Облыс аумағында үш күндік “Жасөспірім” жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Тәртіп сақшылары түнде көшелерді, көңіл көтеру орындарын және жастар жиналуы мүмкін жерлерді тексеріп, рейд ұйымдастырды.
Осы аралықта облыста түнде жалғыз жүрген жасөспірімдерге қатысты 125 факті анықталды. Барлық жағдайда ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ іс-шара кезінде із-түссіз жоғалған 17 жастағы жасөспірім табылды. Ажырасқан ерлі-зайыптының ұлы туысының үйінде тұрған, бірақ одан кетіп қалған. Уайымдаған әйел полицияға хабарлады.
– Жасөспірімді 9 маусымға қараған түні жедел уәкілдер тауып алды. Ол қала көшелеріне шығып, қаңғыбастыққа салынған. Қызылжар ауданының Архангелка ауылындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Оған қатысты материалдарды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияда қарау жоспарланып отыр, – дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Ерлан МАХМЕТОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы.