Петропавл қаласында жарты ай ішінде шетелдік тіркеуде тұрған ВАЗ-21101 автокөлігі жылдамдықты 56 рет асырған. Оның бұл әрекеті интеллектуалды бейнетіркеуге түсіп қалған. Заң бұзушыны көліктің сақтандыру полисі болмағандықтан тез арада табу мүмкін болмады.
Тәртіп сақшылары оған қатысты анықталмаған жүргізуші санаты бойынша мәліметтер базасына бағдар енгізді. Осылайша камералар оны автоматты түрде іздеуді бастады. “Мегакам.Қорғау” қосымшасының көмегімен жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру тобының қызметкерлері қысқа мерзімде автокөлікті анықтады.
– Көлікті Петропавлдың 29 жастағы тұрғыны басқарған. Жылдамдық режімін бірнеше мәрте бұзғаны үшін ол енді 1,3 млн. теңгеден астам айыппұл төлейді. Сондай-ақ жігітке көлікті сақтандыру полисінсіз басқарғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Көлік арнайы автотұраққа қойылды”, – дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Облыс аумағында “Борышкер” жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Алты күн ішінде әкімшілік айыппұл төлемеген 4745 адам анықталған. Жалпы жыл басынан бері өңірде автоматты тіркеудің бейнежүйелері арқылы барлығы 15,5 мың жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі тіркелді.
Әсет ҚАНАФИН.