Жергілікті “Туған жер” би ансамблі Оңтүстік Корея елінің Пусан қаласында өткен халықаралық би фестиваліне қатысып қайтты. Кореядағы ең танымал Хауэндэ жағажайында би билеп, ерекше әсер алған жерлестеріміз өз қуаныштарымен бөлісті.
– Бұл өте қызықты сапар болды. Маған қатты ұнады. Өзге ұлттың бишілерімен өнер жайлы емен-жарқын әңгімелестік. Олар өз тәжірибелері мен жеткен жетістіктері туралы айтып берді. Сахнаға шықпас бұрын ағылшын тілінде сөйлесіп, бір-бірімізге сәттілік тіледік. Елге қайтар жол қиындау болды. Себебі барлығымыз шаршаған болуымыз керек. Дегенмен шығармашылық шабыт пен тәжірибе жинап қайттық, – дейді “Туған жер” би ансамблінің бишісі Виктор Романенко.
Қатысушылардың дені заманауи үлгідегі би қойылымын қойған. Көрермендер жерлестеріміздің қазақы оюмен өрнектелген киім үлгісіне таңданыс білдіріпті. Әсіресе “Қара жорға” туындысы шетелдіктердің көңілінен шыққан. Ашық аспан астында бишілер тоқтамастан 15 минут өнер көрсетіпті. Өнерпаздар би арқылы қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін көрсетуге тырысқан.
– Корей елі бізді жылы қарсы алды. Фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастырыпты. Біздің өнерімізге қатысты жақсы пікірлер айтылды. Біз қазақ халқының бай рухани мұрасын би тілімен жеткізу үшін барымызды салдық, – дейді “Туған жер” би ансамблінің балетмейстері Самат Жұмажанов.
Бұл “Туған жер” би ансамблінің шетелге шыққан алғашқы сапары емес. Бұған дейін Түркия, Словения, Хорватия мен Өзбекстан елдерінде өнер көрсеткен. “Туған жер” Пусандағы халықаралық фестивальға Қазақстаннан барған жалғыз ансамбль болғанын айта кеткен жөн.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.