«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТІЛЕГІ — САПАЛЫ ЖОЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың толғандырып жүрген мәселелерін, өтініш-тілектерін тыңдады. Ауылдағының да, қаладағының да мұңы – бір. Тозығы жеткен жолдың машақатын көріп жүрген тұрғындардың шыдамы таусылды. Айыртау ауданының тұрғыны Аманжол Басыбайдың айтуынша, ауданның 5 елді мекенінде жолдың сиқы кеткен. Көліктегі түгілі, жаяу жүргіншінің адымын тежейтін жолды ретке келтіру үшін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл бес ауылдың жолын ретке келтіретін жобаның құны – 3 млрд. теңге. Жалпы биыл аудандағы жолдарды жөндеуге облыс бюджетінен 771 млн. теңге бөлініпті. Осылайша 71 шақырым жол ретке келтіріледі.

– Ендігі аптада жаңа мердігер жұмысты бастайды. Тиісті қаржы бөлінген. Биыл Сырымбетке дейінгі жол жөнделеді. Ендігі жылдан бастап, Светлый ауылына апарар жол ретке келтіріледі. Бұл жөндеу жұмыстарын аудан әкімі мен тиісті басқарма бастығы бақылауда ұстайды, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Ал Мамлют ауданынан келген Наталья Коровинаның айтуынша, Новомихайловка ауылының 200 шақырым жолын жөндеу қажет. Тұрғындар көктем мен күз мезгілінде жол азабын тартып жүр. Елді мекендерде кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер мұндай мәселелерде көмек көрсетулері тиіс екенін атап өткен өңір басшысы Новомихайловка ауылының жолына қатысты ауданның бюджеттік өтінімі қабылданып, қарастырылатынын айтты.

Дәл осындай мәселе Аққайың ауданының тұрғыны Павел Мельниковты да толғандырып отыр. Трудовое ауылының көшелеріне қиыршықтас төсеуді сұрап келген оның мәселесін тыңдаған өңір басшысы алдағы күндері бұл өтініші орындалатынын айтты. Ал облыс орталығының тұрғыны Павел Клямердің айтуынша, Солнечный шағынауданындағы жолдың сапасы сын көтермейді. Шағынаудандағы 4 шақырым жолды және жылыту жүйесін жөндеу қажет.

– Сараптамадан өткізіп, конкурс жариялаймыз. Жоба 2 жылдық болмақ. Осы уақыт аралығында жөндеу жұмыстары толығымен аяқталуы тиіс. Жұмыстың уақтылы аяқталуы мердігерге байланысты. Егер мердігер жауапты болса, жұмыстың жартысы осы жылы атқарылады, – деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Аталған мәселеге қатысты Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев биыл облыс орталығында жылу желілерінің 9,2 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Осылайша Солнечный шағынауданының да мәселесі шешімін таппақ. Облыс әкімі қоғамдық қабылдауда көтерілген барлық мәселелерді өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Майгүл СЕЙІЛБЕК.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp