«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨШПЕНДІЛЕР ТАРИХЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз қазір Жаңа Қазақстан құру жолындамыз. Ол үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақтың тәрбиесін мықтап қолға алу керек. Тәрбиенің негізі – кітапта жатқанын ұғыну маңызды.

Жақында Ілияс Есенберлиннің үш кітаптан тұратын “Көшпенділер” атты тарихи эпопеясын тағы бір мәрте оқып шықтым. “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде қызмет еткендіктен де, қазақтың ең ұлы хандарының бірі – Абылайдың ғұмырдариясын әлі күнге зерттеп келемін. Бұл – партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған шағында дүниеге келген шығарма. Трилогия “Алмас қылыш”, “Жанталас”, “Қаһар” деген бөлімдерден тұрады. “Көшпенділер” трилогиясында бес ғасырлық оқиға, яғни XV-XIX ғасыр аралығындағы Қазақ хандығының кезеңі суреттеледі.

Шығарма кейіпкерлері, негізінен, тарихи тұлғалар, Шыңғыс хан дәуірінен басталып, Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстау тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы – ақын-жыраулар, ел мен жер үшін, ұрпақ болашағы үшін жан аямай шайқасып, Отанын қорғай білген батырлар. Бұлар – ел есінде аттары жатталып, тарихта қалған, өмірде болған тұлғалар.

Трилогияны оқып отырып, егемендік алу ісіне біздің бабаларымыз – Әбілқайыр, Абылай, Кенесары хандар, Наурызбай, Қобыланды, Бөгенбай батырлар, Төле би, Асанқайғы, Бұқар жырау сынды даналар қаншалықты зор үлес қосқанын ерекше түйсініп, пайымдайсың.

Ілияс Есенберлин тарихшы болмаса да, архив деректерін пайдалануға мүмкіндігі болды. Әрине, көркем шығармадағы деректердің барлығы дерлік шындыққа жанасады деп айта алмаймыз. Мысалы, ханды тәрбиелеп өсірген Оразды Абылай өлтірген деген әңгіме бар, бұл ешқандай шындыққа сай келмейді. Өзі үшін жанын қиып, етектен қан кешіп, Үргеніштегі қырғыннан алып қашып келген қамқорын, ақылшысын Әбілмансұр қалай өлтіреді? Бұл – жазушының күшті образ жасау мақсатынан шыққан жорамалы. Көркем әдебиетте бұл қалыпты саналады. Ораз жасы жетіп, Көкшетауда, хан ордасы атанған Қызылағаштан 15 шақырым жерде өз ауылында, бала-шағасының алдында қайтыс болады. Ертеде ол жер “Оразбұлақ”, “Аталықтың ауылы” аталған екен, қазіргі уақытта “Қарабауыр” деп аталады. Бурабайдан тым алыс емес, таудың теріскей жағынан 20-25 шақырым жерде. Абылайдың тұқымы “Бабамның ауылы”, “Бабамның жұрағаты” деп аса қастерлесе керек.

“Көшпенділер” шығармасындағы бірқатар деректер Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов жазған “Сұлтанмамет сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр” монографиясымен сәйкес келеді. Бұл туындыдан Сұлтанмамет сұлтанның қазақ жерінің аумақтық тұтастығын сақтап қалуға қосқан үлесін білуге болады. Сұлтанмамет сұлтан тарихта Сұлтанбет деген атпен белгілі. Ол Абылай ханның немере ағасы. Абылай сұлтан атығай-қарауыл, керей-уақ, қанжығалы руларын, Сұлтанбет ол тұста Ертіс бойы өңірін басқарған. 1710-1799 жылдар аралығында өмір сүрген тарихи тұлға Қазақ хандығы мен Ресей арасында дипломатиялық қарым-қатынасты орнатуда сүбелі үлес қосқан.

Бауыржан ЖҮНІСОВ,

“Абылай хан резиденциясы” музей-кешені тарихи-ғылыми зерттеу бөлімнің меңгерушісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp