«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Орманды өрт шалмасын!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан жері ұлан-байтақ бол­ғанымен орманды алқабы жерінің аз ғана бөлшегін алып жатқаны белгілі. Орман, ағаш тек қана табиғаттың сұлулығы үшін ғана қажет емес, оның қоршаған ортаға, адаммен бү­кіл жан-жануарлардың денсаулы­ғы­на, ағзасына тигізер пайдасы шек­сіз. Орманды алқаптар болмаса жер шөлейт далаға айналып, құм басу қаупі артады. Табиғаттың берген осы бір байлығын сақтау адам баласы­ның қолында болғанымен, оны құр­тып жатқан да өзіміз екенін айтпасқа болмас.

Абай облысында болған алапат өрт – осы сөзімнің айғағы. Оттың ұш­қыны қасқағымда алапат өртке ай­налады. Оттың табиғатқа тигізер за­лалы, жолында кездескен тіршілік атаулыны жалмап өтер зардабы орасан. Оттан келетін қасіретті Абай облысында орын алған төтенше жайт тағы бір байқатты. Бірнеше күн бойы шығысқазақстандықтар жанда­рын шүберекке түйіп, мазасыз күй кешті, жалынмен күресті. Өрт шар­пыған аймақ 60 мың гектар жерді құрады.

“Семей орманы” табиғи қорығы­ның аумағында орын алған табиғи өрт 14 маусым күні толықтай сөн­дірілді деген ақпарат қуантты. Десек те оның қасіреті талайдың жүрегін қансыратты. Осы жолғы орман өрті­нен 15 адам қаза тапты. Өртті сөндіремін деп мерт болған Мейрамгүл Жиенбаеваның артында 15 жасар ұлы мен 5 жастағы қызы қалды. Әлеуметтік желіге “Мама, оралшы” деп жазба қалдырған балалардың қай­ғысын сөзбен айтып жеткізу мүм­кін емес. Тірідей жанып кеткен ор­маншылардың жетеуі – Успенка ауы­лының тұрғындары. Қара жамылған ауыл әкелі-балалы Сидориндер мен Пузыревтерді ақтық сапарға қимас­тықпен шығарып салды.

Абай облысындағы орман өрті кезінде қырылған жан-жануарлар мен күлге айналған орманды алқап­тың залалы да қомақты. Бұл жердің жасыл желегі – қарағайлы ерекше орман болып саналады. Оны қал­пына келтіру үшін жетпіс жылдай уақыт керек екен.

43 мың гектар орманды алқапты жалмаған өрт 2022 жылдың қыркүйегінде Қостанай облысында орын алған болатын. Онда бір адам қаза тапқан. Төтенше жайт орын алса, жасыл желекті қорғауға, сақ­тауға тиіс мемлекеттік мекемелерді кінәлаудан аспаймыз. Шынында да, орман алқаптарында өрт болған кез­де, алдымен жауапты органдардың жұмысы сарапқа салынады. Бұл – дұрыс. Бірақ табиғатты аялау мен қорғау – белгілі бір органның емес, қо­ғамның да міндеті. Семейлік орманшылар қызметтік міндетін орын­дау барысында опат болды. Осыдан кейін табиғат аясына демалу, көңіл көтеру үшін барғандар оттың қасіретін бір адамдай түсінген болар.

Қайғылы жағдай бұл жүйенің әл­сіреген тұстарын тағы бір мәрте көр­сетті. Орман шаруашылығы саласы­ның материалдық-техникалық база­сы тозғанын, жылдар бойы көңіл бөлінбей келгенін аңғартты. Орманшы­лардың күннің астында, желдің өтінде жүріп, ауыр еңбегі үшін алатын жалақылары да көңіл көншіт­пейді.

Көп жағдайда өрт табиғат аясына барған адамдардың жауапсыздығынан өршиді. Ауыл шаруашы­лығы кәсіпкерлерінің, демалушы­лардың өрт ережесін сақтамай, жауап­сыздық танытуы жиі орын алады. Көктем сайын егіс даласын­дағы қалдықтарды күйдіріп, түтіндетеміз. Темекі тұқылын дұрыс сөндірмесек, оның арты жалынға ай­налатынына да салғырт қараймыз.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің меңгерушісі Василий Лабанчуктің айтуын­ша, орман өртінің шығу себебін саралаған кезде 10 жағдайдың тоғы­зында антропогендік фактор екені анықталған. Өрттің көпшілігі табиғат аясындағы демалыс, саңырауқұлақ пен жидектерді теру орындарында, аң аулау кезінде, жанып тұрған сі­ріңкені, сөндірілмеген темекіні тастағаннан, қозғалтқыштардың газ түтіктерінің ұшқындарынан пайда болады. Орман алқаптарында көбінесе орман төсемігін, өскін мен шілікті, шөпті-бұталы жамылғыны шарпи­тын төменгі қабат өрттері жиі болады. Жоғарыдағы өрттер құрғақшылықта желді күні аса қауіпті. Онда өрт негізінен қылқан жапырақты ағаштардың бөрікбастары арқылы таралады.

Сондықтан мамандар орманға көлікпен баратындардан өрттің ал­дын алу шараларын ұмытпауды өті­неді. Жүргізушілердің ақаулы машинамен орманға кіруіне, жанармай құюға, көліктің жанында темекі шегу немесе от жағуға, бензин, май, керосин сіңдірілген қоқысты қалдыруға тыйым салынады.

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында мемлекеттің қорғауындағы орман қоры 550 мың гектарды құрайды. Осы алқаптың жай-күйіне жауапты 12 орман шаруашылығы бар. Ол шаруашылықтар 25 өртсөндіру көлігін, 16 орман өрті станциясын, 88 трактор, патруль автокөлігін, су қорына арналған ыдыстар, 16 интерактивті бейнекамера­лармен қамтылған. Бұл материалдық жабдықтар тың мүмкіндігі шағын өрт ошақта­рын ғана сөндіруге жетеді. Абай облысында болған жайт қайталанбасын деп тілейік. Себебі ондай алапат өртті ауыздықтауға шамамыз келмейді.

Орман өрті біздің облыс аумағында да аз тұтанбайды. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында орман алқабы өртке оранды. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Булаево ауылынан 6 шақырым жерден Суворов орман шаруашылығында 0,2 гектар аумақта құрғақ шөп өртенді. От орман алқабына өтіп, қызыл жалын 0,8 гектар ауданды шарпыды. Қызыл жалын бір сағаттың ішінде ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Әзірге өрттің шығу салдары анықталуда.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, жыл басынан бері өңірде 122 өрт ошағы тіркелсе, соның 17-сі орман алқабын шарпып өткен. 69 гектар орманға зақым келіп, жалпы шығын мөлшері 12,9 миллион теңгені құраған.

Биылғы жаздың алғашқы күндері 30-37 гардус ыстықпен басталды. Аптап ыстықтар әлі алда. Биыл күтіліп отырған қуаңшылық та қатердің қара бұлтын үйіріп тұр. Сондықтан әрбір адам, әрбір жауапты мекеме өз ісі мен қызметтеріне қырағы болулары керек.

Отпен ойнап, қоршаған ортаны апаттық жағдайға жеткізбеуге тиіспіз. Табиғат – ортақ үйіміз, оны қорғау – баршаға міндет.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp