«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ ПАЙҒАМБАРЫ

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

Алты Алаштың ақиық ақыны, жерлесіміз Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай өңірімізде халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өтуде. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық сазды-драма театрының жаңа ғимаратында ұйымдастырылған халықаралық ақындар айтысына “Тұранның тұғырлы тұлғасы” деген айдар тағылды.

Өңір тұрғындары жыр барымтасына асыға жетті. Қалың көрермен театр ғимаратына симай, ақындардың өнеріне тік тұрып, қол соқты. Айтысқа Монголия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан және еліміздің әр өңірінен келген танымал жыр сүлейлері атанған 16 ақын қатысты. Жиналғандарды өңір басшысы Айдарбек Сапаров құттықтап, ақындарға сәттілік тіледі. Облыс әкімі айтыстың қара нары Жүрсін Ерманға ерекше алғыс айтып, иығына шапан жапты.

Қазылар алқасының құрамында төл өнеріміздің туын желбіреткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман бастаған есімдері қазақ халқына белгілі ел азаматтары болды. Жыр додасын айтыс өнерінің ақтаңгері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізді.

– Ұлы Мағжан – қазаққа ортақ тұлға. Туған жері – Қызылжар төрінде осындай мерейлі шаралардың ұйымдастырылып жатқанына көңіл қуанады. Айтысқа халықтың ықыласы ерекше екенін көріп отырмыз. Мемлекет басшысының бұл тойға ерекше мән беруі бекер емес. Бүгін көптен бері көрінбеген Жүрсін Ерман ағамыз да ортамыздан табылып отыр. Мерейтойға келген 16 ақын екі күн бойы Қызылжар даласын жырға бөлемек, – деді Аманжол Әлтай.

Айтысқа келген ақындардың барлығы дерлік ел жүрегінен орын алып, көзге түсіп жүрген өнер майталмандары. Айбек Қалиев, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртай сынды жыр көкжалдары бұған дейін де өңірімізде ұйымдастырылған сөз сайыстарында төбе көрсеткен. Аламанда өңір намысын Жарқын Жұпархан, Жұмабек Рахимов және Қабдолла Бейісхан қорғайды. Алғашқы күні сыннан сүрінбей өткендер келесі күні Сарытомарда болатын ақтық сында айтысады. Жыр додасы туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp