Қазір республика көлемінде “Tulga Bol” жылжымалы жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында түлектерді және жастарды жұмыспен қамтуға арналған жәрмеңке біздің өңірде де ұйымдастырылды.
Жастарды әлеуметтендіруге бағытталған шара әрбір аудан, қалада халық көп шоғырланған орындарда жастар ресурстық орталықтары және арнайы кеңес беруші мамандардың қатысуымен өтіп жатыр. Оның аясында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша кеңес беріледі, құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі, жастарға және жас отбасыларға тұрғын үй алу мүмкіндігі түсіндіріледі, кәсіпкерлік негіздері бойынша ақпарат айтылады.
Жәрмеңке ұйымдастырушыларының айтуынша, қазір өңірде жас мамандар тапшы. Ал жастарды лайықты жұмыстан бөлек баспана мәселесі толғандырады.
– Қазіргі уақытта жастармен кездесулер өткізіліп жатыр. Олар көп ақпараттан бейхабар. Біреуінің оқудан, екіншісінің жұмыстан қолы босамайды, теледидар қарамайды, газет оқымайды. Сондықтан елде жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалардан бейхабар. Жастар арасында пайдалы ақпараттарды тарату үшін әлеуметтік желідегі белсенділікті арттыру керек. Әлеуметтік желілерде де бос жұмыс орындары жайлы ақпарат аз, – дейді қоғамдық даму және ақпарат орталығының бөлім нұсқаушысы Сәлімхан Сәбитов.
Республикалық “Tulga Bol” жылжымалы жәрмеңкесі бір айға жалғасады. Шара өңіріміздің барлық ауданын қамтиды. Кейін консультация алған жастарға шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.
Нұрай ЕСІЛБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.