Қоғамның ұстыны болып, кейінгі буынға бағыт беретін басты тұлға – мұғалім. Ұлттың болашағы ұстаздарымыздың мектеп қабырғасында берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Ұрпақ тәрбиесіне баса мән берген Алаш арысы Мағжан Жұмабаев өзінің “Педагогика” еңбегінде “Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер”, – дей келе, осынау “ауыр өнерді” меңгеру үшін мұғалімнің жалаң тәжірибеге ғана сүйенбей, өз саласын терең зерттеп, талмай оқуы керектігін айтады.
Бүгінгі заман ұлт тәрбиесінің тұтқасын ұстайтын ұстаздың жан-жақты, ізденімпаз, жаңашыл болуын талап етеді. Бәсекеге қабілетті осындай мамандарға деген қажеттілік жоғары оқу орындарына да үлкен міндет жүктеп отыр. Осы жолда өңіріміздің ғылыми, мәдени орталығына айналған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болашақ мұғалімдерді даярлау бағытында бірқатар игі шаралар жүзеге асып келеді. Әсіресе оқу орнының “Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасының соңғы жылдардағы қол жеткізген жетістіктері көңіл қуантады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерін даярлайтын кафедрада бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінен келген жастар білім алуда. Кафедра меңгерушісі PhD докторы, доцент Гүлмира Мұхамеджанова басшылық ететін ұжым болашақ мұғалімдерге тіліміздің тереңін танытып, қарасөздің қадірін ұғындырып келеді. Білікті және білімді ұстаздар құрамында филология ғылымдарының кандидаттары, профессор Жанбай Қадыров, профессор Жанар Таласпаева, доцент Гүлбарам Хамзина, ғылым магистрлері аға оқытушы Гүлфайраз Синбаева, аға оқытушы Жазира Көкбас жоғары білімнің талаптарына сай өз пәндерін жетік меңгеріп, ғылым әлеміне бойлап, шәкірттерге де жаңа дағдыларды дамытуда еңбек етуде. Бәсекеге қабілетті маман даярлап шығару – қарашаңырақтың айнымас мақсаты.
Мұғалімнің ең негізгі тірегі – білімі. Тек біліміне сүйенген адам ғана өз мамандығының биігін бағындырады. Соған сай біз де жастардың озық біліміне басымдық беріп келеміз. Бұған – мамандық студенттерінің жоғары оқу үлгерімі, басым бөлігінің “жақсы”, “өте жақсы” бағаға оқып келе жатқаны дәлел. Аталған мамандыққа мемлекеттік грант та жыл сайын жеткілікті мөлшерде бөлінуде. Бұдан бөлек, талапкерлерге облыс әкімінің гранты, ректордың гранты, академик М.Қозыбаев атындағы гранттар мен оқу ақысын төлеуде біршама жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар студенттердің кәсіби тәжірибе жинауына да қажетті жағдайлар жасалған. Жастарымыз облыс орталығындағы іргелі білім ордаларында тәжірибеден өтіп, кәсіби қабілеттерін дамытуда.
Кәсіби маман даярлауда университеттердегі тәрбие жұмысының да маңызы зор екені даусыз. Кейінгі буынның бойына асыл қасиеттерімізді сіңіріп, мәдени, қоғамдық шараларға жұмылдыру ісі де жолға қойылған. Жыл басынан бері осы бағытта ондаған әдеби кеш, конференция, кездесу, байқаулар ұйымдастырылды. Олардың көпшілігі биыл мерейтойы тойланып жатқан белгілі қаламгерлердің шығармашылығына арналды. Мәселен, Қожаберген жырау Толыбайұлының туғанына 360 жыл толуына орай “Дауылпаз баба” атты мақалалар сайысы, Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай “Неге екенін білмеймін, сол елімді сүйемін…” атты әдеби-поэзиялық кеш, Мұхтар Шахановтың 80 жасқа толған мерейтойы қарсаңында өткен “Өлең – менің өмірімнің айнасы” сынды шаралар дарынды студенттер бас қосқан жиындарға ұласып жатты. Республика күні, Тәуелсіздік мерекесі, Алғыс айту күні, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні сынды маңызды оқиғалар да атаусыз қалған жоқ. Кафедраның ерікті жастары “Қамқорлық”, “Көршіңе көмектес”, “Мейірімділік пен құрмет күні”, “Мен таза сессияны қолдаймын”, “Балаларға қуаныш сыйла” сияқты қайырымдылық акцияларына ұйытқы болып, көпбалалы отбасыларға, отбасылық үлгідегі балалар үйіне қол ұшын созып, үлгілі істерімен елдің алғысына бөленіп жүр. Сонымен қатар, жыл бойына қоғам қайраткерлерімен кездесулер, патриоттық, құқықтық сипаттағы шаралар үздіксіз өтіп тұрады.
Биыл кафедра оқытушыларының бастамасымен қазақ халқының рухани мәдениетінің айтулы тұлғасы, бүкіл түркі әлеміне мәшһүр болған ұлт мақтанышы Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай университетішілік Мағжан оқулары өтті. Байқауға 30-дан астам дарынды жас қатысып, ақын рухына тағзым етті. Байқау барысында алдағы уақытта сайыстың ауқымын кеңейтіп, жоғары деңгейде өткізу жайы талқыланды. Кафедра қабырғасында жұмыс істейтін “Шұғыла” жас ақындар ұйымының мүшелері де әдеби шаралар, жыр кештерін ұдайы ұйымдастырып тұрады. Аталған ұйым аясында әдебиетке, жырға құмар жастар жиі бас қосып, тырнақалды өлеңдерін оқып, рухани әңгіме өрбітіп, поэзия төңірегінде пікір алмасады.
Бір жыл ішінде студенттеріміз бірталай белестерді бағындырды. Білімді, өнерлі жастар облыстық, республикалық додаларда өңір намысын сәтті қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді. Солардың ішінде “Ділмар” республикалық шешендік өнер байқауында топ жарған Күлай Қалиханова мен Нұрай Қалиханова, ТМД-ның үздік студенті байқауында 3-орынды иеленген Мадияр Молдабек, З.Сәнікке арналған республикалық ғылыми мақалалар байқауында бас жүлде иеленген Аружан Тоқанова, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы А.Қыраубаеваның шығармашылық мұрасын зерделеуге арналған республикалық ғылыми жобалар байқауында жүлделі орындарды еншілеген Динара Абжалова, Аяжан Жайимбаева, Перизат Маматқұлова сияқты жастарды ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар студенттеріміз өзге де қалалық, облыстық байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп, қаладағы музей, театр, кітапханаларда өтетін шараларға белсенді қатысады. Мұның бәрі – кафедра оқытушыларының тынымсыз еңбегі мен белсенді жастардың өзара тығыз байланыстағы үздіксіз ізденісінің нәтижесі.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған соңғы Жолдауында еліміздің басты байлығы – білімді жастар екенін атап өтіп, “Адал еңбек, озық білім және үздік тәжірибе әрдайым жоғары бағаланатындығына” айрықша назар аударды. Біздің түлектеріміз бүгінде еліміз бен алыс-жақын шетелдерде жемісті еңбек етіп, білім беру, ғылым, мәдениет, мемлекеттік қызмет, ақпарат құралдары салаларының тізгінін ұстап отыр. Білім алушылардың да келешекте ұлт руханияты мен тілімізге қызмет етіп, өз ісінің шеберіне айналып, майталман маман атанарына сенім мол.
Жанар ҚҰЛЫБЕКОВА,
Меңдіқыз ЕСМАТОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың доценттері.