«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қулыкөлдегі қуаныш

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Ақжар ауданындағы Қулыкөл ауылында тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункті ашылды. Жалпы аумағы 90 шаршы метрден асатын екі бөлмелі үй барлық коммуникациялармен жабдықталған. Құрамына екі елді мекен кіретін Қулыкөл ауылдық округінің учаскелік инспекторы енді осы үйде тұрып, қызметін де атқара алады.

Елді мекеннің тұрмысына бейжай қарамайтын ауылдықтар осы үйдің салынуына ұйытқы болған. Олар үшін қызметтік үйдің ашылуы – қуанышты жаңалық. Бұрын Қулыкөл мен Қарашілік ауылдарына басқа округтің учаскелік инспекторы қызмет көрсеткен. Жуырда ауылдың учаскелік инспекторы болып Әділбек Әлжанов тағайындалды. Ол тұрғындардың арыз-шағымдарына жылдам ден қойып, шаралар қабылдай алады.

Жаңа полиция пунктінің ашылуына облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов, аудан әкімі Қанат Қалиев, аудандық полиция бөлімінің басшылығы мен жеке құрамы, депутаттар, ақсақалдар және жұртшылық өкілдері қатысты. Бұл нысан бюджет қаражатына салынған, ал маңайын абаттандыруға “Дамир” шаруа қожалығының жетекшісі Рүстем Мұхамедиев көмектескен. Үйді салуға атсалысқаны үшін оны және ауданның басқа белсенді тұрғындары марапатқа ие болды. Айдын Қабдұлдинов ауылдықтарға облыстағы құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы айтып берді. Одан кейін облыстық ведомствоның бастығы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті.

Қулыкөл ауылындағы полиция пункті – облысымызда ашылып отырған учаскелік полиция инспекторының қызметтік тұрғын үйімен біріктірілген сегізінші кеңсе. Осы сияқты қызметтік үйлерді басқа аудандарда да салу жоспарланып отыр.

Нұрбек БАЕКИН,

облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің инспекторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp