Қазір еңбектеген сәбиден, егде тартқан қарияға дейін телефонға құмар боп кеткені өтірік емес. Балалардың ермегі – түрлі ойындар. Салдарынан бесіктен белі шықпай жатып көз жанарлары нашарлап, көзілдірік тағып жүргендері қаншама? Омыртқаның қисаюы, мінез-құлықтың бұзылуы сынды сырқаттардың да – себебі сол. Тығырықтан шығар жол қайсы? Әрине, балаларды кішкентай кезінен спорттық үйірмелерге беру, соның ішінде ойлауды үйрететін ойын – шахматқа баулудың маңызы зор.
Кей ата-аналардың мүмкіндігінің жеткенінше балаларын түрлі спорттық үйірмелерге, жарыстарға жетелеп апарып жүргенін көріп қуанасың. Шыныққан бала шымыр болып өседі. Оның үстіне спорттың қызығына елтіп, смартфоннан да алыстай бастайды. Балаларды мектеп табалдырығынан бастап саламатты өмір салтына бейімдеу керек. Соның ішінде оқушылар денені шынықтырып қана қоймай, зейін-зердені арттыруға көмектесетін спорт түрлерін де ұмытпағаны абзал. Бұл үшін шахмат – таптырмас құрал.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде шахматты дамыту туралы тапсырма беріп, жастардың сергек, озық ойлы, табанды, шыдамды болып өсуі үшін бұл ойынның пайдалы екенін атап өткен болатын. Әлемдік деңгейдегі жарыстар да біздің елде жиі ұйымдастырыла бастады. Соның бір мысалы – жақында Астанада өткен классикалық шахматтан әлем чемпионаты. Чемпиондық атаққа ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь таласты. Жаһан жанкүйерлерінің назары Қазақ еліне ауғаны анық. Жарыстың жалпы жүлде қоры да қомақты – 2 млн. АҚШ долларын құрады. Бір қызығы екеуі бірін-бірі жеңе алмай, чемпиондық атақтың кімге бұйыратыны соңғы партияда ғана шешілді. Қос мықты аса сақ қимылдап, шалыс қадам жасамауға тырысып баққанымен, қытайлық шахматшы айласын асырып кетті.
Елімізде аты әлем жұртшылығына таныс жас шахматшылар шоғыры қалыптасып келеді. Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік және Бибісара Асаубаева – әлемдік гроссмейстерлер қатарында. Жаһандық жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз атанып үлгерді. Біздің өңірімізде де балаларын осы спортқа бейімдеп жүргендер аз емес. Болашақта шахмат ресми түрде мектеп бағдарламасына енгізілетіні туралы айтылып жүр, демек, ол дәріс ретінде өтсе, шаршы тақтада топ жарып шығар қаракөздеріміз тіпті көп болмақ.
Оқушыларға аталмыш ойынның қыр-сырын үйретіп жүрген Альбина Айжеркенова шахматтың өсіп келе жатқан балаларға пайдасы орасан зор екенін, оның тиімді жақтарын жаттығу алдында үнемі оқушылардың есіне салып отыратынын айтады. Бұған дейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ұстаздық қызмет атқарған ол – қазіргі таңда Петропавлдағы Оқушылар сарайындағы шахмат үйірмесінің жетекшісі. 18 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз 5-8 жастағы балаларға шахматтан дәріс береді. Өзі де бұл спортқа бала кезінен қызыққан екен. Ата-анасына “Жаңа жылға сыйлыққа шахмат алып беріңдерші!” деп өтінгенін айтады.
Шахмат логикалық ойлауды дамытып, математикалық қабілетті шыңдайды. Мінез-құлықты қалыптастырып, табанды, шыдамды болып өсуге септеседі, алдағы жұмысты жоспарлауға да оң әсерін тигізеді. Спорттың бұл түрімен айналысатын оқушылар тәртіпті, ұқыпты, жинақы, жауапкершілікті сезініп өседі екен.
– Шахматта жеңіске жету үшін, ең алдымен, бірнеше жүрісті алдын ала ойластырып алу шарт. Менің тобымдағы балалардың дені – 5-8 жастағылар. Ересек балалар да бар, оларға күрделі тапсырмалар беремін. Комбинациялық жүрісті үйренеді. Қарсыласы не ойлап тұрғанын жылдам аңғаруы керек. Ойынды жоспарлау үшін балаларға бірнеше оңай дебюттерді көрсету керек. Ойынның басы, ортасы және соңы болады. Әрқайсысының өзіндік атаулары бар. Бұрын мектепте оқып жүргенде дене шынықтырудан сабақ беретін мұғаліміміз Анатолый Каров шахмат ойындарының комбинацияларын тақтаға жазып түсіндіретін, – дейді Альбина Айжеркенова.
Шахмат партиясының бес минуттың ішінде мәреге жететін түрі – блиц, ойнауға 15 минут уақыт жұмсалатын түрі – рапид, одан кейінгісі классикалық шахмат деп аталады. Соңғысында ойлануға бір сағаттан артық мүмкіндік беріледі.
Шахмат спорты облысымызда дұрыс бағытта дамып келеді. Оқушылар сарайындағы үйірмеден бөлек, “Барс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және орта білім беру ошақтарының көбінде арнайы шахмат секциялары ашылған. Жарыстар да жиі өтіп тұрады. Оған аудан, ауылдардан да оқушылар қатысады. Жақында банк қызметкерлерінің ұйымдастыруымен 14 жасқа дейінгі балалар арасында шахматтан жарыс ұйымдастырылып, оған балабақшадан да бүлдіршіндер қатысыпты. Альбина Амангелдіқызы баланы үш жастан бастап шахматқа бейімдеуге болатынын айтады. Ал бес жасында толық партия ойнауға дайын болып шығады екен.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.