«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүрек қалауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Медицина – игі істің шыңы болса, дәрігер – адам жанының арашашысы, мейірімділік пен ізгілік жаршысы. Ақ халатты абзал жандар көмекке мұқтаждарды емдеп қана қоймай, оларға жылы сөзімен дем беріп, қаншама науқастың көкірегіне үміт отын жағып келеді. Маусым айының үшінші жексенбісі күні осы бір қастерлі мамандық иелері өздерінің кәсіби мейрамдарын атап өтеді. Мереке қарса­ңында Уәлиханов аудандық ауруханасының хирургы Дәулет Серғазинді әңгімеге тартқан едік.

Дәулет Қайыртайұлы – өзі қазір ең­бек етіп жатқан Уәлиханов ауда­нының тумасы. 2006 жылы Қараған­ды мемлекеттік медицина акаде­миясының “Емдеу ісі” факультетіне оқуға түседі, оны ойдағыдай аяқта­ған жас маман оқуын жалғастырып, 2013 жылы интернатураны үздік та­мамдап, хирург мамандығын алып шыққан.

“Дипломды қолыма алғасын менде енді қайда барып жұмыс істеймін деген сұрақ туындаған жоқ. Бірден туған жеріме аттандым. Биыл Уәлиханов аудандық ауруха­насында хирург болып еңбек етіп жатқаныма 10 жыл болады. Маман­дық таңдарда да басқалар сияқты қайда барамын деген мәселеге бас қатырған емеспін. Бала кезімнен медицинаға жақын болдым. Өйткені анам емханада рентген-лаборант болып жұмыс істейтін. Ал анамның туған сіңлісі хирургия бөлімшесінің аға медбикесі, әрі анестезист мед­бике болып еңбек етті. Кішкен­тайымнан солардың қасында жүріп, дәрігерлердің жұмысын көріп өстім”, – дейді Дәулет Серғазин.

Маманның айтуынша, өз ісінің білгірі болу үшін ең бастысы таңдаған кәсібіңді жақсы көруің керек. Дәрігер үнемі өзін-өзі жетілдіріп отырмаса – бәрі бекер. Өйткені 80 пайыз жағдайда диагнозды науқастың түр-келбеті, жүріс-тұрысы, жат­қан жатысына қарап білуге болады екен.

“Алғашқы жасаған отам әлі күнге дейін есімде. Төртінші курсты аяқ­тағаннан кейін Кішкенекөлдегі ау­дандық ауруханаға жазғы тәжіри­беден өтуге бардым. Осындағы жер­гілікті хирургтар мені соқырішекті алатын операцияға кіргізді. Дәрі­гердің нұсқауымен жасап шықтым. Ота сәтті өтті. Хирург болу үшін сал­қынқандылық қажет. Операцияға кі­рерде қобалжисың, өйткені алдыңда жатқан адам саған ең қымбат өмірін сеніп тапсырып отыр. Адам ағзасы әртүрлі, сол себепті оны да ескеру керек. Ота барысында да түрлі жағ­дай туындауы мүмкін. Мұндайда тез, әрі дұрыс шешім қабылдай алу ма­ңызды”, – дейді хирург.

Дәрігердің айтуынша, аудандық ауруханада ауқымды операция жа­сауға техникалық мүмкіндік болға­нымен, маман тапшы. Ота залында кем дегенде екі дәрігер хирург бо­луы қажет. Дәулет Қайыртайұлы ау­дандағы жалғыз хирург. Соған қара­мастан білікті маман іріңді қабы­нулар, флегмона, абсцесстермен түскен науқастарды қабылдап, па­рапроктит оталар, травматоло­гиялық сынықтарды, буындарды салып, күйікпен түскен ауруларды емдейді. Құрсақ қуысына, соқырішекке, шап, кіндік жарығына ота жасайды. Жұмыс барысында таң қылдырған оқи­ға­лар да болып тұрады екен.

“Науқас ішінің сол жағының ауы­рып тұрғанын айтты. Тексеру бары­сында ауру белгілері еш диагнозға сәйкес келмеді. Ота жасайтын бо­лып шештік. Ішін жарып қараған кез­де, медицинада сирек кездесетін жағ­дайды көрдік. Ішкі мүшелері керісінше, яғни соқырішегі сол жақта орналасқан екен. Тағы бір есімде қалған ерекше ота – гине­колог дәрігерге жүкті әйелді кесарь тілігімен босандыру қажет болды. Мен оған ассистент болдым. Мұн­дай операцияға алғаш қатысуым. Ба­ланың дүниеге келген сәтін бірінші рет көріп, ерекше әсер алдым”, – дейді хирург.

Маманның айтуынша, ауылдық жерде науқастардың контингенті жыл мезгілімен байланысты. Мәсе­лен, жазда тұрғындар үйде немесе аулада көбіне құрылыспен, жөндеумен айналысады, яғни жарақаттар көбейеді. Қыста қол-аяқ, саусақты үсітумен ауруханаға түсіп, кей жағдайда ампутациялауға тура келеді екен.

“Науқастардың дені ауруханаға соқырішекпен түседі, өт-тас ауруының, ұйқы безінің қабынуымен келеді. Бұл енді өмір сүру салтына бай­ланысты, қуырылған, майлы тамақты жеп қойып, диета сақтамаған кезде болады. Мен жасаған ең ұзақ операция шамамен төрт сағатқа созылды. Науқас ауыр халде болды. Оған ота жасау үшін облыс орталығынан мамандар санавиациямен көмекке келді. Науқаста тоқ ішектің ісігі болды. Операция барысында ісікті алып, тоқ ішектен “стома”, тесік шығардық. Қабынған жерден іріңді тазаладық, осыған 4 сағаттай уақыт кет­ті. Ауруханадан тыс көмек көрсе­тетін кездер болып тұрады”, – дейді Дәулет Серғазин.

Дәулет Қайыртайұлы медицина саласын таңдағанына өкінген емес. Ол, керісінше, мамандығын жақсы көреді. Дертіне шипа іздеген жан­дардың тәнін ғана емес жанын да емдеуге асық. Тәжірибелі әріптес­терінен үйренгені мол. Оны өз жұмысында да сәтті пайдаланып ке­леді.

“Медицина бір орында тұрмай­ды, өте тез дамуда, озық заманауи технологиялар енгізіліп жа­тыр. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұ­рын жасалатын емдеу әдістері қазір қолданылмайды. Өйткені одан да мықты аппаратуралар ойлап табылды. Тек дәрігерге іздену, оқу, үйрену керек”, – дейді білікті маман.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp