Петропавлда 56 жастағы ер адам балық аулауға барып суға батып кетті. Бұл биылғы шомылу маусымы басталғалы тіркелген алғашқы қайғылы жағдай.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға Петропавлдағы “Восточный берег” дәмханасының маңында болған. Балық аулауға келген ер адам сағат 13:00 шамасында суға кетті. Құтқарушылар балықшының денесін сол күні тапты, айтуларынша, марқұм қарапайым ережелерді сақтамаған, құтқару жилеті болмаған, спирттік ішімдік ішкен.
“Восточный берег” дәмханасының жанында суға шомылуға болмайды. Біз тұрғындар жиі баратын орындарға ескерту белгілерін қойып шықтық. Кейбір демалушылар оларды алып тастайды. Бұдан қауіптің сейілмейтінін ескеру керек. Әкімшілік кодексте рұқсат етілмеген жерге суға шомылуға байланысты арнайы бап бар. Көл басында спирттік ішімдік ішкендер де жауапкершіліктен құтыла алмайды”, – дейді департамент жанындағы азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Кирилл Иванников.
Биыл өңіріміздегі 13 көл мен Есіл өзенінің бойында 60 демалыс орны жарақтандырылған.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.