«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Қарасай” стадионы жаңартылуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Қарасай” стадионы соңғы рет 2016-2017 жылдары жөндеуден өткен болатын. Бұл мақсатқа 124 млн. теңге бөлініп, спорттың нысанның жанкүйерлер отыратын орындықтары ауыстырылып, жасанды газон жамылғысы төселді. Десе де жаңартылған футбол алаңындағы жасалған шаруа жеткіліксіз болып шықты. “Қызылжар” клубы Қазақстан премьер-лигасында ойнаған соң, стадион УЕФА талаптарына сай жабдықталуы тиіс. Биыл осы олқылықтарды түзеу үшін қосымша қаражат бөлінді.

“Қарасай” стадионы күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты өткен жылдан бері жабық тұр. Жерлестеріміз ел біріншілігіндегі ойындарды әзірге “Жастар” алаңында өткізуде. Бұл нысан республикалық жарысты өткізуге лайық болып танылғанымен, халықаралық деңгейдегі турнирлерге жарамсыз. Былтыр солтүстікқазақстандық команданың тұңғыш рет Конференция лигасының квалификациялық кездесулеріне қатыса бастағанын спортсүйер қауым жақсы біледі. Алайда кәріқұрлық додасына қатысу үшін қажетті жолдамаға қол жеткізе алмады. Дегенмен “Қызылжар” клубы алдағы маусымда еуропалық жарыста тағы бір мәрте бақ сынап көрмек. Сондықтан биыл жергілікті аяқдопшылар бар білгенін жасыл алаңда дәлелдеуге тырысуда.

Еуропалық командалар бәсекеге түсетін турнирге қатысу үшін ең алдымен УЕФА талаптарына сай стадион қажет. Бұл мәселені шешу мақсатында қажетті қаражат та қарастырылған. Ол 1 млрд. 300 млн. теңгені құрап отыр.

Бүгіндері стадионды келер маусымға дайындауға “КазЕвроСтрой” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі білек сыбана кірісіп кетіпті. Жоба жетекшісі Әсет Меңдібаевтың айтуынша, “Қарасайдағы” құрылыс жұмыстары биылғы жылдың тамыз айында аяқталмақшы.

– Жұмысқа 9 бірлік техника мен 20 адам жұмылдырылды. Біз ескі жабынды толығымен алып тастадық. Содан кейін жаңа жасанды жамылғы қажетті материалдармен нығыздалып, инженерлік желілерге траншеялар жасалады. Жаңа жамылғы жылытылады және суару жүйесімен қамтамасыз етілген, — дейді Әсет Меңдібаев.

Алаңнан бөлек, мердігер компания стадионды абаттандырумен да айналысады. “Қарасайдың” жылу желісі жаңартылып, сыртқы жарықтандыру жүйесі ретке келтірілмек. Спорт кешенін жарықтандыруға 40 метрлік 4 бағана қойылады. Бұған дейінгілері небәрі 22 метр болған екен. Сондай-ақ 26 млн. теңгеге үлкен табло мен 10 млн. теңгеге дыбыс құрылғысы сатып алынбақ. Жалпы мұндағы жұмыстардың барлығы УЕФА стандарттарына сай іске асырылуын итальяндық “Scarabelli Irrigation Systems” компаниясының өкілдері қадағалауда.

– Біздің басты мақсатымыз – стадионның УЕФА стандарттарына сәйкес болуын қадағалау. Біз бұл жерді қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан мамандармен кездесіп, өз тәжірибемізбен бөлісіп, ақыл-кеңестерімізді айтып жатырмыз. Өзара тығыз ынтымақтастық Қазақстанда футболдың дамуына үлкен сеп болады деген үміттемін. Жұмыстар аяқталған соң бұл стадионды бірде бір нұсқаулықсыз қабылдап алуымыз қажет, – дейді “Scarabelli Irrigation Systems” компаниясының өкілі Джанни Форабоски.

“Қарасай” стадионы күрделі жөндеуден өткеннен соң, жергілікті футбол клубы барлық ел біріншілігіндегі және халықаралық турнирлердегі жарыстарын осы жерде өткізе алады. Қазіргі күні спорттық нысан 7680 орынға шақталған.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp