«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмірі мен өлеңі өнегелі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада халық ақыны Ахметжан Нұртазиннің туға­ны­на 115 жыл толуына орай “Жүрегі соққан жырында” атты поэзиялық кеш өтті. Іс-шараға ақынның ұрпақ­тары, зиялы қауым өкілдері, кітапхана оқырмандары қатысты.

Ахметжан Нұртазин 1908 жылы Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылында дүниеге келген. 17 жасы­нан бастап “көңілдің кейбір сәттерін” қағазға түсіре бастайды. Туған жері­нің сұлу табиғатын өлеңмен сурет­теген оны жергілікті тұрғындар ерек­ше құрметтеген. Өмірінің соңғы 25 жылында ақын ауданаралық орман шаруашылығының директоры болып қызмет атқарған.

– Мен Ахметжан Нұртазинді жақ­сы танимын. Тамаша адам еді. Қара­пайымдылығы, аппақ қардай таза көңілі оны өзге өнер адамдарынан айрықшалап тұратын. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлай білді. Көзі ті­рісінде табиғат-анамыздың жасарып жайнауы үшін көп еңбек етті. Ақындығы бір төбе, – дейді облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов.

Ақынның көзі тірісінде “Полковник қызы”, “Орман сыры” “Көк тоғай” атты жинақтары жарық көрген. Кеш барысында жиналғандарға Ахметжан Нұртазин жайында видеофильм көрсетілді. Сондай-ақ поэзиялық кеште ақынның шөберелері сөз сөйлеп, “Өмір ғажап”, “Орманда” сынды өлеңдер жинағынан үзінді оқып берді.

– Атамның әр өлеңін оқып отырып туған жерге, өскен ортаға деген сүйіспеншілігін сезінемін. Шал ақын ауданның дамуына қосқан үлесін жерлестері мақтан тұтады. Бүгінгі кешке қатысқандар жылы лебіздер, әс­ерлі естеліктер айтты. Шараны ұйымдастырушыларға ризашылы­ғым шексіз, – дейді ақынның шөбересі Қанат Тұрлыбек.

Шара соңында поэзиялық кешке келген қонақтар “Табиғат жыршысы” атты кітап көрмесімен танысты.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp