Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы 2023-2024 оқу жылына отандық жоғары оқу орындардарына түсуге арналған ҰБТ-ның шекті ұпайларын жариялады.
Министрліктің шекті ұпайлары өзгерген жоқ. “Құқық” жəне “Педагогикалық ғылымдар” білім беру салалары үшін кемінде 75 балл, “Денсаулық сақтау жəне əлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)” бағыты үшін кемінде 70 балл, “Ауыл шаруашылығы жəне биоресурстар”, “Ветеринария” салалары үшін кемінде 60 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 50 балл жинау керек. Əр пəн бойынша шекті балл – 5.
Сонымен қатар 2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде жоғары оқу орындары ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның өз шекті балдарын белгілеуге құқылы. Ұлттық тестілеу орталығы жыл сайын талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында еліміздің барлық жоғары оқу орнының шекті балдарын ортақ тізімде ұсынады. Бұл деректер оқу орындарының веб-сайттарында да қолжетімді.
– Мысалы, бір түлек Математика пəнінің мұғалімі болғысы келеді делік. Ол ҰБТ-да жинаған 80 балымен грант конкурсына немесе Еуразия ұлттық университетінің ақылы бөліміне тапсырғысы келеді. Өздеріңіз білетіндей, “Педагогикалық ғылымдарға” шекті балл кемінде – 75 балл, ал ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл. Түлектің жинаған балы оқуға қабылдау үшін жетіп тұр. Алайда бұл университеттегі оның оқығысы келетін мамандыққа шекті балл 90-нан басталады. Демек түлекке 80-нен төмен шекті балдары бар басқа университетті іздеу керек. Сондықтан оқуға құжаттарды тапсырар алдында талапкерлер жоғары оқу орындарының шекті балдарын білуге тиіс, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
2023-2024 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі жақын уақытта жарияланады.
Әсет ҚАНАФИН.