Медицина – игі істің шыңы болса, дәрігер – адам жанының арашашысы, мейірімділік пен ізгілік жаршысы. Ақ халатты абзал жандар көмекке мұқтаждарды емдеп қана қоймай, оларға жылы сөзімен дем беріп, қаншама науқастың көкірегіне үміт отын жағып келеді. Маусым айының үшінші жексенбісі күні осы бір қастерлі мамандық иелері өздерінің кәсіби мейрамдарын атап өтеді. Мереке қарсаңында Уәлиханов аудандық ауруханасының хирургы Дәулет Серғазинді әңгімеге тартқан едік.
Дәулет Қайыртайұлы – өзі қазір еңбек етіп жатқан Уәлиханов ауданының тумасы. 2006 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының “Емдеу ісі” факультетіне оқуға түседі, оны ойдағыдай аяқтаған жас маман оқуын жалғастырып, 2013 жылы интернатураны үздік тамамдап, хирург мамандығын алып шыққан.
“Дипломды қолыма алғасын менде енді қайда барып жұмыс істеймін деген сұрақ туындаған жоқ. Бірден туған жеріме аттандым. Биыл Уәлиханов аудандық ауруханасында хирург болып еңбек етіп жатқаныма 10 жыл болады. Мамандық таңдарда да басқалар сияқты қайда барамын деген мәселеге бас қатырған емеспін. Бала кезімнен медицинаға жақын болдым. Өйткені анам емханада рентген-лаборант болып жұмыс істейтін. Ал анамның туған сіңлісі хирургия бөлімшесінің аға медбикесі, әрі анестезист медбике болып еңбек етті. Кішкентайымнан солардың қасында жүріп, дәрігерлердің жұмысын көріп өстім”, – дейді Дәулет Серғазин.
Маманның айтуынша, өз ісінің білгірі болу үшін ең бастысы таңдаған кәсібіңді жақсы көруің керек. Дәрігер үнемі өзін-өзі жетілдіріп отырмаса – бәрі бекер. Өйткені 80 пайыз жағдайда диагнозды науқастың түр-келбеті, жүріс-тұрысы, жатқан жатысына қарап білуге болады екен.
“Алғашқы жасаған отам әлі күнге дейін есімде. Төртінші курсты аяқтағаннан кейін Кішкенекөлдегі аудандық ауруханаға жазғы тәжірибеден өтуге бардым. Осындағы жергілікті хирургтар мені соқырішекті алатын операцияға кіргізді. Дәрігердің нұсқауымен жасап шықтым. Ота сәтті өтті. Хирург болу үшін салқынқандылық қажет. Операцияға кірерде қобалжисың, өйткені алдыңда жатқан адам саған ең қымбат өмірін сеніп тапсырып отыр. Адам ағзасы әртүрлі, сол себепті оны да ескеру керек. Ота барысында да түрлі жағдай туындауы мүмкін. Мұндайда тез, әрі дұрыс шешім қабылдай алу маңызды”, – дейді хирург.
Дәрігердің айтуынша, аудандық ауруханада ауқымды операция жасауға техникалық мүмкіндік болғанымен, маман тапшы. Ота залында кем дегенде екі дәрігер хирург болуы қажет. Дәулет Қайыртайұлы аудандағы жалғыз хирург. Соған қарамастан білікті маман іріңді қабынулар, флегмона, абсцесстермен түскен науқастарды қабылдап, парапроктит оталар, травматологиялық сынықтарды, буындарды салып, күйікпен түскен ауруларды емдейді. Құрсақ қуысына, соқырішекке, шап, кіндік жарығына ота жасайды. Жұмыс барысында таң қылдырған оқиғалар да болып тұрады екен.
“Науқас ішінің сол жағының ауырып тұрғанын айтты. Тексеру барысында ауру белгілері еш диагнозға сәйкес келмеді. Ота жасайтын болып шештік. Ішін жарып қараған кезде, медицинада сирек кездесетін жағдайды көрдік. Ішкі мүшелері керісінше, яғни соқырішегі сол жақта орналасқан екен. Тағы бір есімде қалған ерекше ота – гинеколог дәрігерге жүкті әйелді кесарь тілігімен босандыру қажет болды. Мен оған ассистент болдым. Мұндай операцияға алғаш қатысуым. Баланың дүниеге келген сәтін бірінші рет көріп, ерекше әсер алдым”, – дейді хирург.
Маманның айтуынша, ауылдық жерде науқастардың контингенті жыл мезгілімен байланысты. Мәселен, жазда тұрғындар үйде немесе аулада көбіне құрылыспен, жөндеумен айналысады, яғни жарақаттар көбейеді. Қыста қол-аяқ, саусақты үсітумен ауруханаға түсіп, кей жағдайда ампутациялауға тура келеді екен.
“Науқастардың дені ауруханаға соқырішекпен түседі, өт-тас ауруының, ұйқы безінің қабынуымен келеді. Бұл енді өмір сүру салтына байланысты, қуырылған, майлы тамақты жеп қойып, диета сақтамаған кезде болады. Мен жасаған ең ұзақ операция шамамен төрт сағатқа созылды. Науқас ауыр халде болды. Оған ота жасау үшін облыс орталығынан мамандар санавиациямен көмекке келді. Науқаста тоқ ішектің ісігі болды. Операция барысында ісікті алып, тоқ ішектен “стома”, тесік шығардық. Қабынған жерден іріңді тазаладық, осыған 4 сағаттай уақыт кетті. Ауруханадан тыс көмек көрсететін кездер болып тұрады”, – дейді Дәулет Серғазин.
Дәулет Қайыртайұлы медицина саласын таңдағанына өкінген емес. Ол, керісінше, мамандығын жақсы көреді. Дертіне шипа іздеген жандардың тәнін ғана емес жанын да емдеуге асық. Тәжірибелі әріптестерінен үйренгені мол. Оны өз жұмысында да сәтті пайдаланып келеді.
“Медицина бір орында тұрмайды, өте тез дамуда, озық заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын жасалатын емдеу әдістері қазір қолданылмайды. Өйткені одан да мықты аппаратуралар ойлап табылды. Тек дәрігерге іздену, оқу, үйрену керек”, – дейді білікті маман.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.