Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының “Мағжан соты” спектаклі – көрерменнің көзайымына айналған туынды. 2008 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай сахналанған қойылымға биыл 15 жыл толып отыр. Биыл ақиық ақынның мерейтойына орай театр ұжымы өңіріміздің аудандарын аралап, ауылдағы ағайынға “Мағжан соты” спектаклін ұсынды.
Спектакльдің авторы және қоюшы режиссері – Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаев екені белгілі. Көзі тірісінде Виктор Григорьевич Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығымен 1990 жылдан бері таныс екенін айтқан болатын. Белгілі ақын Владимир Шестериковтің редакторлығымен шыққан “Дауыл түніндегі шырақ” кітабын оқып, Мағжанның жырлары ерекше әсер етіп, ойдың құдіреттілігі елең еткізген.
Осы ретте Виктор Шалаевтың “Осы жүрекжарды жолдарда адамның ерекше бір күш-қуаты, туған жері мен отандастарының тағдырына деген терең сезімі сезіледі. Петропавл мектептерінде, облысымыздың ауыл-аймақтарында қазақ ақындарының өлеңдерінен әдеби бағдарлама дайындау барысында Мағжан поэзиясына зор көңіл бөлінетінін аңғару қиын емес” дегені бар.
Ақынның тағдыры, шығармашылығы туралы сахнада көрсету идеясы сол кезде туындапты. Көрерменнің көңілінен шығатын спектакль қойғысы келгенімен, ол кезде ақын туралы жөні түзу материал болмаған. Ізденді, зерттеді. Көп жылғы қажырлы еңбегінің арқасында осы пьесаны жазғанымен, Мағжанның қилы тағдырын, жалынды жырын көңілі қалағандай көрсете алды ма, оған көрермен төреші.
Виктор Шалаевтың сөзінше сол кезде театрдың директоры болған Людмила Лошакова көп көмектесіпті. Мағжан оқыған Омбыға іссапармен барып, ондағы қазақ диаспорасымен кездескен. Құнды ақпарат тапқанымен, ол пьесаға толық енбеген.
– “Мағжан соты” пьесасы өмірбаян емес, бірақ мұнда көп нәрсе нақты деректерге сай жасалған. Мағжанның зайыбы Зылиқаның, жазушылар Максим Горькийдің, Валерий Брюсовтың естеліктері тергеудің ашық құжаттарындағы мәліметтерге негізделген. Автордың анықтамасы бойынша бұл ақынға деген құрмет, оның шығармашылығына деген алғыс. Оның үстіне атауының өзі жұртты елең еткізеді емес пе?! Бұл – саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Мағжанның да, Мағжан өмір сүрген уақыттың да соты. Мағжан Жұмабаев – қазақ халқының асыл перзенті, ол үшін туған жерінің түтіні де ыстық. Виктор Григорьевич пьесаны үлкен ынтамен жазғанын аңғаруға болады, – дейді пьесаның көркемдік жетекшісі Тимур Кәрімжанов.
Қойылымды тамашалап отырғанда Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына басымдық берілгенін аңғаруға болады. Өмірі өлеңмен өрілген ақын жайлы пьесаның басқаша жазылуы мүмкін емес. Ақынның жалынды жырын оқығанда кеудеде намыс қайнап, көзіңде от ойнаса, бірде сыршыл ақынның тұнық ойына сөзсіз иланасың. Осының барлығын сахна төрінен көрген кезде осыған дейін білгеніңді өзгеше қабылдайсың, ерекше сезімге бөленесің. Болашаққа жетер сөз – Мағжанның жыры болғандықтан, мәңгілік өлеңнің арқауы болған күйініш пен сүйініш те мәңгілік тақырып емес пе?
Осы идеяны дөп басып, ұлттың ұлы перзентін өзге қырынан таныстырған “Мағжан соты” пьесасы 2008 жылы Алматыда өткен Орталық Азия елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалінде “Тарихи тұлғаны сахнада жарқын бейнелегені үшін” аталымы бойынша жүлделі болғанын ескерсек, мазмұнды спектакльдің әлі де сахналарына сенім мол.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.