Қызылжар – аққайыңдар өлкесі. Қазіргі таңда елімізде орманды алқапты сақтауға қатысты түйткілді мәселелер бар екені жасырын емес. Әсіресе жыл өткен сайын жасыл желектің азайып бара жатқаны мамандарды ғана емес тұрғындарды да алаңдатып отыр. Осы ретте елімізде “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Жоба аясында екі жылдың ішінде елде 400 млн.-нан астам көшет отырғызылмақ. Соңғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 млрд. түп ағаш егуді тапсырды. Президент іске немқұрайлы қарауға болмайтынын, ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, ормандарға кәсіби талдау жүргізу қажеттігін айтты.
Табиғаттың берген бұл сыйын аялау, қорғау, күтіп-баптауда орманшылардың еңбегі ерен. Есіл ауданындағы орманшылар табиғат байлығын молайтып, орманды алқапты кеңейту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарып жатыр. Қазір ауданда аумағы 3 гектардай тәлімбақ бар. Биыл көктемде қызметкерлер бақтың бір бөлігіне қарағай тұқымын еккен. Тұқымдар тамыр жайыпты. Енді екі жылдан кейін көшеттер пайда болады. Олар өртенген және кесілген ормандардың орнына егіледі.
– Қазір тәлімбақтың бір бөлігінде екі жылдық 360 мың түп қайың көшеті өсіп тұр. Біз оларды күзде қазып алып, өртенген ағаштардың орнына егеміз. Есіл орман шаруашылығының жалпы ауданы 32 мың гектарды құрайды. Биыл 347 гектарға көшет екпекшіміз. Есіл ауданында барлығы – 24 орманшы қызмет етеді, – дейді Есіл орман шаруашылығының бас инженері Олег Девятайкин.
Ағаш бір жылда өсіп-жетілмейді. Оның бой түзеп, жапырағы жайқалған мәуелі ағашқа айналуы үшін бірнеше жыл керек. Сондықтан орманшылар тұрғындарды табиғатты аялауға шақырады.
Ақбота ҚАБДҰЛМӘЖІТ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.