Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында “Дәстүрден – тағылым” атты байқау өтті. Іс-шара ұлттық құндылықты насихаттауды, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін дамытуды көздеді.
Байқауда аудандар мен Петропавл қаласындағы мемлекеттік орган қызметшілері бақтарын сынады. Байқау талабы бойынша әр ұжым қазақ халқының салт-дәстүрінен сахналандырылған қойылым көрсетті. Ұлттық киім, қолданылатын декорация тақырыпқа үйлесуі керек.
Сайыс екі кезеңнен тұрды. Іріктеу кезеңінде қатысушылар конкурсқа ұзақтығы 10 минуттан аспайтын бір видеоматериал ұсынды.
“Шашбау тағу” дәстүрін көрсеткен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның шығармашылық ұжымы 1 орынды иеленді. “Беташар” салтын көрсеткен Мағжан Жұмабаев ауданының мамандары екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орындарға “Бесікке салу” дәстүрін көрсеткен Тайынша ауданы мен “Тұсау кескен” Жамбыл ауданы лайық деп танылды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.