Диас Аяған
Ұлтты ұйыстырып, бірліктің тірегіне айналуы тиіс мемлекеттік тілдің мәселесі көптің талқысынан түскен емес. Елін сүйетін әр адам қазақ тілін білуі тиіс дегенімізбен, күнделікті өмірде келеңсіз жайлар орын алып жатады. Ана тіліміздің әлі күнге көп отбасының есігінен ене алмай жатқаны алаңдатады. Өкініштісі, өз ортасында өзге тілде әңгімелесетін жастарымыз көп. Сол себепті де бұл бағыттағы жұмысты, ең алдымен, осы топтан бастауымыз керек. Кейінгі буын көсіле сөйлеген тілдің кежегесі кейін кетпесі анық. Осы бағытта Қызылжарда жүзеге асып жатқан игі бастамалардың бірнешеуін атап өтуге болады. Бір қуанатыны олардың бәрін өңірдің белсенді жастары жүзеге асыруда.
Осындай оң жобалардың бірі – “Amanat” партиясы “Жастар рухы” филиалының жанынан құрылған “Сөйле” клубы. Клубта жарты жылдан бері қала жастары қазақ тілін меңгеріп келеді. Бүгінде олардың саны 50-ге жуықтаған. Оқушылардың көбі – студенттер мен жұмысшы жастар. Алғашында мемлекеттік тілде амандасуды ғана білгендер бүгінде сөйлем құрап, бір-бірімен пікір алмасуға жарап қалған. Арасында қазақша қалжыңдап, әзілі жарасып жататын жастар да бар. Олардың сөздерінде аз-кем қателік кеткенімен, талаптары оң. Мұндағы оқыту әдісі да өзгеше. Оқытушы жастардың сұранысына сай еркін форматты таңдапты. Қатысушылар қазақ тілін іс жүзінде әңгімелесу барысында үйренеді. Оларға түрлі сұрақтар мен қызықты жағдаяттар беріледі. Сабақтар аптасына екі рет өтеді.
– Еліміздің әр өңірінде сабақтар өткізіп жатқан бұл клубтың Қызылжардағы жұмысы қызу жүруде. Біз ниет білдірген тұрғындардың бәрін қабылдаймыз. Олардың арасында жастарға ерекше мән береміз. Бүгінгі жастардың сұранысы басқа. Тыңдаушыларға жаңа тәсілдер ұсынбасақ, жалығып кетуі мүмкін. Қолданып отырған әдіс те өз жемісін беріп жатыр. Осылайша жастар өз арасында қазақша сөйлеп, ойын анық жеткізуді үйренеді, – дейді тіл үйретуші Бақытжан Тұрсынов.
Ұйымдастырушылар оқу жылының аяғына дейін созылатын жоба одан әрі де жалғасатынын айтады. Оқыту аяқталғаннан кейін қатысушыларға арнайы сертификаттар беріледі. Егер қолдау болып жатса, мұндай клубтарды аудандарда да ашу жоспарда бар.
– Мен бірнеше айда қазақ тілінің біраз сөзін үйреніп алдым. Қазір дүкенде, өзге орындарда мемлекеттік тілде сөйлей алатын деңгейге жеттім. Әр сабақ сайын білімім толығып келеді. Маған сабақтардың еркін өтетіні ұнайды. Біз өз ойымызды ашық айтып, әңгіме-дүкен құрамыз. Сабақта өзім сияқты жастармен танысып, тіл табыстым, – дейді студент Роман Кайзер.
Өңірде аталған үйірмеден бөлек, қазақ тілін үйретуді көздейтін өзге де бастамалар көтерілуде. Мәселен, “Ассамблея жастары” ұйымының еріктілері облыс орталығындағы тұрғын үй кешендерінде “Үйде сөйле” клубын ашқан екен. Оның аясында көпқабатты үйлердің аулаларында халыққа арнап қазақ тілі сабақтары өтеді. Мұны ұйымдастырып жүрген де – тілге жанашыр жастар.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.