«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАБИҒАТПЕН ҮНДЕС АҚЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде жерлесіміз, халық ақыны, айтыскер, импровизатор, саналы ғұмырының біраз жылын орман шаруашылығы саласына арнаған Ахметжан Нұртазиннің туғанына 115 жыл толуына орай “Ақ қайыңдар жыршысы” атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері табиғатпен үндес ақынның өмірі мен шығармашылығына терең бойлады.

Сазгер, тіл жанашыры Дәстен Баймұқанов Ахметжан Нұртазиннің ақындық қырына жан-жақты тоқта­лып, “Полковник қызы” поэмасының тарихына қатысты құнды мәлімет­термен бөлісті. Көктерек ауылының тумасы Абылай Балтабаев мерей­той иесінің көзі тірісінде Қызылжар табиғаты мен қазақ өлеңінің өрістеуі үшін қандай игі істер атқарғанын, атақ-дәрежесін, елге жаққан қадір-қасиеттерін жіпке тізгендей жеткізді. “Полковник қызы” поэмасының жа­зылуына куәгер болған ақ жаулықты әже Әсима Ахметова полковниктің қызымен бірге өткізген 15 күнін есіне алды.

“Біздің өңірдің топырағы киелі ғой. Олай деуіміздің бір себебі, Қы­зылжардан небір дүлдүлдер, айту­лы ақындар, дауылпаздар шыққан. Олардың атқарған еңбектері елдің аузында. Ахметжан Нұртазиннің де өмірі мен шығармашылығын жергі­лікті жұртшылық жадында сақтап ке­леді. Ол айтыс өнерінің да­муына зор үлес қосқан Игібай Әлі­баев, Темірғали Қасенов, Уахит Те­мірбеков сияқты ақындардың алғы шебінде жүрді, – деді аудандық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы Тұрар Оразалин.

Қазақстан Журналистер одағы­ның мүшесі Қойшыбай Шәниев айтқан естелікті жиналғандар ұйып тыңдады. Кештің сәнін Дәулеткерей Қожамбетов ән шашуымен келтірсе, Дәстен Баймұқанов туған жерге де­ген сағынышын домбыра арқылы жет­кізді.

Ақын Ахметжан Нұртазин ар­тына өшпес із, өнегелі өлең қалдырып кетті. Оның өз қолымен өсірген қалың орман, тоғайлары, жүрегінен шыққан жырлары жерлестерінің жадынан өшпек емес.

Маржан ТАУШАРОВА,

Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp