжымның басты мақсатты – білімді әрі білікті, шығармашыл және адамгершілік мінез-құлыққа бай, еркін, өмірге құштар да­рынды тұлға тәрбиелеу.

Ынтымағы жарасқан, ұйымшыл ұжым білім берудің инновациялық-әдістерін және ақпараттық технологияларды игеріп, заман көшіне ілесе нық қадам басып келеді. Инженерлік-педагогикалық құрам облыстық, республи­калық байқауларға, конференция­ларға қатысу арқылы кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп отырады. Оқытушы­лар өз сабақтарында оқытудың инно­вациялық әдістерін қолданады. Орыс тілі мен әдебиеті, қазақ және ағылшын тілдері мұғалімдері модульдік, сыни тұрғыдан ойлау технологияларын сабақтарында кеңі­нен пайдаланады.

Шығармашылық үйір­мелер мен спорт секцияларын ұйымдастыру арқылы оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері үл­кен тәрбие жұмысын жүргізеді. Кол­леджде көргені мен түйгені мол, тәжі­рибелі аға буын оқытушылар мен қызметкерлер – Г.Ә.Каконова, Д.С.Кур­гузкин, В.Г.Чеша, Б.Ж.Ал­пыс­баева, М.Қ.Исмағұлов, С.Д.Қошқарбаева, С.И.Белоног, О.М.Мар­темьянова білікті маман даярлауға зор үлестерін қосып жүр.

Студенттердің дайындық деңгейі жоғарылады, ғылыми-практикалық конференцияларға, олимпиадаларға белсене қатысады. Колледж түлек­тері мен студенттері біздің мақта­нышымызға айналды. Олар – “World Skills Kazakhstan” республикалық байқауының облыстық чемпиона­тының жеңімпазы Арлан Тоқтаров, “World Skills Kazakhstan” ұлттық чем­пионатының облыстық кезеңінің “Дәнекерлеу технологиялары” аталымы бойынша жеңімпазы Евгений Лукьянов, “Агро Skills” об­лыстық чемпионатының жеңімпазда­ры Михаил Никонович және Евгений Яковук, республика­лық “Мен кәсіпкермін” жобасының же­ңімпазы Иван Соломатин, “World Skills Kazakhstan” облыстық чемпионатының жүлдегерлері Вадим Плотников, Максим Штондин, пікірсайыс турни­рінің облыстық кезеңінің жеңімпазда­ры Дмитрий Геннеберг мен Сергей Клепинин, “Жасыл ел” жасағының үздік жауынгері” атағы­ның иегері Лариса Титаренко, “Солтүстік Қазақстан облысының үздік волонтеры” атағының иегері Валерия Шепелева, Қа­зақстан Республикасы колледжде­рінің ТОП-100 үздік студенттерінің қа­тарына енген студенттеріміз, жеңіл атлетикадан Қазақстан Рес­публикасының чемпиондары Денис Агишев, Сергей Асстепенков, Илья Рукавишников, Николай Райковский.

Бүгінгі таңда колледж – облыста­ғы үздік оқу орындарының бірі. ТжКБ жүйесін жаңғырту жағдайында түрлі инновацияларды сынақтан өт­кізуге арналған алаңға айналды. 2021 жылы колледж “Ауыл шаруашылығын механикаландыру” мамандығы бойынша “Жас маман” бағдарламасымен білім беру жүйе­сіне көшті. Жобаға қатыса отырып, колледж “John Deere” ауыл шаруа­шылығы тракторы мен “Акрос” ком­байнының тренажерін, дизельдік қоз­ғалтқышты құрастыру және бөлшек­теуге, гидравликалық кү­шейткішті рульді басқаруға арналған оқу модульдерін, “Mason Ferguson” және “John Deere” дөңгелекті тракто­рын, “Diechi” телескоптық тиегішін, сондай-ақ ауыл шарушылығы қондыр­ғылары – аудармалы аспалы соқа, СДМ-300 құрама қопсытқышы, ас­палы бүріккіш сатып алды. Бірнеше жылдан бері оқу орны жұмыс нәти­желерін рейтингтік бағалаудың қоры­тындысы бойынша облыс колледж­де­рі арасында алдыңғы орында.

Соңғы екі жылда “Аңшылықтану және аң шаруашылығы”, “Туризм” сынды жаңа мамандықтар ашылды. Жаңа оқу жылында тағы екі – “Тігін өндірісі және киім дизайны” мен “Са­лалар бойынша маркетинг” маман­дықтарын ашу жоспарлануда. Бұл өңірдегі сұранысқа ие мамандар тапшылығын жоюға мүмкіндік береді.

2017 жылдан бастап дуальды оқыту енгізілді. Әлеумет­тік серіктес 20 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнаттық. Олардың ара­сында “Константиновка-2004” ЖШС, “Баянтай” ЖШС, “Әдемі Астық” ЖШС, “Желқуар-2003” ЖШС, “Люд­мила” ЖК, “Байманов” ЖК, “Гладкий” ЖК, “Ағзамова” ЖК бар. “Ауыл шаруашылығын механи­калан­ды­ру”, “Дәнекерлеу ісі”, “Та­мақтандыруды ұйымдастыру”, “Аң­шылықтану және аң шаруашы­лығы” мамандықтары бойынша дуальды оқыту енгізілген. 2021-2022 оқу жылында түлектердің қорытынды аттестат­тауы алғаш рет кадрларды даярлау сапасын бағалаудың жаңа құралы – “WorldSkills” стандарттары бойынша емтихан тапсырды. Колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 96 пайызды құрады.

Қазіргі таңда педагогикалық ұжым жабдықталған оқу кабинет­терінде білім беріп жатыр. Колледж шеберханаларында токарьлық, фре­зерлік, тегістеу станоктары бар. Оқу полигоны толық жабдықталды. Бұл жерде студенттер жұмысшы маман­дықтардың қыр-сырына үйренеді. Оқу үдерісі компьютерлендірілген, бір компьютерлік сынып жабдықталған. Оқу барысында 30-дан астам компьютер қолданылады. Әрбір оқу кабинетінде проектор және басқа да қажетті электронды жабдықтар бар. Кітапхана қоры жыл сайын жаңа әдебиеттермен толықтырылып оты­рады. Колледждің жатақханасы мен асханасы бар. Мамандықтардың ке­ңеюіне және студенттердің көбеюіне байланысты колледж аумағында ор­наласқан 120 орындық екінші жатақ­хана ғимаратын жөндеп, пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Білім ордасы бай тарихымен және білікті кадрлар даярлаудағы же­тістіктерімен мақтана алады. Себебі шығармашыл, іскер, өз ісіне берілген мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеген іргелі оқу орны бүгінде заманауи технологияны игерген, жаңашыл кадрларды даяр­лап жатыр.

Берік ЖАНАХМЕТОВ,

Саумалкөл ауылы агротехникалық колледжінің директоры.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp