Өңір басшысы Айдарбек Сапаров облыс орталығындағы бірқатар құрылыс нысандарына барды. Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдері берілетін “Солнечный-2” және “Южный” шағынаудандарындағы жұмыс барысын бақылап, Ұлттық ұлан академиясының әскери корпусының құрылысымен танысты.
Өңір басшысы, ең алдымен, “Южный” шағынауданына барды. Аумақ жер үйлер салынатын 1 мыңға жуық учаскеден тұрады. Мұнда “Электромонтаж” акционерлік қоғамы жарық тарту жұмыстарын жүргізуі тиіс болатын. Алайда мұнда техника да, адам да байқалмайды. Қаз-қатар тізілген бағандар ғана тұр.
– Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 30 мамырдан бастау туралы ордер бар. Мердігер компанияның жұмысын тексереміз. Олар бізге құжат жүзінде қандай шаруа атқаратындарын көрсетеді. Біз өз тарапымыздан сол құжатты тапсырыс берушілерге көрсетіп, жұмысқа кірісеміз, – деді “Технадзор” ЖШС-ның бас сарапшысы Саян Жанғожин.
Мамырдың 30-ынан бері 2 аптаға жуық уақыт өткенін айтқан Айдарбек Сапаров мердігерлердің жауапсыз іс-әрекетін сынға алды. Жалпы инженерлік-коммуникациялық желі тартуға облыстық бюджеттен 2,8 млрд. теңге қаражат бөлініпті. Қала әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, жұмыс жоспарға сәйкес жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
– Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – 2 жыл. Мердігерге қаржы толық көлемде берілгендіктен, электр желісін тарту жұмыстары биылғы жылы аяқталуы тиіс, – деді Руслан Аңбаев.
Облыс әкімі Айдарбек Сапаров “Солнечный-2” кентінде атқарылған құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінде мұнда 100 шақырымнан астам электр желісі, 37 қосалқы станция мен 68,2 км су құбыры тартылған. 54 шақырымға жуық жол салыныпты. Ендігі кезекте шағынауданды абаттандыру жұмыстары қолға алынбақ.
Ұлттық ұлан академиясының жаңа кешенінің құрылысында қарқын бар. Ұлттық ұлан академиясының бастығы Артур Тоқышевтың айтуынша, құрылысқа 10,8 млрд. теңге бөлінген. Биыл соның 4,7 млрд. теңгесі игерілген. Жоспар бойынша 660 орындық казарманың құрылысы аяқталуы тиіс. Алдағы жылы спорт зал және мәдени-демалыс орталығы салынады деп жоспарлануда.
Өңір басшысы Уәлиханов көшесіндегі көпқабатты үйлердің маңайын аббаттандыру және инженерлік-коммуникациялық желі тарту жұмыстарымен танысты. Қала әкімі Руслан Аңбаевтың айтуынша, мердігер компания кестеден кешеуілдеуде.
– “TARAZ Energy” компаниясымен келісімшартты бұзуға мәжбүрміз. Жұмыстың тұралап қалуына байланысты қайта конкурс жариялаймыз, – деді шаһар басшысы.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевтің айтуынша, мердігер компания өкілдерімен бірнеше рет кездесу өткізген екен. Алайда қойған талаптардың бірі де ескерілмеген.
Осыған ұқсас жағдай Горький көшесіндегі көпқабатты үйлерде де анықталды. Тараздық мердігердің жауапсыздығынан тұрғындар әлі күнге дейін пәтерлеріне қоныстана алмай отыр. Мұнда да мердігермен жасалған келісімшарт бұзылады.
Самал ЖҮНІСОВА.