Бірыңғай кеңес беру күніне орай петропавлдық жастар ерекше іс-шара ұйымдастырды. Олар кәсіпкерлер палатасының, емханалардың, жұмыспен қамту орталығының және “Отбасы банк” облыстық филиалының өкілдерін бір жерге тоғыстырып, тұрғындармен тілдестірді. Таңдалған тақырып – қыз-жігіттерді кеңес беру арқылы еңбекпен қамту. Сонымен қатар игі бастама аясында баспаналы болудың мүмкіндіктері баян етілді.
– Маған бұл мәселе бойынша біраз адам жүгінді. Қазір кейбір жастардың өз мамандықтарына сай жұмыс таба алмай жүргендері шындық. Біз оларға “enbek.kz” порталындағы жұмыстарды көрсетіп, көмектесуге дайынбыз, – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Сәлімхан Сәбитов.
Жастар таңдаған орын – коммуналдық базар. Мұнда халықтың қарасы қалың. Келушілердің арасында орта жастағы адамдар да болды.
Сәлімхан Сәбитовтің айтуынша, мұндай шара бұған дейін де бірнеше рет өткізілген. Қазақстан Конституциясы көшесінде, “Dostyq Mall”, “City Mall” сауда орталықтарында ұйымдастырылған.
Шара барысында қатысушылар базарды аралап, келушілер мен сатушыларға мемлекеттік бағдарламалар туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Ал ақ халаттылар ниет танытқандардан қан алды.
“Әлемде адамның иммун тапшылығы вирусына қарсы ем жоқ. Бірақ ауруды асқындырмай, бір деңгейде ұстап тұруға болады. Ол үшін науқас біз ұсынған дәрілерді ішуі қажет. Сонда ұзақ өмір сүре алады. Осыны шара барысында тұрғындар арасында айтып жатырмыз, – дейді облыстық ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бөлім меңгерушісі Александр Бойко.
Белсенді жастар бірнеше сала өкілі шақырылған шараны қаламыздың өзге де сауда орындарында өткізді.
Рәбиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.