«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ойлауды үйрететін ойын

Бектұрған Лақадыл

 turgan_bek84@mail.ru

Қазір еңбектеген сәбиден, егде тартқан қарияға дейін телефонға құмар боп кеткені өтірік емес. Балалардың ермегі – түрлі ойындар. Салдарынан бесіктен белі шықпай жатып көз жанарлары нашарлап, көзілдірік тағып жүргендері қаншама? Омыртқаның қисаюы, мінез-құлықтың бұзылуы сынды сырқаттардың да – себебі сол. Тығырықтан шығар жол қайсы? Әрине, балаларды кішкентай кезінен спорттық үйірмелерге беру, соның ішінде ойлауды үйрететін ойын – шахматқа баулудың маңызы зор.

Кей ата-аналардың мүмкіндігінің жеткенінше балаларын түрлі спорт­тық үйірмелерге, жарыстарға жете­леп апарып жүргенін көріп қуанасың. Шыныққан бала шымыр болып өсе­ді. Оның үстіне спорттың қызығына елтіп, смартфоннан да алыстай бас­тайды. Балаларды мектеп табалды­рығынан бастап саламатты өмір салтына бейімдеу керек. Соның ішінде оқушылар денені шынықты­рып қана қоймай, зейін-зердені арт­тыруға көмектесетін спорт түрлерін де ұмытпағаны абзал. Бұл үшін шах­мат – таптырмас құрал.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізде шахматты дамы­ту туралы тапсырма беріп, жастар­дың сергек, озық ойлы, табанды, шы­дамды болып өсуі үшін бұл ойынның пайдалы екенін атап өткен болатын. Әлемдік деңгейдегі жарыстар да біз­дің елде жиі ұйымдастырыла баста­ды. Соның бір мысалы – жақында Ас­танада өткен классикалық шахмат­тан әлем чемпионаты. Чемпиондық атаққа ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь таласты. Жаһан жанкүйерлерінің назары Қазақ еліне ауғаны анық. Жарыстың жалпы жүлде қоры да қомақты – 2 млн. АҚШ долларын құрады. Бір қы­зығы екеуі бірін-бірі жеңе алмай, чемпиондық атақтың кімге бұйыра­ты­ны соңғы партияда ғана шешілді. Қос мықты аса сақ қимылдап, шалыс қадам жасамауға тырысып баққа­нымен, қытайлық шахматшы айла­сын асырып кетті.

Елімізде аты әлем жұртшылығы­на таныс жас шахматшылар шоғыры қалыптасып келеді. Динара Сәдуа­қасова, Жансая Әбдімәлік және Би­бісара Асаубаева – әлемдік гросс­мейс­терлер қатарында. Жаһандық жарыстарда бірнеше рет жеңімпаз атанып үлгерді. Біздің өңірімізде де ба­лаларын осы спортқа бейімдеп жүргендер аз емес. Болашақта шах­мат ресми түрде мектеп бағдарламасына енгізілетіні туралы айты­лып жүр, демек, ол дәріс ретінде өтсе, шаршы тақтада топ жарып шығар қаракөздеріміз тіпті көп болмақ.

Оқушыларға аталмыш ойынның қыр-сырын үйретіп жүрген Альбина Айжеркенова шахматтың өсіп келе жатқан балаларға пайдасы орасан зор екенін, оның тиімді жақтарын жаттығу алдында үнемі оқушылар­дың есіне салып отыратынын айта­ды. Бұған дейін М.Қозыбаев атында­ғы Солтүстік Қазақстан универси­те­тінде ұстаздық қызмет атқарған ол – қазіргі таңда Петропавлдағы Оқу­шылар сарайындағы шахмат үйір­месінің жетекшісі. 18 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі ұстаз 5-8 жастағы балаларға шахматтан дәріс бе­реді. Өзі де бұл спортқа бала кезінен қызыққан екен. Ата-анасына “Жаңа жылға сыйлыққа шахмат алып беріңдерші!” деп өтінгенін айтады.

Шахмат логикалық ойлауды да­мытып, математикалық қабілетті шыңдайды. Мінез-құлықты қалыптастырып, табанды, шыдамды болып өсуге септеседі, алдағы жұ­мысты жоспарлауға да оң әсерін ти­гізеді. Спорттың бұл түрімен айна­лысатын оқушылар тәртіпті, ұқыпты, жинақы, жауапкершілікті сезініп өседі екен.

– Шахматта жеңіске жету үшін, ең алдымен, бірнеше жүрісті алдын ала ойластырып алу шарт. Менің то­бымдағы балалардың дені – 5-8 жастағылар. Ересек балалар да бар, оларға күрделі тапсырмалар беремін. Комбинациялық жүрісті үйрене­ді. Қарсыласы не ойлап тұрғанын жылдам аңғаруы керек. Ойынды жоспарлау үшін балаларға бірнеше оңай дебюттерді көрсету керек. Ойынның басы, ортасы және соңы болады. Әрқайсысының өзіндік атаулары бар. Бұрын мектепте оқып жүргенде дене шынықтырудан са­бақ беретін мұғаліміміз Анатолый Каров шахмат ойындарының комбинацияларын тақтаға жазып түсінд­іретін, – дейді Альбина Айжерке­нова.

Шахмат партиясының бес минут­тың ішінде мәреге жететін түрі – блиц, ойнауға 15 минут уақыт жұм­салатын түрі – рапид, одан кейінгісі классикалық шахмат деп аталады. Соңғысында ойлануға бір сағаттан артық мүмкіндік беріледі.

Шахмат спорты облысымызда дұрыс бағытта дамып келеді. Оқу­шылар сарайындағы үйірмеден бө­лек, “Барс” балалар мен жасөспі­рімдер спорт мектебінде және орта білім беру ошақтарының көбінде ар­найы шахмат секциялары ашылған. Жарыстар да жиі өтіп тұрады. Оған аудан, ауылдардан да оқушылар қа­тысады. Жақында банк қызметкер­лерінің ұйымдастыруымен 14 жасқа дейінгі балалар арасында шахмат­тан жарыс ұйымдастырылып, оған балабақшадан да бүлдіршіндер қатысыпты. Альбина Амангелдіқызы баланы үш жастан бастап шахматқа бейімдеуге болатынын айтады. Ал бес жасында толық партия ойнауға дайын болып шығады екен.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp