Бес жылдық сайлауалды уәделерін іске асыру үшін аманаттықтар бес бағыт бойынша 120 іс-шарадан тұратын жол картасын әзірледі. Оның 112-сі биыл жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы “AMANAT” партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Болат Данияров баяндады.
Жол картасының басым бағыты – тұрғындардың табысын арттыру. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 42 іс-шараны іске асыру жоспарланған. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 30 мың жұмыс орны пайда болады, 1,5 мың жұмыссыз оқытылады, ауылда 350 кәсіпкерлік субъектісі құрылады.
– Қазақстан бойынша ең төмен орташа жалақы біздің өңірде – 222,6 мың теңге. Қазіргі міндетіміз – бес жыл ішінде орташа жалақы деңгейін 339 мыңға дейін көтеру. Үстіміздегі жылы орташа еңбекақының көлемін 253,9 мыңға дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар біз ауыл шаруашылығы саласында 16 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесуге, жастардың жұмысқа орналасуына, оларға жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие беруге қолдау көрсетуге ниеттіміз, – деді Болат Данияров.
Партияның сайлауалды бағдарламасы сайлаушылардың өтініштерінен құралған. Сайлау науқаны кезінде тұрғындардан 1800-ге жуық өтініш түссе, соның 457-сі бағдарламаға енгізілді. Сонымен қатар азаматтар тарапынан білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсартуға қатысты көптеген өтініш-тілектер түскен еді. Аталған салалардағы проблемаларды шешу үшін партиялықтар апатты мектептердің орнына үш жаңа мектеп, “Жайлы мектеп” жобасы аясында төрт мектеп, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған бір мектеп салуға атсалыспақ.
– Бес жыл ішінде біз балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішін 92 пайыздан 98 пайызға дейін арттыруға ниеттіміз. Мектептердегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылады. 1 қыркүйектен бастап 98 нысанда мамандандырылған күзет іске қосылады, қазір ол 18 нысанда бар. Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, 46 медициналық нысанның құрылысы басталады. Биыл оған Ұлттық қордан 2,5 млрд. теңге және жергілікті бюджеттен 7 млн. теңге бөлінді. Биыл “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында 250 адам қабылдайтын жаңа емханалар ашылады, – деп атап өтті Болат Данияров.
Бүгінгі таңда өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – елді мекендерді сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымы және тұрғын үймен қамтамасыз ету. 20 мыңнан астам адам тұратын 86 елді мекенде сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта қалпына келтіру жоспарланған. Қазір партия өкілдері бес жыл ішінде халықты сумен жүз пайыз қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмысты бастап кетті. Сонымен қатар биыл жергілікті маңызы бар 500 шақырымға жуық жол, оның ішінде 320 шақырым кентішілік көшелер жөнделеді. Жалпы партия бес жыл ішінде сапалы жолдардың үлесін 78 пайыздан 95 пайызға дейін арттыру үшін республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға қосымша қаражат бөлу мәселесін назарда ұстайды. Сондай-ақ 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл оның 300 мың шаршы метрін қолданысқа тапсыру жоспарланған.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.