Құдай тағала адам баласына түрлі тағдыр жазады ғой. Өмірде болатын небір адам сенгісіз оқиғалар мен сәтсіздіктерді де тағдырға жорып жатамыз. Өмірін еліне арнап, артында бай өмірбаяны қалған жандарды – тағдырлы адам деуіміз де бекер емес. Өмір болған соң түрлі жағдайлар орын алады. Біреулер жас шағында қыршынынан қиылса, кей адамдар ұзақ жасап, өмірдің ыстық-суығының бәрін көреді. Бүгінгі кейіпкеріміз де – осындай тағдырлы тұлғалардың бірі.
Менің сөз еткелі отырған кейіпкерім – 88 жыл мазұнды өмір сүрген Жамбыл ауданына қарасты Айтуар ауылының ардақты азаматы Қожа Сибанов. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, І-ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендері мен бірнеше медальдардың иесі. Кейін ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Атамыз 1923 жылы 15 маусымда дүниеге келген. Жасынан зерек болған ол Айтуар бастауыш мектебін бітіргеннен кейін білімін Майбалық орта мектебінде жалғастырады. Сөйтіп жүргенде сұм соғыс басталып кетеді. Сол жылдары соғыс оты шарпымаған шаңырақ қалмады ғой. Тіпті енді ғана ересек өмірге қадам басқан жеткіншектердің өзі ел қорғауға аттанды. Қожа Сибанов та Майбалықтағы мектепті тамамдағаннан кейін 1942 жылы он сегіз жасқа жетер жетпестен майдан даласына кеткен.
Қожа Сибановты Ақмола қаласындағы полк мектебіне жібереді. Сол жерде ол сержант шенін алады. Содан Қызылжардағы 307-атқыштар полкіне келіп, бөлімше командирі болады. Қазақстан, Қырғыстан, Өзбекстаннан жиналған жауынгерлерді әскери даярлықтан өткізуге белсене араласады. Сөйтіп, ол елде жүріп майданға рухты, білікті жауынгерлерді даярлауға үлесін қосты. Алайда мұнда ұзақ тұрақтаған жоқ. Көп ұзамай Ташкент қаласындағы кіші офицерлерді даярлайтын қысқамерзімді курсқа жіберілді. Лейтенант шенін алғаннан соң Қырғыстанның Ош қаласындағы жауынгерлерді әскери қимылдарға даярлау ісіне атсалысқан. Атамыз бұл жерде де нәтижелі қызмет істеп, басшылықтың сенімін ақтай білді. 1944 жылдың басында соғыстың қызған шағында өзі де Беларуссияның Гомель қаласында соғысқа кіреді. Ол екінші Беларусь майданында пулеметшілердің взвод командирі болып тағайындалады. Ол өзінің қарауындағы жауынгерлермен Польшаны, Венгрияны фашистерден тазартуға қатысты. 1944 жылдың күзінде Берлин қаласының маңында ауыр жараланды. Әйтеуір, өлім аузынан аман қалып, ұзақ қиналып, емделеді.
Әскери госпитальда жарты жылдай емделіп, еліне Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болып оралды. Алайда онда да жағдай мәз емес еді. Майдан шебі алыста болса да, оның салқыны осындағы шағын елді мекенге де тиіпті. Елге келгенде өз көзіне өзі сенбеді. Соғыс басталмас бұрын, әжептәуір ұжымшар болып, шаруасын дөңгелетіп отырған Айтуарда 20 шақты үй қалыпты. Есік-терезелері аңғал-саңғал, көзге өте жүдеу көрінеді. Майданның тауқыметін тартып, елін аңсап келген ардагер мына көріністі көріп тіптен қайғырады. Туған жерінің осындай күйге түсуі – елін сүйетін қай перзент үшін де ауыр қайғы ғой.
Ақыры көп өтпей Қожа Сибанов бар істі өз қолына алады. Соғыста жүргенде елге жақсы атағы жетіп жатқан, жасы небәрі 21-дегі Қожекеңді елдің үлкен-кішісі түгел қолдап, ұжымшарға басқарма етіп сайлайды. Сөйтіп, оған тағы бір жауапкершілігі ауыр тапсырма жүктелді. Мұндай кезде елді мекенді аяққа тұрғызу оңай емесі анық. Ең бастысы, елден көшіп кеткен ауылдастарды қайта жинау, оларға баспана тауып беру керек еді. Алдымен есік-терезелері жоқ қаңырап қалған бос үйлер жөнделе бастады. Кейін шым үйлер салды. Сөйтіп, бірнеше жылдың ішінде Айтуар 60-70 шаңырағы бар ауыл болып шыға келді. Соғыстан кейін жүдеген елдің еңсесі көтеріліп, бұрынғыша тіршіліктің сүрлеуіне түсті. Жеңістен кейін елде қалған жұрт осылайша еңбек майданында аянбай тер төкті. Қожа Сибанов осы істің бәріне басшылық етіп, өз ауылының аяққа тұрып, гүлденуіне барын салды.
Кейін Қожеке кеңшар бөлімшесіне басшы болып, 40 жыл табан аудармай еңбек етті. Бар ғұмырын жұртына арнады. Осылайша аядай Айтуар ауылының жақсы аты шығып, алға озды.
Байқасақ Қожа Сибанов – жастайынан қиындыққа мойымай, қай істе де өзін көрсете білген жан. Мектепті енді ғана бітірген жастың майданға қатысуы, өзі жас бола жүріп жауынгерлерді даярлауы, ауыр жараланып, аяққа тұруы, сонда да еңсесін түсірмей жастық қайратымен бір ауылға басшылық етуі бүгінге ұрпаққа мүмкін еместей болып көрінеді. Алайда ардагердің маңдайына жазылған тағдыр осы екен. Қожекең мен Сақып апай 65 жыл өнегелі өмір сүріп, 8 бала тәрбиелеп өсірді. Бәріне де жоғары білім беріп, қияға қондырып, азамат етті. Қазіргі таңда ұрпақтары әкесінің есімін еске алып туғанына 100 жыл толуын атап өтті. Өмірдің ызғарын ерте сезген ердің батыр тұлғасы кейінгі ұрпақтың жадында қалары анық.
Шаншар ЖЕКЕЕВ.