«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сертке берік бол, сардар!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығының басты алаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясының түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Салтанатты жиынға Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжанов, облыс әкімі Айдарбек Сапаров, Ішкі істер министрінің орынбасары-Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов және Тәжікстан Республикасы ішкі әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Сухроб Орзу Рауфзода қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы қаулысымен Петропавл қаласында алғаш рет Жоғары әскери училище құрылғаны белгілі. Содан бері оқу орнының дәрежесі училищеден академияға дейін көтеріліп, өз жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде аталмыш оқу орны офицерлік кадрларды даярлауда ерекше маңызға ие. Он кафедрада сегіз мамандық бойынша офицерлер даярланады. Академияда жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру факультеті жұмыс істейді. Осындай даму жолынан өткен оқу орнынан биыл жас офицерлердің 23-ші легі түлеп ұшты. Оқу орнын 186 курсант аяқтады. 176-сы – Қазақстан Республикасының, 10-ы – Тәжікстан Республикасының азаматы. Жас офицерлердің арасында оқуды үздік тамамдаған 12 түлектің төртеуі – Өмір Тілеген, Ерболат Керімбеков, Әділет Жайсанбаев және Ердәулет Жанғали 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен еліміздің Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Марат Ахметжановтың қолынан лейтенант шенін алғанын айта кеткен жөн.

– Ел тарихында жауынгерлер мен батырларымыз намыс пен айбардың, ерлік пен батылдықтың үлгісі болған. Отан қорғау – қасиетті парыз әрі мәртебелі міндет. Бүгін де антқа адал, сертке берік әскерлер бабаларымыздың дара жолын жалғастырып келеді. Академияның түлектері кең-байтақ еліміздің әскери бөлімдерінде қызмет атқарып жүр. Туған жеріміздің тыныштығын қорғап, қамтамасыз етуге зор үлестерін қосуда. Сіздерге де Отанымызды қорғау жолында мол табыс пен қайрат-жігер тілеймін, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Салтанатты шарада курсанттар еліміздің Әнұранын орындады. Беріле шырқағандары сондай, ел мен жерді қорғау асыл парыздары екенін сездіргендей болды. Бұдан кейін офицерлік вальс билеп, академияның жауынгерлік туымен қоштасу салтанатын өткізді. Бұл құрмет оқу орнын үздік бітірген лейтенант Санжар Шымкентбайға бұйырды. Шараның ресми бөлімі концертік бағдарламаға ұласып, жас офицерлер мен ата-аналарының қуанышы орталық алаңды думанға бөледі.

Академияның алғашқы түлектері қазіргі күні әскери бөлімдерді басқарады, кейбіреулері бас қолбасшылықта және аймақтық штабтарда басшылық қызметтерде міндеттерін абыроймен өтеуде. Оқу орнында ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға баса назар аударылады. Сондықтан жыл сайын оқытушылар қатарын магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алған мамандар толықтырады.

Айшагүл ӘШІМОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp